№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Өнерлі бала – өрге жүзер

Өнерлі бала – өрге жүзер


Елдің келешегі кемелді болуы – жастардың белсенді, білікті, білімді болуына тікелей байланысты. Бұл – ақиқат. Ал, олардың бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы үшін жан-жақты жағдай жасау міндеті тұр. Осының салмағын биыл сезінуіміз керек. Себебі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды – «Балалар жылы» деп жариялады.

Естеріңізде болса, 2021 жыл – «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланып, жасөспірімдердің білім қазынасынан нәр алуына мән берілсе, биыл балалардың рухани-мәдени дамуына басымдық беріліп, ағартушылық һәм спорттық тұрғыда қолдау жасалатын болады. Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде осындай салтанатты, салмақты іс-шараға куә болдық. Иә, «Бала бақыты» атты өнер фестивалі талантты, талапты өспірімдердің шығармашылығын шыңдауға негіз болды.
Фестиваль ең алдымен «Болашақ бала көзімен» атты суретшілер байқауы мен қолөнер шеберлерінің көрмесінен басталды. Сурет байқауында жеткіншектер Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған бейнелері мен қазақы ауыл көрінісі, табиғат тынысын көркемдеді. Ал, қолөнер шеберлерінің тұрмыстық жабдықтары, пейзажды картиналары мен гобелендер сән түзеді.
Сондай-ақ аудандық балалар кітапханасы жасақтаған «Балбөбектер, балалар – болашағы елімнің» атты кітап көрмесіне таңдаулы 200-ден астам кітап қойылып, «Ойдың қазығы оқу», «Даналық көпірі», «Кітап ханшайымы», «Оқымысты профессор», «Шығармашылық шатыры» сынды тақырыпта жүйеленген бұрыш көпті таңырқатты. «Білім құдығы» инсталяциясы жанында түрлі ойындар ойнатылып, сұрақтар қойылып, балаларға сыйлық үлестірілді.
Концерттік іс-шара балаларға арналған «Қошқар мен теке» қойылымымен басталды. Ертегі кейіпкерлері және жыл иесі – Барыс балалардың көңілін көтеріп, күлкіге қарқ қылды. Алдар Көсе мен Шығайбай да сахнаға шығып, кішкентай көрермендерге сыйлықтар таратты.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Руслан Рүстемұлының ақ тілегі төмендегідей өрілді.
– Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше мән беріп «Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» деп, баланың естігенін емес көргенін істейтінін алға тартты. Тарихтағы алаш қайраткерлері де жасөспірімдерге арнап бірнеше кітап жазып, бала кезден сауатын шыңдауға баса мән берген еді. Бүгінгі баланы кешегі дәстүрлі тәрбиемізді қайта жаңғырта отырып, жас ұрпақты «мен» деп емес, «біз» деп тұратын қоғамшыл рухта тәрбиелеуіміз керек. Баланың бойындағы ең ізгі қасиет – ілтипат ең бірінші Алладан, одан кейін ата-анадан беріледі. Ұл мен қыздың тәрбиесін құстың қос қанатындай етіп қатар алып, ұлт болашағы жастардың бағытын түзеп отыру біздің мұратымыз, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, бар жақсылық – бала­ларға екенін, 3 мектеп жаңа ғимаратқа көшкелі отырғанын, 2 балабақшаға бюджеттен қаржы бөлінгендігін, алдағы уақытта оқушылар үйін, қосымша білім беру орталығын кең ғимаратқа көшіру қолға алынатынын айтты.
Одан әрі марапаттауларға жал­ғасып, «Болашақ – бала көзімен» атты жас суретшілер байқауының жеңімпазры марапатталды. Олардың ішінде Ақбота Сағынтай мен Бақберген Тұрғанәлі үшінші орынды теңдей бөліссе, Інжу Сұлтанғали екінші орынды, Жұлдыз Сұлтанқызы жүлделі бірінші орынды, ал бас жүлдені түгіскендік суретші Нұрсұлу Сәдуақас еншіледі. Өзге қатысушыларға «Алғыс хат» пен арнайы сый-сияпат берілді.
Балаларға арналған іс-шарада мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрымжан Сәбитұлы сөз алып:
– Барлық жақсылық, қамқорлық балаларға арналады. Жыл бойы өтетін шараларды «Балалар жылына» бағыттаймыз. Осы фестиваль аясында өткен сурет және қолөнер шеберлерінің байқауына қатысушылардың бәріне алғысымды білдіріп, шығармашылық табыс тілеймін, – деп алдағы уақытта өткізілетін шаралардың да бұқаралық сипат алуына тілегін арнады. 
Өнер сайысында қолөнер шеберлері де елеусіз қалмады. Інжу Әбдімәлік, Даяна Темірбек, Диана Қияс, Қарақат Файзулла, Саяна Амантай, Еңлік Зайдулла, Ақмарал Қазыбекқызы, Назерке Төребекке арнайы марапатпен қатар сыйлықтар табысталды.
Фестиваль барысында өнер көр­сеткен барлық өнерпаздар мен жетекшілеріне «Алғыс хат» және сыйлықтар берілді: «Еркеназ» би тобымен жетекшісі Ажар Қаблановаға, әнші Әзизбек Тасболатов пен жетек­шісі Шәрбану Жиенбаеваға, терме орындаған Іңкәр Сейдахметова мен жетекшісі Ұлжалғас Батырхановаға, әнші Жамұр Дінмұхамедке, «Саз» домбырашылар ансамблі мен жетек­шісі Ақнұр Қалдыбаеваға, жас әнші Нұртілек Мұхамеджанға, көркемсөз оқыған Жаннетта Тасқожамен жетекшісі Айгерім Қалилаеваға, «Ша­шу» би тобы жетекшісі Балнұр Әнішбекке, әнші бүлдіршін Дильназ Дәуренқызы мен жетекшісі Құралай Әлиеваға, Ақжан Бейбіт пен жетекшісі Ұлжалғас Батырхановаға, Нұрдана Сейтхан мен жетекшісі Айгерім Қалилаеваға, Балнұр Қуандық пен жетекшісі Күндана Пірімқұлға өнерлері үшін көрермендер ыстық ықыласы мен қошеметін аямады.
Өнерлі бала – өрге жүзеді десек, осындай байқау-фестивальдер бала­лардың өнерін шыңдап, өмірге деген белсенділігін арттыратыны анық. Ендеше балаларға арналған іс-ша­ралар көбейе берсін.
Рауза ӘЗІЛХАН
20 ақпан 2022 ж. 1 803 0