№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Рух жыры – ұлт қазынасы

Рух жыры – ұлт қазынасы

Қойнауы – сырға, көмейі – жырға тұнған Жаңақорған топырағынан өнер, мәдениет саласының майталмандары көптеп шықты.  Сол қатарға Ғалымжан Омаровты жатқызуға әбден болады. Оның жанға жайлы қоңыр үні тек ауданымыздың ғана емес, Сыр елінің айтулы сахналарынан сан мәрте қалықтады. Бүгінде әннің де, жырдың да көрігін қыздырып жүрген әнші-термеші газетімізге арнайы сұхбат беріп, өнерге қатысты ойларын ортаға салды.
– әнші, жыршы-термеші Ғалымжан Омаров өнер жолына қалай түсті? Әңгімемізді осыдан бастасақ...
– Өнер Алланың сыйы деп білемін. Екін­ші жағы, текпен келетін асыл қасиет деп бі­лемін.
Анам атақты күйші Әлшекейдің жиені. Содан болса керек-ті, домбыраны алғаш қолыма ұстағанымда бойымда ерекше ша­быт оянып, екі ішекті аспапты тез мең­гердім.
Бала кезімізде радио үнемі қосулы тұратын. Үнжариядан күйлер қойылғанда мән бере тыңдап, домбыраның күмбірінен ерекше әсер алатын едім.
Біздің шаңырақтың төрінде тұра­­тын қара радиодан атақты Ж.Кәр­ме­нов, Қ.Байбосынов, Ж.Елебеков, Ғ.Құрман­ға­ли­ев, М.Ержанов, Қ.Байжанов, Қ.Баба­қов және Б.Жылқыбаевтың күйлерін тыңдай­тынмын.
Одан 9 сыныптан бастап Сүттіқұдық ауы­лында №52 мектептің интернатында жатып оқыдым. Сон­да Болат Бейсенов де­ген ағайымыз «Қаратау сазы» оркестіріне қосып, шығармашылығымды шыңдай түс­ті.
Мектепті бітіргеннен кейін қолымнан ұстап, Жетісай қаласындағы мәдени ағар­ту учиелишесіне оқуға түсіріп, өнер әлеміне бағыт-бағдар көрсетті. 
– Өнерпаздар өнерін шыңдауда Алматы шаһарына асығатыны белгілі. Сіз туған жерді таңдап, осын­да термеші ретінде та­ңыл­­дыңыз. Ор­та­лыққа барып, алаш жұртына та­ңы­­луға мүмкіндігіңіз де болды ғой! Өкін­бейсіз бе?
– Ата-бабамыз Жаңақорғанда өніп-өсіп, ұрпақ жалғап келеді. Соларға құт болған топырақта жүрудің өзі үлкен жетістік.
Халық әндерінің негізгі мазмұны – ту­ған жердің қадір-қасиетін дәріптейді. Осын­дай мазмұнды әндермен жастардың патриоттық сезімін оятып, елдік жолда адал қызмет етуде рухтандыру – менің басты арманым.
– Алғашқы еңбек жолыңыз жайлы сөз етсеңіз...
– Оқуды бітіргеннен кейін Шалхия кен­тін­дегі №86 мектепте, одан кейін Жаңақорған кентіндегі №110 мектепте ән-әуез пәнінен оқушыларға сабақ бердім.
2014 жылдан бастап Жайылма ауы­лындағы мәдениетүйінің сүйемел­деу­ші­сі болып еңбек етіп келемін.
– Өмірде, өнерде жеткен жетістік­теріңіз көп болар!
– Өмірдегі ең биік жетістігім – берекелі ша­ңырақ құрып, балаларыма тәлімді тәр­бие, саналы білім алуына күш салып келе­мін.
Ал, өнердегі жетістігім көп. Тіпті мектеп қабырғасынынан бастап түрлі байқауларға қатысып, жүлде алған грамоталар бір музейдің жүгі болады. Ең негізгілеріне тоқталсам, ұстаздық қызмет етіп жүргенде, яғни 1993 жылдан бастап Сыр өңірінің Қармақшы, Сырдария, Қазалы, Шиелі ауда­нында өткен термешілер байқауында же­ңіс тұғырынан көрініп, ауданның абыройын асырдым.
2015 жылы «Майданнан хат» атты облыстық жыршы-термешілер байқауында жүл­делі орынға, одан кейін Шәймен ақын­ның атына тігілген бас жүлдені жеңіп алдым.
– Өнердің басты құндылығы неде?
– Өнер – адамға рухани қуат сыйлайды. Мен өзімді домбырасыз елестете алмай­мын. Қолыма домбыра ұстасам, рухым шат­­танып, ерекше әсер аламын.
– Домбыраның біз білмейтін қан­дай құдіреті бар?
– Рух жыры – ұлт қазынасы десек, мұн­дай құндылықты домбырадан іздеу керек.
Домбыра – Ұлы дала елінің шежіресі.  Екі ішекті қоңыр үн­ді домбыра, бүкіл бір халықтың тір­шілік болмысын көз алдына жайып салады. Иә, мыңжылдар көшіндегі ұлттың тарихы мен мұңы, жұмбақ сырлары тұнып жатыр десеңші!
– Білуімше, сіздің жарыңыз Гүлжан Шерубаевада өнерден құр алақан емес. Артыңыздан ерген ұлыңыздың да шығармашылығына қанығып жүр­міз?
– Отбасымызбен өнерден алыс емес­піз. Жарым Гүлжан балабақшада балаларды ән­ге, өнерге баулып жүр. Алланың берген бір қыз, екі ұлымыз бар. Үлкен қызым  фармацевт мамандығын таңдады. Қазір Қызылорда тұрады. Екінші ұлым Асылжан біздің артымыздан еріп, өнер жолына аяқ басып келеді.
Ел арасындағы той-томалақтарда трио болып, халықтың көңілінен шығып жүрген жайымыз бар.
Шүкір, үйге шаршап келгенде шайы­мызды дайындап отыратын келініміз бар, тәтті қылығымен қуантатын немереміз бар.
– Аға, соңғы кездері эстрада әуендерін әуелетіп, жыр-терме таса­да қалған секілді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Адамда арман таусылмаған ғой! Қарапайым жұрт термені тыңдап отырып, оның көңілді не қайғылы екенін ажырата алмайтындығын талай байқадым. Сон­дық­тан қазір қазаққа термені, жыр өне­рін түсіндіру маңызды. Сонда ғана ата-бабадан қалған әуез құлағымызға сіңісті, жүрегімізге жұғысты болады.
Әсел РЗАЕВА
21 қараша 2021 ж. 413 0