№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Өнер – өлшем


Қойнауы – сырға, көмейі – жырға тұнған Жаңақорған топырағынан өнер, мәдениет саласының майталмандары көптеп шықты. Сондай өнерпаздардың ізін басып, өнерін жалғап жүрген талантты жастың бірі – Іңкәр Әлиасқар. Жан-жақты шыңдалған өнерпаз бүгінде Түгіскен ауылдық клуб үйінің белді мүшесі.

Іңкәрдің өнер жолын таңдауы кез­дейсоқ емес. Ол өнерпаздар от­ба­­сында туып-өсті. Мектеп қа­быр­ғасында жүргенінде домбы­ра сыныбын бітіріп, аудан­дық, об­лыстық «Бозторғай», «Күмбір­леген – күй, мың бұралған – би» және халықаралық «Тәуелсіздік – тіре­гім, теберігім» сынды өнер бай­қауларында көптің назарына ілікті.
Кәсіби білімін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің музыкалық білім бөлімінде шыңдаған жерлесіміз оқу ордасында талантымен, өнерімен дараланды. Оқу орнын бітірісімен өнердің қайнаған ортасы Манап Көкенов атындағы мәдениет үйіне жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа қабылданып, «Қаратау қазынасы» халықтық фольклорлық ансамблінде домбыра, дәстүрлі ән жанрында өнер көрсетті. Бүгінде оны өзі қуана еске алады.
– Мен үшін алғашқы еңбек ұжы­мым үлкен мектепке тең. Өнерді өмір өзегіне айналдырған майталман аға-әпкелерімнен бағыт-бағдар алып, тәлім-тәрбиесін сіңірдім. Қа­зір со­лар­дың көрсеткен жолымен келе­мін, – деді ол.
Өнер адамына үздіксіз ізденіс қажет. Өз-өзіңді күн сайын жетіл­діріп, табандылық танытпасаң бәсекеге қабі­летсіз боласың. Өнерпаз жас осыны жадынан шығарған емес.
– Өнер жолын таңдаған соң оның ыстық, суығына төзуің керек. Сонда ғана сенен нағыз өнерпаз шығады. Бойыңда табындылық пен өнерге деген ыстық ықылас болмаса бәрі бекер. Негізгі мамандығым музыка пәні мұғалімі. Домбыра мен фортепианоны меңгердім. Шәкірт тәрбиелемес бұрын өзім осы саланың қыр-сырына қанығып, жетік білуін керек. Қазір осы жолда ізденудемін, – дейді кейіпкеріміз.
Өнерпаз Абайдың: Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі содан шығады» деген ұлағатының мәнін терең түсініп, еңбектену, іздену арқылы өнердің биік шыңына жетіді мұрат етті.
Іңкәр қазіргі таңда туған ауы­лы Түгіскен ауылдық клуб үйінде сүйемелдеуші болып қыз­мет атқарады. Оның өнерін халық әлеуметтік желідегі онлайн кон­церттерден көріп, оң бағасын беріп жүр. Ол елде төтенше жағдай жарияланған кезде жұрттың еңсесін көтеру үшін өнерін ортаға салып, көңілге сергектік сыйлауда.
Абайдың 175 жылдығына орай «Ұлы даланың Абайы» атты ән байқауына «Желсіз түнде жарық ай» әнімен, соғыс ардагері Тілеу Тотаевтың 110 жылдығына арналған «Жеңіске жетелеген жырлар» атты байқауда «Смуглянка» әнімен бағын сынады.
Түгіскендегі қызметіне кіріс­кеніне көп уақыт өтпесе де ұжым­ға тез сіңісіп, өзінің қабілет-қа­рымын көр­сете бастады. Оны клуб үйінің меңгеруші Бақыткүл Тасходжаева растап: «Ән өнерін жаңаша бағытпен үндестірсе, ерек бір өнер туындайды. Міне, Іңкәр ауылымызға осындай жаңа бағытты әкелді» дейді.
Өнер – адамзаттың ішкі жан дүниесінде жасырынған көркем образ. Оны паш ете білу шын таланттының ғана қолынан келеді. Ал Іңкәрдің бойынан өнер адамына тән қайсарлық бар. Оны биікке жетелейтін де осы қасиеті.

Майра ҒАНИЕВА
21 сәуір 2020 ж. 1 242 0