Ақтөбеде Асылбековтер дуэті дараланды
Асылбековтер отбасылық дуэті Ақтөбеде өткен байқауда дараланды. Олар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов атындағы «Сәйгүлік» республикалық байқауында екінші орын алды.
Бұл отбасылық дуэттің ерекшелігі – әкелі-балалы Бақыт пен Нұрислам бірлесе өнер көрсетеді.
Нұрислам бес жасынан гитараны шертіп, қағып үйрене бастайды. 1 сыныптан бастап гитараның құлағында ойнап, репертуарына «Оригиналсың», «Алғыс», «Шай қайнат» және т.б. танымал әншілердің әнін қосады.
Бастауыш сыныпта оқып жүргенінде-ақ облыстық байқауларда шыңдалып, Жаңақорған ауданының абыройын асыра бастады. Қазір оның қоржынында ондаған облыстық және республикалық байқаудың «үздігі» деген грамотасы бар.
Ақтөбеде өткен байқауда елдің әр өңірінен келген 25 өнерпаз бақ сынайды. Бәкең мен Нұрислам «Жалған дүние» әнін орындап, әділ қазы алқасының ыстық ықыласына бөленді. Тіпті Нұрислам байқауға қатысқан жалғыз жасөспірім өнерпаз ретінде жоғары бағаланды.
– Ұлым өнерге шынайы берілген. Ол үнемі ізденіп жүреді. Домбыраны меңгеріп, халық әндерін репертуарына қосуда. Оның алар асуы алда деп сенемін, – дейді әкесі Бақыт Асылбеков.
Нұрислам Тілеухан әлеуметтік желінің жұлдызына айналды. Ол youtube каналында ондаған әнін жүктеп, үш мыңнан аса адамды тіркепті. Мәселен, Төреғали Төреәлінің «Ләңгі» әнін Нұрислам орындап, youtube-ке жүктейді. Мұны 320 мыңға жуық адам көріп, жас өнерпаздың өнерін жоғары бағалайды.
– Елге өнеріммен қызмет еткім келеді. Осы жолда талмай еңбектенемін, – дейді жас өнерпаз.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ