№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

№29 (8740) 13

13 сәуір 2024 ж.

№28 (8739) 9

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » » Жақсының ұрпағы жақсылықты іздейді

Жақсының ұрпағы жақсылықты іздейді

Кіндігі туған жермен байланған тұлға атамекеніне адал қызмет етіп бір кетігіне кірпіш болып қалануды мұрат етіп қана қоймайды, соңынан ерген ұрпағының жүрегіне де  табанын құм сүйген қасиетті топырақтың қадірін ұқтырып, қорғаны болуға жарар ұлағатты үрдіс етіп қалдыратын көрінеді. Сондай ұғымтал ұлдың бірі, көзін ашқаннан әке өнегесімен өрге ұмтылып,тал бойына талап пен еңбекті егіз қалыптастырып, қай салада жүрсе де көптің қажетіне жарап, қабағына қарап,қайткенде өркениеттің өріне өзіндік қолтаңбасын қалдыру жолында  қажырлы қызмет етіп келе жатқан туған жеріміздің түлегі, бүгінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Шыңғысбек Сұлтанбекұлымен ауданымызға келген сапарында аз-кем тілдесіп, әңгімелесудің  сәті түскен еді. Осынау тағылымды сұхбатты өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдік, қадірлі оқырман.
– Елге бұл келген сапарыңызда аудан халқының саулығы жолында қырық бес жыл тер төккен, хирург-дәрігер Сұлтанбек Әлқожаев жө­нін­де жазған «Ұрпаққа естелік» кітабыңыздың тұсауын кесіп, қалың оқырманның игілігіне ұсындыңыз.Қаламгерліктен ауылы алыс әрі сал­мағы сан салалы жауапты қызметте жүріп кітап жазуды міндетіңізге алуға не себеп болды?
– Отан отбасынан басталады демекші, әр әулеттің тарихы мен шежіресі сол әулеттің өскелең жастары мен ұрпақтары үшін қымбат. Ардақты да, абыз аталарының, ақ жаулықты мейірімді әжелерінің  өнеге-тәлімінен нәр алған ұрпақ өзінің кім екенін өресінен өткізіп, ойына тоқиды, тегін танып, туыстық тамырын таразылайды. Қазақтың басынан өткерген талай  зұлматты оқиғалар небір асылымыз бен жауҺарымыздың көзін жойып, келер толқынды тағылымды тәбәріктен құр алақан қалдырды. Ұлтын сүйген ұрпақ тәрбиесі алтын ұядан бастау алады. Ата-ана, бауыр мен қарындастың қадіріне жетпеген  елге қалқан болып жарыта  ма? Өткен күннің көмескі сәулесіне көңіл жіберіп, жүректен өткізбеген бүгіннің болмысын тани ала ма?
Естелік кітапты жазудың мехнаты әулет шежіресін зерделеп, әке өнегесіне ой жіберу арқылы әкем өмір сүрген қоғамның ақиқатын, айналасындағы ардақты замандастарының адами болмысын аңдатып,  әруақытта ар-ұжданды биік қойған ұлағат-ұстанымдары қатар өріліп, өзімді де бір өмір мектебінен өткізгендей болғанын жасырмаймын .Осы сезініп-білген бағасыз әсерімді оқырманға барынша жеткізуге тырыстым.
Бірде әкемнен Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.), Әзірет Әли, Мұхаммед-Ханафиядан бастап бабаларымыз Сайид Бурханиддин Қылышты атаға дейін тармақталып келетін шежіренің жайын сұрағанымда оның «жеті атасын білмеген жетесіз» деп білген халқымыздың ғұрпын санамда жаңғыртып, «бұлардың бәрі – сенің ата-бабаларың, сен оны міндетті түрде білуге тиіссің» деп шегелеп тұрып айтқан сөздері әлі күнге дейін есімнен кетер емес. Сол айтқан бір ауыз сөзі менің өміріме үлкен  бетбұрыс жасады. Ғылыммен айналысып, көп дүниені тереңірек зерттеп түсінуге түрткі болды.
– Есіміңіздің де Шыңғысбек деп қойылуында мән бар секілді.
– Дұрыс айтасыз. Бұл жөнінде сауалыма «Сен туылған жылы қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қазақ драматургі Қалтай Мұхамеджановпен бірлесіп жазған «Восхождение на Фудзияму» деген пьесасы шығып, ел арасында атақтары дүркіреп тұрды. Сонымен қатар жазушының «Жәмила»  повесінің желісімен көркем фильм түсіріліп,  кітаптары түрлі басылымдардан шығып, кеңінен тарап жатқан кез. Сол атақты кісінің есімін өзіңе ырым етіп қойдым, балам, – деп жауап берген еді әкем.
– Жалпы, жас баланың тәрбиесіне аса ықпал ететін факторлар ретінде өз тәжірибеңізден нені айтар едіңіз?
– Үш таған бар деп есепттеймін.  Отбасы, ұстаз, орта.
Әкем үнемі «Еңбек пен білімге талмай күш салыңдар. Жақсы маман болу үшін біліміңді арттырып отыр. Ақыл мен ілім көпке тән, бірақ сол ілімді дұрыс жолға бағыттау үшін білім керек»  дегенді жиі айтатын. Отбасында барлығымыз да әкемнің осы өсиетіне ден қойып, өте жақсы оқуға тырыстық. Өзі «Алдыңғы доңғалақ қайда жүрсе соңғысы солай бұрылары» рас та. Бірде өзімнен үлкен ағамның асығын ойнап жүріп, жоғалтып алғаныма ішім удай ашып, екі-үш күн бойы айта алмадым. Ағам, асықты уайымдама, ол маған қатты керек емес. Одан бұрын қазір менің ойымды бір кісінің айтқан сөзі мазалап жүр деді. Сөйтті де әңгімесін былай жалғады. Жаңақорған кентіндегі №169 орыс мектептің директоры – тарих пәнінің мұғалімі Тұрсынхан Тастемірұлын білесің ғой?  Ия, білемін дедім. Сол кісі менен сабақ сұрады, мен беске жауап бердім, келесі сабақта менен сұрамайды ғой деп тарих пәнінің тапсырмасын орындамай бардым. Сонда ол кісінің маған айтқан сөзі: «Надо глубоко плавать, а не на поверхности?», деді. Айтқан сөзі жүрегімнің түбіне қадалып қалды, мені сол сөз мазалап жүр, деді қамығып. Содан кейін ағамның білімге деген құлшынысы мен құштарлығы одан сайын арта түсті. Мына сөз  менің де білімге деген көзқарасымды мүлдем өзгертті. Бұл мен үшін де өмірлік сабақ болды десем болады.
Ата-ана өсиетін ақтадық. Жаңағы айтқан үлкен ағам Сәруарбек әке жолын қуып, дәрігерлік мамандықты таңдады.  Алматыдағы мемлекеттік мединститутын бітірді. «Туберкулезді  спондиялитті хирургиялық тәсілмен емдеу әдістері» тақырыбында ғылыми диссертацисын қорғады. Қазірде Қазақ ұлттық Медицина университетінде  кафелра меңгерушісі болып қызмет атқарады. Бір отбасынан үш ғылым кандидаты бармыз. Қарындасым Гүлнара доцент, техника ғылымдарының кандидаты.
– Сіздің ғылым жолына түсуіңізге не түрткі болды?
– Мектепті бітірген соң Алматы технологиялық институтына оқуға түстім. Оны бітіірген соң, яғни 1997 жылы Алматы қаласындағы  №5 нан зауытында мастер-технолог  болып еңбек жолымды бастадым. Жаппай жекешелендіру жүріп, мекемелер қысқарып жатқан кезеңде өзім жастай сүйген тарих мамандығына тереңдей түсуді мақсат етіп Қазақ ұлттық университетіне құжат тапсырдым.  Ғылыми диссертацияны  «Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы  ұлттық мәдени орталықтардың тарихы» тақырыбында қорғадым. Қазірде қосымша  Л.Гумилев атындағы Қазақ Ұлттық университетінде  «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы ретінде дәріс оқимын.
 Менің ғылыми жетекшім тарих ғылымдарының докторы, Академик Сат­тар Фазылұлымен бірге Қызылорда, Түркістан, Тараз және Алматы облыс­тарының кітапханаларында болып көптеген мәліметтер жинадық. Алматы қаласының әкімдігінде жұмыс істеп жүрген кезімде Алматы қаласы бойынша Ішкі саясат департаментінің басшысы  Болат Жүнісбекұлының және Алматы қаласы бойынша Тілдерді дамыту департаментінің басшысы Нәлібаев Жәнібек Бәкірұлының көп көмек-қолдауын сезіндім. Бұл кісілер  менің кәсіби қалыптасуыма бағыт-бағдар нұсқап, рухани және мәдени тұрғыдан  жүйелі жұмыс жасауыма негіз қалап берді десем болады.
– Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы  ғалымдар корпусы алдына қандай міндеттер қойды?
– Бағдарламаның басты шарты ретінде ұлттың өз мәдениетін, өз ұлттық кодымызды (өзіміздің ерекше ұлттық бейнемізді) сақтауды ескертіп:«Жаңа жаңғыру – бұл халықтың өткені, бүгіні және болашағының көкжиегін жалғайтын тұғырнама. Сонымен қатар, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын маңызды миссиясы болып табылады» деді.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында нақтыланғандай, ХХ ғасыр тарихы революциялық емес,  эволюциялық даму арқылы ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретінін растайды. Сонымен қатар, эволюциялық даму принципі   ретінде жеке-дара сапалы  деңгейде бағдар болуы керек. Яғни, әр адам тұлға ретінде болашақ ұрпақтарының өркендеуіне және мемлекетіміздің рухани дамуына үлкен үлес қосу  керек деп бағыт береді.  Бұл бағыт ұлттық бірегейліктің тұғырын құрайтын рухани құндылықтарды халықтың санасында нық орнықтыруға мүмкіндік береді және жат идеологиялық әсерлерге қорғаныштық тосқауыл жа­сай­ды. Осыны  жастарымызға дұрыс түсін­діре білсек, сонда келешек ұрпаққа бабаларымыз қалдырған аманатын жеткізе аламыз.
– Сонда рухани жаңғыру үшін  құр ұрандаған құрғақ сөзден гөрі әркімнің жан жүрегінде өткенге құрмет сезімін ояту мәселесі маңызды демексіз ғой?
– Солай. Рухани жадымызды жаңғырту арқылы бүгіннің бағдарын бекем түзіп, келешегімізге негіз қалаймыз. Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз осы. Бұл қасиетті қағиданы өз өмірімдегі мысалмен  тарқатып көрейін.
Осы бағдарлама аясында әрі әке аманатын орындауды парыз етіп, кешегі қанды қырғынға қатысып, майдан даласынан оралмаған әкемнің ең үлкен ағалары Айтжан Әбубашарұлының дерегімен іздеу салып, бір уыс топырағын туған жерге әкеліп қоюға белді бекем буынып кірістім.
– Бұл мақсатыңызға жете ал­ды­ң­ы­з ба? Оқырмандарға толы­ғырақ әңгімелеп берсеңіз...
– Әлқожаұлы Әбубашар атамыздың үлкен баласы Айтжан көкемізсоғыс басталғанда 18-де болған екен. Ауылда жүргенінде әкесі ауылсовет болғасын жайбарақат жүр деген елдің қаңқуы құлағына тиіп намыс жеңдеп, бір күнде Жаңақорғандағы военкоматқа барып өз еркімен майданға аттаныпты.
1942 жылы 25 тамызында 18 гвар­дия­лық атқыштар полкы, 9 гвардиялық атқыштар дивизиясының миномет командиры – сер­жант болып тағайындалады. Сол жылы қараша айының 27 жұлдызында Великолук шайқасында Псков қаласының жанында қаза болады.
2017 жылы Ұлы жеңіс күніне 72 жыл болуына орай әкем Ресей Федерациясы, Қорғаныс министрлігінің жанындағы Орталық архивына хат жазды. Осы хатқа РФ, Псков облысы, Великолук ауданы, Переслегинск болысы, Марково деревнясында жерленгені туралы РФ Қорғаныс министрлігінің берген дерегінің ізімен хат келген болатын. Осы істі мен жалғастырып, 2018 жылы Ресей федерациясы, Псков облысы, Великолук ауданының басшысы С.Петровқа хат жаздым. Хатымда Айтжан бабамның жатқан жеріне туған елдің топырағын алып бармақ болған мақсатымды жеткіздім. Великолук ауданының басшылары күтіп алатындарын және Айтжан Әбубашарұлының атын сержанттар обелисккіне жазып қоятыны туралы мәлімдеді. Содан кейін бір жыл өткен соң хабарласып, ескерткіш тақтаға жазып қойғанын айтып, суреттерін жіберді. Осыдан кейін 2020 жылы әкемізді алып сол жерге барып келейік деп шештік.Өз тарапымыздан да шағын құлпытас жасатып, басына қоюға ол жақтан рұхсатын алып, әні-міне шығамыз деп отырғанымызда карантин таалаптары басталып Ресеймен Қазақстан  шекарасы жабылды. Ал 2020 жылғы 2 қыркүйекте әкеміз жарық дүниеден өтті, Әке аманатын арқаланып ол кісінің  жылдық асын өткізген соң мен туған інім Фараббекпен бірге кеше, тамыздың жиырма сегізінде Ресей Федерациясына аттанып кеттік. Барып келуіміз жеті күнге созылды, Ресейдің республика дәрежесі бар үш  аймағынан (Башкирия, Татарстан, Чувашия), бес облысынан (Челябинск, Владимирская, Московская, Тверская и Псковская) және Мәскеуден өттік. Сөйтіп 9668 шақырымды басып өтіп РФ, Псков облысы, Великолуки ауданы, Переслигинск болысы, Марково  қыстағы мен Жаңақорған ауданы Қожакент ауылының арасын жалғадық.
Жалпы болыста халық саны 5486 құрайды екен. Тұрғылықты халықтың 90 пайызы орыстар екен. Бізді  Великолук ауданы басшысының кеңесшісі  Анатолий Грьгорьевич Смирнов        және «Переслегин болысы» ауылдық елді мекенінің басшысы Васьягина Ольга Анатольева күтіп алды.
Бұл кісілердің айтуынша Великолук ауданында 31-ге жуық Бауырластар зираты бар. Онда Қызыл Армияның 16516 жауынгері мен офицерлерінің мүрдесі жинап алынып, жерленген. Псков облысы бойынша 146-ға жуық б әскери бауырластық бейіттері  бар. Олардыңбарлығы мемлекеттің  қарауында және зиян келтірген адамдар Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес қылмыстық, әкімшілік және басқа жауапкершілікке тартылатынын  жеткізді.
Ал «Переслегин болысы» бойынша осындай 9-ға жуық бауырластық әскери жерлеу орындары бар, сонымен қатар елдімекен басшысының айтуынша, неміс-фашист басқыншылары екі ауылдағы 361-ге жуық тұрғынын бала-шағасымен бірге тірідей өртеп жіберген.
Біздің атамыз Әлқожаев Айтжан Әбубашарұлының денесі жерленген Марково (урочище) шатқалындағы Жаппай әскери қабірде 1561 адамның сүйегі жатыр екен. Олар 1941 жылмен 1943 жылдары осы жерлерді неміс-фашист басқыншылардан босатамыз деп шейіт болғандар. Соғыс біткен соң, 1946 жылдан 1950 жылға дейін қасында орналасқан Алексейково, Асташково, Горушка, Кобылино, Касьяново, Лахны, Марково, Тележниково, Федьково және Шелково ауылдарда жатқан жаппай әскери сүйектерді әкеліп бір жерге жерлеу рәсімі жүргізілген екен.
Жаңақорғанда туып, сүйегі жат жерде қалған бауырымыз мәңгі дамылдаған мекенге табанымыз тигенде тұла бойымыз тебіреніп, осы күнді көру әкемізге нәсіп болмаған өкініш өзегімізді өртеп, басына тағзым етіп, дұғамызды бағыштап,  орамалға түйген топырақты аялай ұстап ауылымызға оралдық. Елге келген соң  2021 жылғы 12 қыркүйекте «Қожакент» ауылына жетпей, тас жолдың оң бет жағында орналасқан «Көктас» аулиеде әруақтың рухына құран бағышталып ас беріліп,  марқұм жатқан жерден әкелінген топырақ Әлқожаұлы Башар мен Уытбақызы Күнторы анасының қасына орнатылды және Айтжан көкемізге арнап құран – қатым түсірілді. Баласының қай қиырларда қалғанын білмей өле-өлгенше арманда кеткен Башар атамызбен Күнтөры әжеміздің де рухы хош болсын.Әке аманатын да орындап, күпті көңіл орнына түсті.  Бұлкелешек ұрпаққа да өнеге, тәрбие.
– Өткен өміріңізге өкінішіңіз бар ма?
– Біздің ұрпақ ата-анаға барынша қамқор болды. Дәрігер мен мұғалімнің баласымыз, ішіп-жемге кенде болмааған шығармыз. Бірақ оқушы кезімізден каникулда қара жұмыс істеп қаражат тауып, әке-шешеге алақан жаюды ар санайтын едік. Біздің қатарымыздың барлығы ерте есейді, өмірден өз жолын ерте тапты. Бүгінгі ұрпақтың бойында осы қасиет кеміп барады. Ата-ана қадірін терең бағалай білмейді.
Неліктен адамдар әкесі мен анасының қадірін  олар өмірден өткен соң ғана айқын біліп, өкіне бастайды. Неге осы жас кезімізде Әкелеріміз бен Аналарымызды және бауырларымызды аса керек ет­пейміз? «Тектінің ұрпағы өсиет тереді, тексіз ұрпақ өсек тереді» дейді. Өсиет іздеген өсер елдің ертеңін көргім келеді.
Әңгімелескен Баян ҮСЕЙІНОВА
19 қыркүйек 2021 ж. 395 0