Байланыс нығая берсін
Қазақстанның солтүстік өңіріндегі Павлодар облысы Успен ауданы қазақ ұлты мен өзге ұлт өкілдері аралас қоныстанған шекаралық аймақтың бірі. Өңірлік ерекшелігіне байланысты мәдениет саласы да көп қырлы ерекшелікке ие. Успен ауданында қазақ ұлтынан басқа орыс, неміс, украйн, хохол, удмурд, т.б ұлт өкілі қоныстанғандықтан олардың да мәдениеті өркендеп, насихатталып келеді. Бұл біздің Қазақ мемлекеті мен қазақ ұлтының өзге ұлт өкілдеріне деген кең пейіл, жомарт мінезінің айғағы болса керек.
Егемендік алғаннан кейінгі 30 жылда Успен ауданындағы титулды ұлттың (қазақ) мәдениеті де өзінің арнасын тауып, қайта жанданып, жаңғыра түсті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдаламалық мақаласы бізге тың серпін, жаңа бағыт берді. Біз осы орайда Успен ауданының мәдениет саласындағы жеткен жетістіктерімізді насихаттау және жетіспей тұрған тұсымыздың орнын толтыру, тәжірибе алмасу мақсатында оңтүстік өңірлермен рухани-мәдени байланысты нығайтуды көздедік. Осы мақсатта Қызылорда облысы Жаңақорған ауданымен рухани-мәдени әріптестік байланыс бекіп келеді.
2021 жылдың 29 наурызында Успен және Жаңақорған ауданы әкімінің келісімімен мәдениет саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандуға қол қойылып, алғашқы тәжірибе алмасатын іс-сапар басталып кеткен-ді. Сол күннен бастап екі өңірдің мәдениет қызметкерлері арнайы делегациялар ұйымдастырып, аудандар арасындағы іс-сапарлар жалғасын тауып, солтүстік пен оңтүстіктің арасын мәдени-рухани тұрғыда жалғап, тынысымыз арта түсті.
2021 жылдың 20 мамырында Жаңақорған ауданының мәдениет қызметкерлерінен ұйымдасқан арнайы делегация Успен ауданына келіп, қазақ ұлты мен өзге ұлт өкілдері жиі қоныстанған елді мекендердегі мәдениет үйлері мен ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін көзбен көріп қайтты.
Ал, 2021 жылдың 27 маусым мен 1 шілде аралығында Успен ауданы мәдениет үйінің өнерпаздары Жаңақорған ауданына сапарлай барып, облыстық, аймақтық деңгейдегі конкурс пен фестивальдерге қатысып, жүлделі оралды. Осы барыста екі өңірдің мәдениет қызметкерлерінің біліктілігі артып, өзара тажірибе алмасуда үлкен табыстарға жетті деп айтуға әбден болады.
Бұл бастама әлеуметтік-экономикалық бағытта жалғасын тапқаны қуантты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да басты талабы өңірлердің интеграциялық бірлестікте дамуын қамтамасыз ету.
2021 жылдың 2-5 тамыз аралығындағы Успен және Жаңақорған ауданының бас менеджері – мен және Руслан Рүстемов әріптестік бағытта бірлесе жұмыс істеуге ниет таныттық. Әсіресе «Еңбек» бағдарламасын ары қарай дамыту аясындағы әлеуметтік келісімді талқылаумен ұласты.
Біз жаңақорғандықтарды өзіміздің ауданда құшақ жая күтеміз. Солтүстіктегі шекаралық ауданға қоныс аударамын деген азаматтарға барлық қолдау шараларын ұсынуға дайынбыз. Біздің ұсынысымызды қабыл алған Жаңақорған ауданы мәдениет саласының қызметкері Толқынай Абдуллаева қазір Успен ауданында жұмысын жалғастыруда. Біз бұған қуаныштымыз.
Солтүстік пен оңтүстік өңірдің арасындағы алтын көпірге айналған мәдени байланыс барысында біздің Успен ауданынан Жаңақорған ауданына сый-тартуымызды жолдаған еді. Ол – ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 20 томдық шығармалар жинағы. Мұны Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов ыстық ықыласпен қабылдап, фейсбуктегі өзінің аккаунтында Мәшһүр Жүсіптің данышпандығын, данагөйлігін, парасаттылығын, шығармаларындағы халыққа нәр беретін әр бір ауыз сөзін жіпке тізгендей жарқыратып жазып, біздің мерейімізді өсіре түсті. Міне, бұл біздің екі аудан арасындағы мәдени байланыстың оң нәтиже бергенінің айқын дәлелі емес пе?
Павлодар облысы успен ауданы мен Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы арасында орнаған мәдени байланыс осымен тоқтап қалмайтынына, бұдан ары тіпті де үлкен жаңалықтар мен жақсылықтарға толы болатынына сенемін. Екі ауданның достығы, барыс-келісі нығая берсін. Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Николай ДЫЧКО,
Успен ауданының әкімі
Успен ауданының әкімі