№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Ең үздік ер бейнесін» еншілеген кім?

«Ең үздік ер бейнесін» еншілеген кім?

Ауданға танымал өнерпаздың бірі – Тоқтар Әжімұратов. Ол ауыл-ауылда өтетін шаралар мен облыстық деңгейдегі түрлі байқаулардың тізгінін ұстап жүр. Концерт жүргізушісі. Келбеті келісті, мінезі көркем азаматты тақырыпқа арқау еткенді жөн көрдік.

Ол ізденімпаз, еңбекқор азамат. Мұндай қасиетімен жасынан ерекше­ленді. Қаскелең мәдениет колледжінде домбырашы мамандығы бойынша білім алды. 2012 жылы білімін жетілдіру мақсатында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына оқуға түсіп, театр және киноактер мамандығы бойынша білімін шыңдады. Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында бастады. Сол кездегі қойылымдарда баланың рөлінде ойнап таныла бастады. Осылайша Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Хусейн Әмір-Темірдің тәлімін алған Тоқтар өз кәсібіне одан әрі шыңдала түсті.
– Өнер десе ішкен асын жерге қоятын нағыз өнерпаздардың басын қосатын киелі орын – театр сахнасы. Театрға тек көңіл көтеретін орын деп қарамай, мәдени ошақ ретінде бағалау керек. Сахнадағы әрбір қойылымды жүрекпен орындамай, көрермен көңілінен жол табу қиын. Маған бұл бағытта Әмір-Темір ағамның еңбек жолы мен ізденісі үлгі болды. «Ғашықтар хикаясы» комедиясында Тұрсынбектің, «Қорқыт» спектаклінде бала Қорқыттың рөлінде ойнап, актерлықтың қыр-сырын меңгеруіме осы ұстазым себепші болды, – дейді Тынысбек ұлы Тоқтар.
Кіндік қаны тамған туған жерге қызмет етуді мұрат етіп аудандық мәдениет үйіне жұмысқа келеді. Мұнда тоқырауда тұралаған «Жаңаша» әзіл-сықақ отауына жетекшілік етуді қолға алады. Бала күнгі арманының орындалуына сүйеу болған өнердегі ағасы Талап Тотаевпен бірге жұмыс жасайды. Өнер жолына келуіне Талап ағасы жол сілтеп, үлгі болады.
Оның жеткен жетістіктері де аз емес. Солардың ішінде ең ыстығы – Қазақстанның халық жазушысы, драматург Қалтай Мұхамеджановтың 90 жылдығына арналған байқауда еншілеген «Ең үздік ер бейнесі» номинациясы. Сонымен қатар жақында аудандық мәдениет үйінің сахнасында «Жаңаша» әзіл-сықақ отауының есептік кешін көпшілік қауымның назарына ұсынды. Көптен бері әсерлі бағдарлама беруді ойластырып жүрген Тоқтарға өнердегі аға-әпкелері қол ұшын созып ол тағы бір асуды бағындырды.
– Мәдениет саласына жағдай жасалып жатыр. Осындай кезде жастардың қол қусырып отыруы жараспас. Шығармашылық тұрғыда ізденісті дамытып, жетілдіру мақсатында «Жаңашаның» жаңаша қойылымдарын халық назарына ұсынғымыз келді. Өнердегі Балмұхаммед Әбжаппаров, басқа да аға-әпкелерім мен мәдениет үйі жастарының қолдауымен ауқымды дүниелер көрерменге жол тартты, – дейді Тоқтар.
Бүгінде өздері де бір отбасының тірегіне айналған Тоқтар мен Мерейдің Ханшайым, Қазына атты қос бүлдіршіні бар. Ауданның бетке ұстар осындай өнерлі жастары барда мәдениет алауы өшпейді, өлмейді. Мұндай жастар қандай да болмасын марапатқа лайық.
Лаура БИБАСАРОВА
28 желтоқсан 2019 ж. 1 838 0