№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ақындар Адырбекті ұлықтады

Ақындар Адырбекті ұлықтады

«...Қара көзіңмен, бала кезіңнен
есімін елім танисың,
Нақты өнеріңмен, тәтті өлеңіңнен
сезінгем дәмін, бал иісін.
Сарқылған жолын, артыңнан қолын,
тұрғанмен бұлғап фәни шын,
Тыңдағандарға, күллі адамдарға
шал кейіпіндегі сәбисің...».
Жас ақын Піржан Сандыбай балалар әдебиетінің абызы, ақын, жазушы Адырбек Сопбеков туралы «Ақындар – адалдық жаршысы» атты мүшайрада осылай тебірене жырлады. Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай және 6 шілде – Елорда күні қарсаңында ақын Адырбек Сопбеков атындағы жүлде үшін аймақтық жазба ақындар мүшайрасы М.Нәлібаев ауылдық округінде ұйымдастырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала асында өткен сөз сайысында Түркістан шаһары мен Павлодар облысынан келген ақындар Адырбек Сопыбековты ұлықтады.
Поэзия әлеміне саяхаттап, ақын туралы ел мен жер туралы тебіренген таланттылардың таудай талабына әділ қазылар баға беріп, жүлделерін табыстады. Ауданға қонақ болып келген Павлодар өңірі, Успен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, және спорт бөлімінің басшысы Медет Тауасқан, «Сыр бойы» газетінің тілшісі, ақын Биболат Сәтжан және «Жаңақорған тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Баян Үсейінова ақындарға төрелік етті.
Шара басталмас бұрын ауыл ақсақалы Бексейіт Сәрсенбаев ақ батасын беріп, өнер ұжымы қонақтарға шапан жауып, қыздарға камзол кигізіп, сый-сыяпат көрсетті. Ақындар топқа қосылмас бұрын кішігірім көрініс тамашалап, өткенге ой тастап, келешекке көз жүгірттік.
Сонымен ой-қиялы ерек, шабысы бөлек сегіз ақын сахна төріне көтерілді. Үш кезең бойынша сынға түскен ақындар алдымен ел егемендігіне орай «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбында өлеңдерін оқыды. Одан кейін, «Аймақтардан ақ тілек» атты кезеңмен толықтырса, түйінін ақын рухына арнап «Арнау жырымен» көрермендерін сусындатты. Жас толқын шоғырының қалыптасып келе жатқанына көңілінде бір қуаныш пайда болғанын жасырмаған ақын жары Шарипа апамыз көпке рахметін айтып, алғысын жеткізді. Айман Үсенова, Еркебұлан Серік «Алғыс хат» төрінен көрінсе, 3-орын Дидар Өмірзақ пен павлодарлық Перизат Құрманәліге бұйырды. Даналықпен өрілген жырларынан, балалықтың иісі аңқып тұратындай, деп ақын атасына өлең арнаған Жалағаш ауданынан келген Зылиха Жаңабай екінші орыннан көрінді.
Ал, бірінші орынға Бексаба Ұланбекпен пен Піржан Сандыбай жайғасты.
Бөлісемін деп жанардағы жарқылды,
Жырды тердік ет-жүректен әр түрлі.
Адырбегім шал кейпіндегі сәби ғой,
Ал біз сәбиміз, жүрегіміз шал сынды – деп керемет сөз өрнегін жеткізді.
Ал бас жүлде «Бала тілінде сөйлеген ақын» деп тебіренген керекулік ақын Нұрбек Кеңесбайдың тақымында кетті.
– Солтүстік пен оңтүстікті жалғап, байланыстырған осынау ақындық өнердің төрінде өмірден өткен Адырбек атаның рухы бір аунап тұрған болар. Иә, ол кісінің өлеңін оқып, балалық шаққа саяхаттап алатының ақиқат. Ақынын құрметтеп, дәріптеп жатқан жаңақорғандық жұртшылыққа, өнер ұжымына алғыс айтамын. Алла сәтін салып, жол түссе келер жлы да Сыр еліне қайта келуге әзірмін, – деді Нұрбек ақын.
Жаңақорғанның жарығы жаһанға түседі. Өйткені онда ақын Адырбек тұрады. Керемет теңеу, бұл ақынның поэзия әлемі қазақ балалар әдебиетінен ойып орын алатынын ғана аңғартпайды, оның әрбір кітабы балабақша мен бастауыш сынып ұстаздары үшін үлкен көмекші құрал екенін көрсетеді. Бастауыш сыныптан бастап оқушыларға варианттық компоненттен таңдау бойынша сабақтарда «Адырбектану» пәнін ұйымдастыру арқылы туған жердің ақыны, жазушысы, ғалымы, батырын танып қоймай, туған жерінің тарихын жан-жақты танытатын поэмаларын жаттап өскен балалардың танымдық дүниесін арттыруға болар еді.
– «Батыр ақын болмаса, ол бойына мін емес! Ақын батыр болмаса, көрген күні-күн емес», деген нақыл бар қазақта. Иә, қазақтың батырлары ақын, ақындары батыр екенін бүгінгі буын да көрсетіп келеді. Түйдек-түйдек ой айтып, елдің мұңын, бітімін білдіріп, мағыналы да, мәнді құндылықтарды қаламға сыйдырған жастардан күтеріміз көп. Бүгінгі Адырбек ақынның кешіне алғаш қатысқан ақындардың балалар әдебиетінің классигін суреттеп, пейілі мен көңіл пернесін, тұла бойы талантын, ең бастысы шығармасын айтып тауса алмай жатқаны көңілімізге медеу болды. Осындай тұлғаларды ұлықтап, ұрпаққа есімін мұра ету біздің міндет, сондықтан ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтамыз, – деді Медет Тауасқан.
Міне, Адырбек атасын жырға қосып, кең даланы жұмыр өлеңге сыйдырған ақындардың поэзия әлеміндегі бір күндік шабысы осылай түйінделді. Ең бастысы, жазушы, көсемсөзші, этнограф, өлкетанушы, тарихшы, ағартушы Адырбек Сопыбековтың есімі мәңгі есте сақталып қаларында. Айта кететіні, М.Нәлібаев ауылдық клубы, ауыл жастары, Айғаным Мырзалиева, Тәжібек Тайбеков, Байкенже, Кейден, Қыркеңсе, Жаңарық, Өзгент клубтары жүлде қорына қомақты үлес қосыпты. Ал, осы шығармашыл кештердің жоғары дәрежеде өтуіне, ұйытқы болып жүрген Зульфия Шалабаева бастаған аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерінің еңбегі зор екенін айту керек.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
04 шілде 2021 ж. 571 0