Ақындар Қаратау бөктерін жырға бөледі
Халық ақыны Манап Көкеновке елдің қошемет-құрметі жоғалған емес. Мұны тарихи тұлғаны ұлықтаған достық айтысына алыс-жақыннан келген ақындардың шабытынан анық аңғардық.
Иә, Түркістан және Павлодар облысынан келген сөз зергерлері елдіктің рухын жырға қосып, жыр сүйер қауымның рухын асқақтатты. Көпшілік те аламан айтысты сағынып қалғаны сезілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында өткен айтыстың ерекшелігі ақындар Қаратау бөктерінде, яғни, табиғат аясында еркін көсілді. Екінші жағы, ақындар айтыс алдында жұпталып, шаппа-шап айтысқа шыққанының куәсі болдық. Әрі ақындардың бірі сөзден тосылғанша шауып, шың жүйрік анықталды. Оны да әділ қазылар алқасы емес, көрерменнің ықыласы шешті. Бір сөзбен айтқанда, өлең сүйер қауым айтыс өнерінің шынайы қошеметін көріп тәнті болды.
Керекулік Бөкен Жігер мен Ербақ Құрметжанның екпініне тойтарыс беруге жаңақорғандық ақын Азамат Тәуекел мен Айбек Шекербек және түркістандық Нұрдаулет Өмірбеков пен Аман Рахат сөзден маржан тізді.
Айтыстың алғашқы жұбы Бөкен Жігер мен Азамат Тәуекелдің арасында басталды. «Батасын алайын деп баталы елдің, Бойыма бар өнерді жиып келдім» деп өлеңін бастаған Бөкен Жігердің бойында жігітке тән жеті өнері бары рас. Қорқыт еліне келгенде қонақ қобыздың қоңыр үнімен әрлеп, көптің делебесін қоздырып, қарсыласын сынның тезіне салды. «Алыстан ат терлетіп жеткенімде, айтысқа екі-ақ ақын келгені не? деп қалжыңмен де қағытып алды.
Сырдың сұлу табиғатын сөзбен өрнектеп, тарихи тұлғалар жайлы көп білетінін аңғартты. Манап ақынның сөз өнерін айта келіп, ел аузындағы әңгімелерде таң атырып айтысқан сәттерін қозғап, «Таң бозарған сәтке дейін сөз айтайық, Тамаша тарихи сәт қайталанып» деп желкілдеді. Манап ақын осыдан 34 жыл бұрын Павлодарға барып, Арқаның кең даласын әнге бөлеп, республиканың түкпір-түкпірінен келген ақындарды сөзден жаңылдырып, бас жүлдені қанжығасына байлап, Сырға әкеткенін айтып, соның қарымтасын қайтаруға келгенін сөзге қосты.
Ә дегеннен сөзі сүйектен өтіп, жүрекке жеткен керекулік ақыннан соң жаңақорғандық Азамат Тәуекел сәлемдесуден соң «Қонағым тым зорығып қалмасын деп, жекпе-жекке қос ақын ала келдім» деп қарымтасын берді. Сонан соң, бойдақтығын алға тартып, «мен егер солтүстікке бара қалсам, тым жақсы баспана берер ме едің? Сол жақтағы шала қазақ бір қызын алып, мәңгі бақытты болар едім» дейді достық әзілді орынды айтып. Алғашқы жұптың арасында тартыс бауырластыққа бекіді деуге болады.
Солтүстікке көшу бағдарламасымен оңтүстіктен қоныс аударған ақын Ербақ Құрметжан жүрегіне ыстық мекенге табан тіреп, өнерін көрсетіп отырғанын тебіреніспен жеткізді. Жүрегі қазақ деп соққан пенде үшін кең байтақ еліміздің қай тұсын болмасын жатсынбайтынын, Президент жолдауында айтқандай «Қазақстан біртұтас ел» екенін өзінің өлеңіне қосты. «Кешегім – тарих, ертеңім – ерен, бүгінім – жарық» дейді тарихтан сыр тарқатқан жас ақын. Жасыратыны жоқ, ақын көптің алдында шыққанда сәл кібіртіктеп, сөзден жаңылысулар жиі болды. Мұны ол көптен бері айтыс сахнасына шықпай жүргенімен де байланыстырды. Қарсыласы түркістандық Нұрдәулет Өмірбеков әзіл-қалжынға жақындығын аңғартып, «Ақындар аздығын сөз етпеңдер, жол жөнекей жинап келмеген соң» деген ұтымды жауабын берді. «Айтысты сонша күттіріп қойдыңыздар, сұлу қызбен жұп қылып қойғандайын» деп айтыстың белгіленген уақыттан кеш басталғанын әзілге айналдырды. Қарсыласының кескін келбетін айта келе, «байқасаңыз, бір өзі бір театр ғой» деді. Бұл достық әзіліне езу тартпаған жан қалмады.
Үшінші жұптық айтысты бастаған түркістандық Рахат Аманның суырып салмалығына тәнті болған көпшіліктің қиқуы көбейді. Ә дегеннен табан астынан сөз саптап, төгілдіре жыр арнаған жас бала әп-сәтте болған жағдайларды сөзге ілді. Орындыққа жайғаса бере шай құюшы қыздардан шәй сұраған жаңақорғандық Айбек Шекербектің қылығын күлкіге айналдырып, елдің езуін жиғызбады. Сөз тартыс арасында керекулік ақындарға бағыттап, «Меніменен айтысқа түскеніңде, қобызыңды бұтыңа қыстырып алып, ақ бөкендей арқаға жортар едің» деп арқаланды.
Солтүстік пен оңтүстіктің ортақ мәселелері сөз болған шешуші айтыста Бөкен Жігер мен Нұрдәулет Өмірбеков қазақ елінің жақсы мен жаманын суреттеуге тырысты. Осы кезеңде Нұрдәулет Өмірбеков Манап ақынның «Қыдыр ата» аңызынан үзінді келтірді де, «қыдырып жүріп берген ақ батасы, Қыдыр атадан кем болмапты» деп дәріптеді.
Көптен бері шаппа-шап айтысқа сусындаған ел үшін рухани күш сыйлап, жанымызды сәулелендіргені рас. Бұл туралы Успен ауданының мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Медет Тауасқан жастардың айтыс өнері қарқынды дамып келе жатқанын сөз етіп, екі облыстың арасында мәдени-рухани қарым-қатынас саяси-экономикалық бағытта байланыс құруға жол ашатынын сөз етті.
Айтысты тамашалаған аудан әкімінің орынбасары Дархан Есалыұлы айтыстың киелі өнер екенін, бүгінгі айтыстың дәрежесі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын жеткізді. Халық ақыны Манап Көкеновтің әулетінен сөз алған Құттықожа Көкенов ағасы жайында сыр тарқатып, ақ батасын берді.
Убайдулла Манапұлы әкесінің атындағы жүлде жыл сайын өткізілетінін, әрі осы айтысқа демеуші болған азаматтарға риясыз алғысын жеткізді. Осындай аламан айтысты өткізуге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Манап, Қыраш, Жаманбай батыр ауылының қызметкерлері күш салып, бірлігі бекемдігін байқатты. Айтыс прологында Манаптың бейнесін сомдаған жергілікті жас ақын Мадияр Оспанов: «Халық ақынының образын келтіру үшін жан-жақты зерттеп, көзін көрген адамдардан сұрастырып, болмысын ашуға тырыстым. Бұл да маған берілген бақыт деп санаймын», – деді ерекше толғаныспен ойын жеткізіп.
Қаратау бөктерін жырға бөлеген жыр аламыны көрермендердің ғана емес, тау-тастың тынысын ашып, рухын асқақтата түсті.
Мақпал МАРҚАБАЙ