№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ортағасырдағы құрылыс материалдарының ерекшелігі неде?

Ортағасырдағы құрылыс материалдарының ерекшелігі неде?

Ел аумағында сақ, сармат, түркілер дәуірінде тұрғызылған ғимараттар сақталмаған. Сақталғандардың өзі үйінді төбе болып қалған. Мысалыға алатын болсақ Шірік Рабат ескерткіші. Бұл қала орны сақ дәуіріне жатқызылады. Бекініс және оның ішіндегі ғимараттар қам кесектен тұрғызылғандықтан, жаңбыр, қар, желдің салдарынан кесектер езіліп ғимараттар тез арада тозып, үйіндіге айналған. Сырдың бойын мекендеген оғыздардан да айтарлықтай ескерткіштер қалмаған. Ескерткіштердің орнында бүгінде сол заманның тұрғындарының пайдаланған құмыра, көзе, кесе және тағы басқа тұрмыстық заттардың сынықтары көптеп кездеседі. Себебі бұл ыдыстар саздан жасалғанмен, арнайы пештерде күйдіру арқылы олар төзімді және берік болған. Кейін, адамдар саздың осындай ерекшеліктеріне назар аударып, бұл материалдан қыш жасай бастады. Осындай қыштар ғасырдан ғасырға өтіп, бізге дейін жетті.


Еліміздегі бүгінгі күнге дейін сақталып келген ортағасырлық ғимараттарының ең үлкені Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Ғимарат ХIV ғасырдың аяғында Әмір Темірдің пәрменімен салынған. ХІХ ғасырдың аяғында түрлі соғыстар, жер сілкіністері, Ресей империясының жаулау саясатының жүргізілу барысында қаланы қоршап, зеңбірекпен атқылаудың салдарынан, кесененің қабырғаларында ойықтар пайда болып, құлауға айналған ғимаратты орыс инженерлері бұзылудан аман алып қалды. Кейін, Кеңес дәуірінде оған толығымен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сол кездерде реставрациялық жұмыстар жүргізумен қоса зерттеу жұмыстары да қатар жүргізілді.
Зерттеушілер ғимараттың қыш­тары мен ондағы түрлі-түсті бояу­лардың құрамын анықтау жұмыс­тарын жүргізіп, орта ғасырлардағы ұсталардың қыш жасау техно­логия­сындағы ерекшеліктерді анық­тады. Соның ішінде, зерттеушілер аңыз­дарда айтылатындай, Қожа Ахмет Ясауи кесенісін тұрғызуға арналған қыштарды Сауран қаласында жасал­ғанын дәлелдеді.
Біздің өңірімізде ортағасырларда тұрғызылған ғимараттар аз емес. Аркук, Аққорған, Өзгент, Сығанақ қаласында уақтысында көптеген медресе, мешіт, кесене, түрлі сарайлар, мұнаралар бой көтерген. Әрине, олардың көбісі бүгінгі күні үйіндіге айналған. Қараусыз қалудың салдарынан олар тозып, құлап жатса, ал тағы басқаларын адамдардың қолдан бұзу арқылы жойылып жатқан. Осындай ортағасырлық ғима­рат­тардың қалдықтарын бүгінгі күні өңіріміздегі көне Сығанақ қала­сының орнында көруге болады. Қала орнында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде бірнеше мавзолейлердің орны ашылды. Кім білсін, егерде ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында Таяу Шығыстан корей ұлт өкілдері көршілес Шиелі ауданына жер аударылмағанда, осы ғимараттарды толығымен болмаса да тамашалауымыз мүмкін болар еді. Себебі, қиын-қыстау кезеңінде елінен мәжбүрлеп айдап әкелініп, осы өңірге қоныстандырылған бұл ұлт өкілдері пана тұрғызу мақсатында алыс емес жерде орналасқан көне Сығанақ қаласының орнына келіп, ондағы көне ғимараттарды бұзып, қыштарын үй немесе басқа да ғимараттарды тұрғызуға пайдаланған. Осыдан, көне қаламыздағы көптеген ескерткіштер толығымен бұзылып, жер мен жексен болды.
Сол қыштар қала орнында үйін­ді болып шашылып жатыр. Кейбір ғимараттардың қыштарынан Сыға­нақтың соңғы тұрғындары да ХVIII-XIX ғасырларда шағын үйлер тұрғызып, сонда өмір сүрген.
Қыш жасау технологиясы да көп жұмыс қолдармен уақытты қажет еткен. Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің қыштары мен керамикасына зерттеу жүргізген ғалым Софья Сүлейменқызы Тәкібаева «Көгілдір күмбездің құ­пия­сы» атты еңбегінде қыш жасау технологиясына байланысты төмен­дегідей мәліметтер келтірген: «Ахмет Ясауи құрылыс кірпіштерінің жаса­луы қарапайым көрінеді. Бірақ технологиялық дайындауда әр опе­рацияның өзіне тән қыр-сырлары болған. Кірпіш дайындаудың бірінші сатысында таңдалған жерді тазалауда бірде-бір тамыр, өсімдік сабақтарын қалдырмау керек. Осындай таза­ланған алаңнан шұңқыр қазылады, топырақты әбден майдалап су құйып тастайды да, кетпенмен араластырып аяқпен езгілейді. Лай бетіндегі суды тері қаптармен құйып алып қайтадан таза су құяды. Бұл не үшін керек? Бұл кірпішті күйдіргенде оны бұзбас үшін топырақ құрамындағы тұздарды ерітіп жуу үшін қажет.
Лай дайындаудың соңғы сатысында лай құрамына шөп, аттың қылын, жүн майдалап – ұсақтап қосады.
Қысқа қарай дайындалған лайды кет­пенмен бір жерге төбе қылып ұйіп, көктемге дейін қалдырады. Ұзақ уақыт жинап қою лайдың тығыздалуына, суық оның қопсуына әкеледі. Көктем шыға кесек дайындау басталады. Жұмыс алаңы қызу жұмысқа толатын. Шеберлер кесек құю технологиясын үнемі бақылауда ұстаған. Шеберлердің көмекшілері мен жұмысшылар өз біліктілігіне қарай жұмыс істеген. Біреулер ағаш қалыптарды лаймен толтырып бетін тегістеп отырса, екіншілері сол қалыптарды тегістеп дайындалған алаңға қатарлап аударып отырған. Кептіру уақыты ауаның температурасы мен ылғалдылығына байланысты.
Кірпіштер қажеттілігіне қарай әр түрлі формада және әр түрлі көлемде әзірленді. Көпшілігі қалындығы 50-60 мм, көлемі 240 мм-ден 460 мм-ге жететін, салмағы жеті килограмм кірпіштер болды. Бір қызығы көптеген кірпіштерде алақан мен саусақ іздері кездеседі, адамның саусақ іздерінің анықтығы сондай содан бері ғасырлар емес, бірнеше күн ғана өткендей.
Бала күнімізде бәрімізде лайдан неше түрлі мүсіндер жасадық. Алайда күнге кептірілгеннен кейін бұл мүсіндер жарылып кететін. Ал Ахмет Ясауи кесенесіндегі кесектерде жарылған іздер жоқ. Бұл кірпіш лайының аса ыждағаттылықпен дайындалғандығын көрсетеді. Лай құрамына қосылған шөпшектер, жылқы қылы, жүн – арматураның жұмысын атқарып кесектің жарылуына жол бермеді.
Кептірілген кірпіштер арнайы қол­дан жасалған ошақтарда күйдірілді. Сыртқы кейпі үстінде тесігі бар аударылған қазан формасында болды. Бұндай ошақтарда Орта Азияда әлі күнге дейін нан, самса пісіріледі. Ошаққа бізге беймәлім арнайы отын пайдаланған. Аңызға сүйенсек 1000-1100º-қа дейін ыстық беретін тамырлы шөп туралы айтылады. Тағы бір аңызда бұл шөп емес, Түркістан маңында сол кезде өскен ағаш деген болжам бар. Керекті жоғары температураны алу үшін жел үрлеп отыратын арнайы жасалған ошақтар болған. Ауызша жеткен мәліметтерге сүйенсек, үлкен кірпіштерді ойпаттау жерге жинап, үстіне отын үйіп бірнеше күн жағып күйдірген.
Кірпіштерді күйдіргенде оған қосылған шөпшек, жылқы қылы, жүн, отқа күйіп, кірпіш ішінде қуыстар пайда болады. Бұл қуыстар кірпіш салмағын жеңілдетіп төзімділігін арттыра түседі».
Мұнда кірпіш күйдіруге қандай ағаш пайдаланғандығын автор анықтап көрсетпеген. Менің ойымша, бұл сексеуіл және шеңгел болған. Себебі, сексеуіл жоғарыда айтылғандай 1000-1100-қа дейін температураны бере алады. Сексеуілден көмір дайындап, темір ұсталары күні кешегіге дейін темір қыздырып соққан. Ал темірді қыздыру үшін 800 бен 1100 аралығында температура қажет. Сондықтан қыш күйдіретін пештерде арнайы жел үрлеу арқылы, осы сексеуілді пайдаланып, керекті қызу температурасына жеткізіп отырған. Өңірімізде өсетін шеңгел де және оның тамыры сексеуілден кем емес жоғарғы қызуды береді. Бұл өсімдіктер біздің өңірімізде көптеп өседі.
Уақтысында Сығанақтың айна­ла­сында көптеген ғимараттар бой көтер­ген болатын. Солардың бірі – Көккесене. Көккесененің орны бүгінде Қожамберді ауылының шетін­дегі зиратта үйінді болып жатыр. Ғимарат кезінде күйдірілген қыштан тұрғызылған. Кешегі күнге дейін мұнда Көккесенеден басқа, бөлек ғимараттардың орнын байқауға болатын. Уақтысында олар да кесе­не ретінде тұрғызылған болу керек. Бүгінде айналасына адамдар жерленіп, ол ғимараттардың орны жоғалып кетіп жатыр. Мұндай үлкен ғимараттарды тұрғызу үшін көп қыш кетеді. Ол қыштарды дайындап күйдіру аса көп жұмыс қажет еткендіктен және ол заманда көлік мәселесі қиын болғандықтан қыштарды құрылыстан алыс емес жерге дайындайтын болған. Оған қоса жергілікті жердің топырағы да қыш жасауға жарайтын болу керек болған. Себебі, кез келген топырақ қыш жасауға жарамайды, оның құрамында біріктіретін заттардың болуы және қышты кептіріп күйдіргенде жарылмас үшін құрамында тұздың да болмауы керек. Ол замандарда Сығанақтың төңірегіндегі жерлердің топырағы қыш жасауға жарамды болатын. Бүгінде, көне қаланың айналасы егістік алқаптарға толып, каналдар жүргізіліп, күріш егу барысында түрлі тыңайтқыш химиялық заттарды пайдаланудың салдарынан жерасты сулардың деңгейі жоғарылап, яғни жер бетіне жақындап, жерді сор басқан. Осының әсерінен қала орнында археологиялық қазба жұмыс­тары барысында аршылып жат­қан көне ғимараттардың қабырға қалдықтарындағы қыштарды тұз жеп, олардың тез бұзылуына әсер етіп жатыр. Кейбір ғимараттардың сыртын ою-өрнегі және түрлі-түсті бояуы бар қыш-қаптамалармен сәндеген. Көбінесе өрнектелген қыштар көгілдір бояумен боялған. Бояудың да технологиясы бүгінде зерттеушілерге құпия ретінде толығымен ашылмай тұр. Ортағасырларда ұсталар бояуға қоспаларды бүгінгідей түрлі жолдармен химиялық әдістер арқылы емес, ол кездерде түрлі өсімдік, шөптердің тамырларынан алатын болған.
Бүгінгі күні көне Сығанақ қала­сының орнына барғанда көзіңе орта­ғасырлырдағы ұсталардың құй­ған қыштарында олардың саусақ­тарының іздері ең бірінші шалдығады. Кейбір қыштарда қасқыр, теке және тағы басқа жануарлардың аяқтарының іздері басылған. Бұл іздерге байланысты түрлі пікірлер бар, біреулер оны жануарлар қыштар кептірілу барысында байқаусыздан басып кеткен десе, енді біреулір бұл сол замандардағы адамдардың ырымшылдығына, наным-сенімдеріне байланысты әдейлеп таңба ретінде басылған дейді. Қалай болғанымен де ол қыштарда бүгінде есімдері белгісіз ұсталар немесе олардың қарапайым көмекшілерінің қолдарының іздері жүздеген жылдардан кейін көзімізге шалдығып көптеген ойларды туғызады.    
Алимжан ЕРЖАНОВ,
тарихшы-өлкетанушы
15 қараша 2020 ж. 481 0