№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұлы дала еліндегі Жаңақорғанның орны

Ұлы дала еліндегі Жаңақорғанның орны


Ата-бабаның арман-мұраты рухы азат, ойы кемел ұлт ретінде өмір сүру еді ғой! Сол жолда қанша қан төгілді. Тәуелсіздік күні осындай ойлар тұмшалап, Ұлы даланың тарихын саралап, онда Сығанақ даласының орнын бағамдайтыным бар. Жалпы Жаңақорған аумағында сонау тас дәуірінен тіршілік үзілген емес. Оған Қаратаудағы тарихи жерлер дәлел. Жалпы тау сол замандаға адамдарға астық сақтауға және пана етуге қолайлы орын болды. Қарт Қаратау деген ұғым осыған байланысты аталса керек-ті.


Қола және ерте темір дәуірінде өзінше ерекше мәдениетімен бүкіл әлемге белгілі сақ дәуірінің де мұралары өңіріміз көптеген жерлерінде осы күнде зерттеуді қажет етуде. Тау беткейлерінде табылып жатқан қола­дан құйылып жасалған жебенің ұштары сол мәдениеттің өкілдері өңір­ді мекендегендігі туралы қосымша мәліметтер береді. Одан бөлек Жаңа­қорған кентінің аумағында сақ дәуіріне жататын қорымдар табылды.
Өңір тарихында Ұлы Жібек жолы да өз әсерін тигізді. Керуен жолдары тармақтарының бірі Сыр бойынан өтті. Өзінің ерекше табиғатымен бұл өңір жолаушыларға тоқтап демалуға қолайлы болды. Тоқтап демалуға арналған мекендер, кейін кеңейіп, оларда сауда-саттық жүргізіліп, халық шоғырланып қалаға айнала бастады. Осылай, Сырдың сол және оң жағалауларында қалалар мен елдімекендер пайда болды. Жаңақорған аумағындағы Сырдың сол жағалауында Арқұқ, Мейрамтөбе, Узкенд, оң жағалауында Сауран, Сыға­нақ қалалары бой көтерсе, олардың арасын жалғап тұратын көптеген керуен сарайлар мен бекіністер болды. Разды ата, Құмиян, Келінтөбе, Аққорған, Абызтөбе, Алғыр-салғыр, Молдақорған, Бала­пантөбе, Ақтөбе, Ордакент, Асаршық сондай қызметті атқарды. Бұлар ерекше зерттеуді қажет етеді. Сондай нысанның бірі – Бірлік ауылының батыс жағында Батыс Европа-Батыс Қытай трассасынан 1,5-2 шақырым жерде орналасқан. Халық арасында «Ордакент» деп аталып кеткен. Ешбір тарихи деректерде кездеспейтін бұл ескерткішті жергілікті халық уақтысында қала болған деседі. Қалай болса да, бұл ескерткіш жойылуға айналуда.
Өңірдің көне қалаларын зерттеуде бүгінде тек Сығнаққа назар аударылуда. Он жылдан астам уақыттан бері көне қаланың орнында қазба жұмыстары жүргізілуде. Арқұқ қаласының орны­нында кішігірім қазбалар жүргізілген болса, Мейрамтөбе және Узгенд қала­ларының орнында әлі де ешбір қазба жұмыстары жүргізілмеді.
Археологтар мен тарихшылар көне қалалар мен қорғандарды зерттеу барысында соның аумағымен ғана шектеледі. Ал оның айналасындағы тарихи орындар тыс қалып жатыр. Мәселен, көне Сығнақ қаласының төңі­регінде орналасқан деректерде ата­латын көптеген жерлердің атауы осы күнге дейін сақталып келеді. Себебі қала халқы қаланың тек өзін ғана мекендемеген. Көптеген кәсіп иелері сауда саттықтан бөлек басқа да шаруашылықпен айналысқан. Қалаға жақын орналасқан тау бөктерінде ол заманда жабайы аңдар көптеп мекендеген. Киік, тауешкі, қарақұйрық, түрлі құстарды аңшылар түрлі аңшылық әдістер арқылы ұстаған. Ортағасырларда дамыған шаруашылықтың бірі егіншілік болды. Қазіргі Жайылма, Шалхия елді мекендерінің айналасында осы күнде көне егістік алқаптардың іздерін әлі де байқауға болады. Таудан шығатын өзендердің суын халық егіншілікке пайдаланған. Егіншілер кейбір өзен­дердің суын жинау үшін арнайы тоғандар жасап, сол суды жаздың соңына дейін егістіктерін сауарып отырған. Тоғандардың кейбірі (Төлес тоғаны) осы күнде әлі пайдаланылып жатса, енді біреулерінің тек орындары ғана қалған. Сырдан да арнайы каналдар қазылып, оның суы егіншілікке пайдаланды. Көнеден келе жатқан Бозкөл, Төменарық атты каналдардың атаулары осы күнде әлі сақталуда. Мал шаруашылығы да қаланың айналасында дамыған.
Көне қалаларды байланыстыратын жолдардың іздері осы күнде сақтал­мағанымен, олардың арасында орна­ласқан, оларды байланыстыратын керуен сарайлармен елді мекендердің орын­дарын әлі де аңғаруға болады. Мысалыға, Мейрамтөбе қаласымен Узгенд қаласының арасында Аққорған, Алғыр-салғыр және Молдақорған бекі­ністерінің қалдықтары әлі сақталған. Екі қаланың арасы шамамен 35-40 шақы­рымдай құрайды. Сол кездегі есеппен бұл жақын жер емес. Сондықтан, екі қаланы байланыстыру үшін осы шағын бекіністер тұрғызылған. Сырдың сол жағалауы да сол заманда егіншілікке қолайлы мекенге айналған. Көптеген өзендер, арналарды жағалап қоныс­танған халық егіннің арқасында астық жинап отырған.
Әрбір қаланың өзгеге бағынышты болмай өзіндік өмір сүруге шамасы болған. Қаланың айналасындағы егістік алқаптар, жайлымдық жерлері, түрлі ұстаханалар халықтың күн көруіне мұнда мүмкіндік жасап отырған. Қалаларды байланыстыратын тек сауда-саттық қана болды. Узгенд пен Сығнақтың ара қашықтығы шамамен 50 шақырымдай құрайды. Бұмен қоса екеуінің арасын Сырдария бөліп тұр. Бұл екі қаланың арасында бүгінде керуен сарайлардың орны сақталмаған. Сақталған тек бір ескерткіштің орнын ғана бүгінде көруге болады, ол – Балапантөбе. Тұрғызылған мерзімі белгісіз бұл ескерткіш көне Узгенд қаласынан солтүстікке қарай 10-15 шақырымда, Сырға жақын орналасқан. Узгендтің әкімшілік аймағына жататын бекініс уақтысында Сығнақтан, не жалпы солтүстіктен келетін жауды бақы­лауға арналып тұрғызылған болуы ықтимал. Узгенттен шыққан жолаушы не керуен Сығнаққа бару үшін міндетті түрде Сырдан өту керек болған. Ол өткелдің немесе өткелдердің орны қайда болды, бұл бізге әзірше белгісіз. Ол өткелдер қандай болған? Халық Сырдан қайықпен өтті ма, жоқ әліде арнайы көпір болды ма? Ортағасырлық Испан саяхатшысы, дипломат Руи Гонзалес де Клавихо өзінің «Самаркандтағы Темірдің сарайына саяхаттын күнделігі» атты еңбегінде атақты билеуші Әмір Темір Самарқан қаласынан жорыққа шыққанда Амударияны өту үшін оның әскері шұғыл түрде көпір жасап орнатты, кейін ол әскер өзеннің арғы бетіне толық өтіп болған соң, Темір сол ағаш көпірді өртеп жіберуге бұйрық берді деп жазады. Сондықтан осы секілді көпірлер де Сырдың үстіне орнатылған болуы керек.
Сығнақтың шығыс бетінде орна­ласқан таулардан шығатын өзендердің бойында жолдар болған. Сол жолдар арқылы жолаушылар өзенді жағалап таулар арқылы теріскейге, яғни таулардың арғы бетіне шығатын болған. Шолақ дарбазасы, Арыстанды дарбазасы деп аталатын жерлерден, олардан шығатын өзендерді жағалап, таулардың ішіне кіріуге өте ыңғайлы. Өзендерді жағалап жүретін жолдармен керуендерге қолайлы болған, себебі, жолаушыға ыстық күндері таудың арасында шөлдеп қаламын деген қауіп болмаған. Кейбір тарихи деректерде Сығанақ пен Созақтың арасында Соғынлық деп аталатын асудың атауы кездеседі. Көптеген соғыстардың куәсі болған асу бүгінде қай жерде орна­ласқаны бізге беймәлім. Мүмкін оның аты өзгеріп, бүгінде басқаша аталып жүрген болар.
Өңіріміздің тарихын зерттеуде әлі де көптеген жұмыстар және уақыттар кететіні сөзсіз. Қаншама тарихи орындар мен ескерткіштер әлі де құпияларын сақтауда, оларды ашатын келешек ұрпақ көптеген сенсацияларға куә болатынына сенімдеміз.
Айтпағым, Ұлы дала тарихында Жаңа­қорған аумағының орны зор. Мұндай Сығанақ, Сауран, Узкент секілді ірі саяси һәм мәдени орталықтар, олардың арасында байланыстырған кереуен сараулары мен елді мекендер бар. Бұл жерлерде қолөнершілік және т.б өнер түрлері ерекше дамыды. Яғни бағзы уақыттан тіршілігі үзілмеген, қасиетті жердің бірі...

Әлімжан ЕРЖАНОВ
тарихшы-өлкетанушы
25 желтоқсан 2019 ж. 944 0