Әлшекейдің күйшілік өнері
Бектібай сазынан бекіп, Қаратауда қатайып, Сырда ысылған Әлшекей домбыраның қасиетін өз ырқына бағындырған өнерпаз. Ол алғаш нағашы атасы Рүстемнен сыбызғы мен сазды сырнайда ойнауда үйренеді. Әлшекейдің саусағы сүріктей ұзын болса керек-ті, нағашысы оны домбыра шертуге баулиды. Арада уақыт өткен кезде Бектібай баласы Әлшекейдің алғашқы күйін тыңдап, оның талантына тәнті болады. Осылайша жас жігіттің өнерге деген алғашқы қадамы жасалады.
Бозбала шағында талай сал-серілермен дәм-тұздас болады. Елге әйгілі Мұстафа мен Өтемәлі секілді дауылпаз күйшілермен көпшіліктің назарына ілігеді. Осы жөнінде әйгілі композитор, жазушы әрі өнер зерттеушісі Ілия Жақанов «Аққулар қонған айдын көл» кітабында: «Әлшекей Созақ, Шу, Арқа жағына ауық-ауық ұзап барып, серілік құрып, атақты Ықылас күйшіні көріп, оның күйшілік өнерімен танысқан. Одан Түркістан, Әулие ата, Ташкент базарын күйге бөлеп, домбыра тартады. Қызылқұм, Сыр алыбы, Қаратау елі бәрі-бәрі Әлшекейдің тамылжыған күйлеріне елтіген», – деп жазыпты. Ғалымның сөзіне қарағанда, Әлшекей өз заманының «фавориті» болған.
Әлшекей домбыраның құлағында ойнайтындай шеберлік шыңына жеткен шағында күрделі шығармалар шығарған. «Терісқақпай», «Отарба», «Қыз тоқтаған», «Тепенкөк», «Бұзып тартар», «Шерлі», «Тоқырау», «Ақ желең», «Айрауықтың ащысы», «Боз інген», «Толқын», «Аққу кеткен», «Бозторғай», «Жаяу кербоз» т.б күйлері халыққа жеткен. Күйлерінің шығу тарихы да қазақ тарихымен сабақтасып отырады.
Ел аузындағы аңыздар желісінде Әлшекей «Пәленшемен күй тартысыпты» немесе «мына төбеде домбыра шертіпті» деген әңгіме көп-ақ. Соның бірі Айша қызбен күй тартысы туралы өрбиді. Екеуі де шертпе өнердің саңлағы болса керек. Бірінен-бірі қалыспай, бірінен бірі беріспей үш күн сайысқа түсіпті. Әлшекей қыздың мықтылығын бағалап, өз жүрегінен «Терісқақпай» күйін башпайларымен тартыпты. Бұл туралы Адырбек Сопыбеков «Бәшпайымен күй төгілткен Әлшекей» мақаласында: «Әлшекей күйді бастап, оны бітірмей тоқатаған сәтте оның жалғасын Айша жалғастырады. Қыз кідірген сәтте Әлшекей жалғап кетеді. Осылайша тартысқан олар бірін-бірі жеңе алмаған. Ақырында Әлшекей аяғындағы мәсісін шешіп тастап, «Терісқақпай» күйін орындаған» деп жазды. Ақын жазбасына үңілсек, көпшілік көзінше бақайын көрсетуге қысылған қыз ұтылмасына лажы болмапты.
Өз заманының атақты жырауы, әрі дәулеткер күйшісі Бөпемен де үзеңгі қағыстырған сәттері жиі болған. «Бөпемен бес тартыс», «Айшамен алты тартыс» деген күй топтамасы елге мәлім. Жергілікті күйшінің күй мәнері ерекше. Тіпті ешкім бұрын-соңды мойын бұрмаған, не болмаса ешкім орындай алмайтын шалқыма күйдің шебері. Бұлай деуге негіз бар. Әлшекейдің әуені құлаққа жағымды, өте мелизмге толы. Ойнап отырған орындаушы бір қолымен үн шығарып, перне басса, екінші қолымен ырғаққа сай қимыл жасап отырады. Бірде иыққа, бірде бауыр тұсына, енді бірде арқаға салып, шалқытып ойнауға қолайлы. Әуен әсерлі шығуы орындау техникасының жоғары болуы мен асқан шеберлікті қажет етеді. Бұл жөнінде жергілікті композитор Бәден Айсынов: «Әлшекей күйін орындау үшін ең алдымен күйдің шығу тарихы мен күйдің мінезін танып алу керек. Нотадағы кейбір дыбыстар қазіргі домбыра шанағынан шықпай қалуы да мүмкін. Себебі ол кездегі ұлттық аспаптар тоғыз немесе он екі пернелі болса, қазір он тоғыз перне. Сол үшін шығарма сәтті шығуы үшін іздену ең бірінші мақсат», – деді.
Қалай десек те, дәулеткер күйші өз заманында лайықты құрмет көрмеген жан. «Бай-құлақтың тұқымы» деген қауесеттің қамытын киген. Оның орта Азия жерінде бармаған тауы мен табаны тимеген жері қалмаған. Бас сауғалап бірде Өзбекстан жеріндегі Жызақ, Самарқан қаласында, енді бірде Ауғанстан,Тәжікстан жерін пана етіпті. Осылайша із суытып, жан сауғалап күн кешеді. Бар үміті ұлдары Жұмабек пен Әлеуханнан айрылып, кейін олардан қалған немерелері шетінейді. Қайғының үстіне қайғы жамылған жанның ендігі үміті Дәнебек деген сүйікті немересінде еді. Бауырына басқан жетімін ата ұрпағына өз өнерін үйретеді. Ересек болған шағында Дәнебек те «Жолай бақсының» желіне ұрынып, ауыр науқастан көз жұмған. Соңғы қасірет күйшінің қабырғасын қайыстырып, жан күйзелісіне әсер етіпті. Шерменде болған Әлшекей ауыр науқастан 1932жылы келместің кемесіне мініп кете барады.
Қуғын-сүргіннің қамытын киген шерлі күйшінің шығармасын биік сахнада ойнатуға кеңестік билік қарсылық танытқаны аян. Сондықтан да Әлшекейдің күйлерін толық меңгерген жандар саусақпен санарлық еді. Осы себептен күйшінің шеберлік қасиетін, күй табиғатын зерттеп, зерделегендер аз. Алғаш Әлшекейдің күй жинағын жазып жинақтаған белгілі жазушы Ақселеу Сейдімбек: «Әлшекей – күйші композитор ретінде Сыр бойындағы музыкалық мектептің көшбасында тұрған тұлға. Қазақтың ән өнерінде Сыр бойының жыршы-жыраулық дәстүрі қандай дара болса, күйшілік өнерде де Әлшекейдің қолтаңбасы сондай дара», – деп жоғары бағасын берді.
Бүгінде Әлшекейдің мол мұрасын оркестрге айналдырып, жаңа дем беруде атақты музыканттар Ж.Темірғалиев, Қ.Сейтжанов, Т.Тоқжанов, Е.Нұрымбетов, С.Садықов, М.Әмзе, Е.Нұрымбетов, Н.Бекеновтің еңбектері құрметке лайық. Әлшекейдің күй таспасына Ә.Әбдіқалықовтың, Т.Дүйсенбековтың, Ж.Дәнебековтың, А.Жаманқұловтың, З.Мұсабаевтың, Қ.Тасбергеновтың, орындауындағы күйлер енген.
Түйіндей келгенде Әлшекейдің шығармасы көңілге қонымды, жүрекке жағымды сезімге толы келеді. Бір тыңдаған адамның тұла бойы сезім жетегінде кетіп, жан тебіренісімен іштегі дертті қозғайды. Осы бір қасиет Әлшекейдің күйлерін мәңгілікке жетелейді. Ақын Адырбек Сопыбековтің:
Бақытың шен шекпенмен өлшенбейді,
Қашағы қайғы адамды шеңгелдейді.
Күйлері күмбірлетіп Қаратауды,
Жарыққа алып шықты Әлшекейді, – деген арнау өлеңімен қортындылағанды жөн көрдік.
Мақпал МАРҚАБАЙ