Бір жұтым ауа
Шілде айының басында денсаулығым сыр беріп, екі-үш күн ауа жетпегендей мазам қашып, өкпемді тексертіп көріп едім, учаскелік дәрігерім Салтанат Шәменова: "Сізге стационарда жатып, ем қабылдауға тура келеді, – деп "Екі жақты пневмания" деген диагнозбен ауруханаға жолдама берді. Мұнысы, өкпенің төменгі жағы қарайып, ол тұста жансыздану процесі басталады деген сөз екен. Әрине, мұндайда адамның демалуы қиындайды. Тіпті тыныс алуы қиындап, жүректің тоқтап қалуы да кәдік.
Мені емханадан тура аудан орталығында жаңа ғана ашылып жатқан мектеп-интернаты базасындағы арнайы провизорлық орталыққа жіберді.
Бұл менің бірнеше жыл ұстаздық еткен, жаныма аса ыстық білім шаңырағы ғой. Белгілі уақытқа қажетті инвентарьмен жабдықталып, жансақтау орнына айналғаны көңілімді құлазытып, жанымды жабырқатты. Ал енді бұған дейін балауса толқынның бал күлкісіне көміліп, білім мен зияткерліктің ұясына айналған құтты мекеннің қазіргі қалпы, шынымды айтсам көзіме жас келтірді.
Сынып бөлмелеріне қойылған төсектерде ыңырсыған науқастар, ерсілі-қарсылы жүгірген ақ халаттылардың қолындағы құрал-жабдықтар соғылысы соғыс даласындағы жанкешті қимылдар сынды елестегені рас.
Соғыс емес, бірақ өмір үшін шын жанталас, шын күрес жүріп жатыр еді.
Адамға ең қымбаты бір жұтым ауа екенін де сонда алғаш түсіндік. Өкпесі қабынып, өздігінен дем ала алмай қиналғандарға жасанды демалдыратын аппарат санаулы екен. Соны күтіп, шыдай алмай, қиналғаннан төсегінен еденге түсіп кетіп, аласұрып жатқандарды көргенде аяныштан көзіме жас келді.
Жаңа ашылған 80 орындық орталыққа айналдырған үш-төрт күнде 82 науқас орналастырылып, емдеу шаралары жүріп жатты. Меңгерушісі бұрын аудандық жұқпалы аурулар бөлімінде еңбек жолын бастаған білікті дәрігер – Жұмаш Мерейдің аз уақытта көп тәжірибе жинап, ысылып қалғанына бір кісідей куә болдық. Бастысы, баса-көктеп жағадан алған төтенше жағдайда тез ес жиып, жедел емдік шараларды шынайы іске асыра білуде айқын жүйе бар екені аңғарылды. Бұл жұмыстарда орталықтағы медицина мамандарын басты бағытқа дұрыс және сауатты ұйыстыра білген тәжірибелі маман Тұрғаш Даниеваның да көп ықпалы болды деп есептеуге болады. Ол күн сайын аурулардың жағдайын біліп, не ішіп, не жеп жатқанымызға дейін жіті қадағалап, қарамағындағы медперсоналға қатал талап қоя білуі арқасында науқастар күндіз-түн қажетті еммен қамтылып, хал-жағдайлары жақсара бастады.
Арнайы орталықта екі апта жаттым. Алғашында келіп түскен жағдайымнан әлдеқайда жақсарып, көңілдегі қара тұман да сейілді. Осының барлығында адамның өз қайрат-жігері кемдік етеді. Жанымыз қысылып, көңілді үрей билеген тұста ақхалаттылардың жылы сөзінің өзі қаншалықты қуат боларын мен сол күндері түсіндім. Үстерінде арнайы қорғаныш киім, ауа өткізбейтін жамылғы астында қара терге малшынып, қиналып жүрсе де барынша өздерін жаймашуақ ұстап, бізге де жадыраған қабақтарымен келіп, жағдай сұрап, көңілімізді көтеріп кетудің өзі қаншалықты бейнетке түскенін біз жақсы білдік.
Байқағанымыз, провизорлық орталықта оқуды жаңа бітіріп келген және өздерінің жұмысқа ынтасы басым, жігері шағылмаған кілкіндей жас бозбала басым екен. Ер-азамат қандай істе мығым, жүректі, батыл болмай ма? Ине шаншып, тамырға дәл түсуде талабы зор, сенімділіктері де мықты. Аурухананың штаттағы қызметкерлері емес, резервте тұрған жас мамандардың осындай қысылтаяң уақытта жәрдемге жетуі көңілімізге қуаныш ұялатты. Әрбіріне сүйген мамандығымен тұрақты айналысып, туған мекеніміздің саулық қорғаны болыңдар деген ақ батамызды бердік.
Бүгін осынау өзім емделіп шыққан орталықтың жабылғаны туралы жылы хабарды естіп, қатты қуанып отырмын.
Ел халқы қиындықты аз көрмеді. Талай асылынан айырылды. Бұл қатал сынақ біздің ерік-жігерімізді, береке-бірлігімізді таразыға салғаны да шындық. Адам соғыста ғана сыналмайды екен. Бір жұтым ауаның тарылуының өзі бір тарының қауызына сидырып жіберетін жағдай өз басымыздан өтті. Осындайда адамның адамға деген қамқорлығы, жанашырлығы ғана бізді сақтап қалды. Осы бірлігімізден танбайық.
Дина АХМЕТОВА,
«Ақбота» бөбекжай
бақшасының меңгерушісіБІР ЖҰТЫМ АУА – БІРЛІГІМІЗГЕ СЫН

бақшасының меңгерушісі