Тойын кейінге шегерген Ынтымақ
Қазақ қашанда жиған тергенін тойға шашқанды жөн санайтын халық. Алайда жаһан жұртын жайпаған коронавирус індеті өршіп тұрған уақытта той-томалақ және тағы басқа жиын-отырыстарды өткізуді кейінге қалдырған абзал. Президенттің осы бағыттағы шешімін сөзбен емес, іспен дәлелдегеннің бірі жаңақорғандық Ынтымақ Рахым.

Жұқпалы індетті жұқтырғандар саны күн санап артып келеді. Осындай сәтте қызықшылықтан кейіпкеріміздің саналы түрде бас тартқаны қатарластарына үлгі-өнеге екені даусыз. Сондай-ақ жас жігіттің бұл шешіміне жақындары да қуанғаны рас.
– Той қазақтың қазынасы, алайда дәл мынадай жағдайда ағайынның басын қосу дұрыс емес. Ұлымның шешімін қолдаймын. Бар мақсатымыз вирустың ең болмаса өз елімізде таралуына себепші болмасақ екен деген ой. «Жақсылықтың ерте кеші жоқ» демекші, аман-есен осы қиындықты еңсерсек, “сабақты ине сәтімен“ дегендей тойда өз уақытысында болар, – деді кейіпкеріміздің әкесі Бақыт.
Тотаевтар әулеті үлкен тойды кейінге шегеріп, елдің қауіпсіздігіне бей-жай қарамайтынын көрсетті. Расында қазір қоғамнан оқшаулану маңызды. Себебі әлемде тәжтажал жылдам тарауда. Әлемнің 180-нен аса еліне тараған пандемия 424 мыңнан аса адамды жаулап үлгерді. Осы тұста әркім жауапкершілікті сезініп, төтеннен келген дерттен сақтанудың жолын қарастырса бұл ауруды да жеңетініміз анық. Бұдан алатын сабақ, сақтық шараларын қатаң ұстану керек.
Егер заңға баңғынбай той тойлап, думандататын болсаңыз той иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылады. Оның салдары айыппұл төлеуге әкеліп соқтырады. Мұндай жағдай Түркістан қаласы мен Қызылорда облысында тіркелгенін айта кетпесек болмас. Сондай-ақ, Қызылорда қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алмасбек Есмахановтың мәлімдеуінше, облыс орталығында 16-23 наурыз күндері рейд жүргізілген. Нәтижесінде 11 әкімшілік хаттама толтырылып, құжаттары сотқа жолданған.
Лаура БИБАСАРОВА