№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Республикалық ән байқауында бас жүлде кімге бұйырды?

Республикалық ән байқауында бас жүлде кімге бұйырды?


Қазақ музыка өнерінде өзіндік ізі бар Бексұлтан Байкенжеевтің 70 жылдығы жоғары деңгейде аталды. Иә қыркүйек айынан бастап аймақтың түкпір-түкпірінде композитордың шығармашылығына арналған шаралар өтіп, бексұлтантану ілімі насихатталды. 20 желтоқсанында қорытынды шара – «Сырдария» республикалық әншілер конкурсы мәреге жетті. М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйіне елге танымал әнші-сазгерлер жиналды.


Тағылымды шара композитордың ағайын-туысы мен замандастары Құран бағыштап, республикалық өнер додасына қатысушылар Бексұлтан Байкенжеевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет білдірумен басталды.
Қырықтың қырқасынан асқанда өмірден озған сазгердің әндері ширек ғасыр өтсе де өміршеңдігін жалғап келеді. Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйытқы болып, ағайын-туысы қолдаған республикалық байқауда 15 өнерпаз бақ сынады. Алдымен көрермен қауым көрме залында сазгердің тұтынған заттары мен өнер жолына қанықты. Республикалық әнші-сазгерлер конкурсына әнші, композитор, ауданның құрметті азаматы Дүйсенхан Сыздықов бастаған өнер майталмандары қазылық етті. Олар өнертану ғылымының доценті, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері – Сауран Елеуов, дәстүрлі әнші, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері – Ақмарал Ноғайбаева, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының музыка және балалар шығармашылығы бөлімінің меңгерушісі – Бағдагүл Есмұрза және бүгінде сазгердің жолын жалғап, өнердің өлмеуіне атсалысып жүрген әнші, Бексұлтан Байкенжеев атындағы өнер мектебінің меңгерушісі – Әбсұлтан Өтепберген. Ән кешін аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков ашты. Ол сазгердің ұрпақтары мен жиналған қауымға өз құттықтауын жеткізіп, қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі.
Байқаудың шарты бойынша өнерпаздар сазгердің төл туындысын, екінші еркін тақырыптағы халық әнін орындауы тиіс. Жарыс көшін бастаған алғашқы үміткер Батыс Қазақстан облысының тумасы Мирас Ажиков «Жыл құсы» және «Сүйемін туған елімді», қызылордалық Айбол Әбдірәсіл «Азамат туралы ән» және «Жақсы адамдар», Арал ауданынан қатысушы әнші Мұхтар Байжанов «Сағынып жүрші» және «Қазақ қызы», шымкенттік дәстүрлі әнші Асылбек Бейсов «Аққуым менің» және «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған», шиелілік сазгер Әльфараби Бекарысұлы «Сырдария» және авторлық әні «Әппағым», Қазалы ауданының тумасы Әділхан Мақсатбаев «Жеңешем» және «Туған жер», жерлес жас әнші Ислам Нағызхан «Жаңақорған» және «Сәби көңілім», шиелілік Ербол Райсов «Ақшолпан» және «Қарындасым бағың жансын», қазалылық Салжекен Бақытбек «Әйел күннің шуағынан жаралған» және «Ән – тұмар», қызылордалық Жандос Сансызбаев «Ақ гүлім» және «Қызылорда вальсі», Маңғыстаудан ат терлетіп келген Марат Сафаров «Ақшолпан» және «Нұрлы мекен» әндерін орындады. Сондай-ақ алматылық Исахан Сүлейменов «Ардақты аға» және «Анамның жаққан ошағы», шымкенттік Жұлдыз Шүкірбаева «Ақбаян», «Қыздар бұлбұл», Қызылорда қаласынан келген Айбек Шүкіров «Сырдария» және «Игигай», Жамбыл облысының тумасы Бағлан Шубаев «Ақбаян» және «Бастау» әнін ұсынды.
Бексұлтан ағаның әндерінің қай-қайсысынан болса да алғашқы нота­ларынан ақ іңкәр көңіл мен нәзік сезімнің иірімдерін бірден аңғаруға болады. Республикалық дәрежеде өткен әнші-сазгерлер додасында бас жүлдеден бастап, ынталандыру сыйлықтарына дейін әділ таразыланды. Өнерімен ел алдында көрермен көзайымына айналған 8 қатысушы – сазгердің жары Шәрбану Базарбекқызы өнерімен көзге түскен Мирас Ажиков, Әльфараби Бекарысұлы, Әділхан Мақсатбаев, Ербол Райсов, Салжекен Бақытбек, Жандос Сансызбаев, Жұлдыз Шүкірбаева және Бағлан Шубаевқа ынталандыру сыйлығын берді. Үшінші орын Мұхтар Байжанов, Айбол Әбдірасыл және Айбек Шүкіровке бұйырды. Жүлделі екінші орын Марат Сафаров және Ислам Нағызхан лайықты болды. Бірінші орынды шымкенттік Асылбек Бейсов иемденді. Бас жүлде иегері Алматы облысының атынан қатысқан Өзгент ауылының тумасы Исахан Сүлейменовтің қанжығасында кетті.
Сазгердің әндерін орындап, ел арасында насихаттап жүрген Жеңіс Ысқақова мен Бақыт Шадаева әз ағаның бірнеше туындыларын елге тарту етті.
Бұл кеште сазгермен бір сахнада өнер көрсетіп талай игі істердің басы-қасында бірге жүрген замандастары мен ағайын-туыстары төбе көрсетті. Ел ағасы, ауданның «Құрметті азаматы» Зинабдин Шермағанбетов өз естеліктерімен бөлісті.
– Бексұлтанды «сегіз қырлы, бір сырлы» деп айтсам қателеспеймін, ол сазгер ғана емес жазушы, өзі басқарған өнер мектебіндегі әшекей өрнектердің барлығын өзі салған суретші де болды. 1992 жылы алғаш рет Қызылода қаласында телетүсірілім жасады. Әндеріне арқау болған жары Шәрбанудың Бексұлтанның өзін жоқтатпай елмен бірге, әндерінің бүгінге дейін жетуінде еңбегі бар, – деп осы кешті өткізуде мұрындық болған өнер майталмандары мен аудан жұртшылығына алғысын білдірді.
Ән қоржыны Бексұлтан Байкен­жеевтің шығармаларымен өрілген дәс­түрлі әнші Ақмарал Ноғайбаева «Әйел күннің шуағынан жаралған» және «Жеңешем» әнін орындады. Дүйсенхан Сыздықов, Сауран Елеуов және ау­дан­дық мәдениет үйінің бірқатар өнер жұлдыздары Бексұлтан ағаның әндерімен көңілді кешті жалғады.
Халқына өшпес рух сыйлаған сазгер қысқа ғана ғұмырында 150-ге тарта ән жазды. Осындай әндерінің алғашқы куәгері болған әншінің жары Шәрбану апа өз сөзінде: «Бекең аз жасағанымен халқына көп нәрсе қалдырды. Көзі тірісінде барлық мақтау марапатты алды. Бекеңнің қарапайымдылығы болар, осынша жора-жолдас арттырды. Қара баяны бұрышта шаң басып қалмай, өнерін ұлдары жалғап келеді», дей келе мерейтойдың республикалық деңгейде өтуіне атсалысқан әріптес інілері Дүйсенхан Сыздықов пен Сауран Елеуовке, кештің өтуіне мұрындық болған барша жанға зор алғысын жеткізді. Ақ батасын берген ақ жаулықты анаға құрмет көрсетуді елі де ұмыт қалдырмады. Ауданның құрметті азаматы, сазгердің сыныптасы Керімхан Егізбаев өз естеліктерімен бөлісіп, Шәрбану апаға сый-сыяпатын табыстады.

Майра ҒАНИЕВА
24 желтоқсан 2019 ж. 832 0