№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Тоғыз жастағы талантты танисыз ба?

Тоғыз жастағы талантты танисыз ба?

Жаңақорғандықтар Сұлтанмахмұд Төлегеновты талантты да талапты өспірім ретінде таниды. Оның өнер саласында бағындырған биігі бір басына жетеді. Жақында республикалық «Ғұмырдария» балалар мен жасөспірімдер байқауында бас жүлдені иемденіп, аудан абыройын тағы да асқақтатты. Өнерлі өренмен бізде жақынырақ танысуды жөн көрдік.
«Қошақаным» деп әндетіп жүрген Сұлтанмахмұд бүгінде әлемдік сахнаны бағындырған балғын. Ол халық әндерін нақышына келтіре орындап, көптің көңілінен орын алып жүр. Оның талантын ашуда ата-анасы мен ұстазының еңбегі зор. Әсіресе әкесі Абай Іскендіров оның қабілетін көріп, жұлдызы жануына жағ­дай жасап келеді.
– Ұлымның бойындағы өнерін 5 жасында байқадық. Сол жылдан бастап «Әлшекей» атындағы өнер мектебінде вокал үйірмесінен Құралай Әлиевадан дәріс алды. Алғаш үлкен сахнаға 2015 жылы Нұрлан Албан ұйымдастырған «Шырқа даусым» ән байқауында дипломат атанды. Оның өнерін қолдау әкелік міндетім деп білемін, – дейді ұлынан үміт күтетін әкесі.
Қараша айында Алматы қаласында өткен республикалық «Құстар қайтып барады» атты Нұрғиса Тілендиев атын­дағы балалар мен жасөспірімдер ән-би, күй байқауында дара шыққан-тұғын. Сондай-ақ 2017 жылы «Жұлдыз болғым келеді» республикалық ән байқауында бас жүлдегер атанып, келер жылы «Сағындырған әндер-ай» ән кешінде халық әртісі Майра Илясовамен дуэт орындағанын айту керек. Қысқасы, Сұлтанмахмұд республикалық, халық­аралық байқауларда олжасыз орал­ған емес. Осы жылғы Түркия мемле­кетінде өткен IV Халықаралық өнер фестивальінде «Дайдидау», «Ақсиса» әндерін орындап, көпшіліктен ерек­шеленіп, лауреат атанды. Бүгінде халық әні «Дайдидауға» бейнебаян түсіріп, өз көрерменін жинап та үлгерген. Өнер бәйгесінде үздіктердің үздігі ата­нып жүрген талантты жерлесіміз жос­пар­ларымен де бөлісті.
–  Өнер – бір адамның немесе бел­гілі бір қоғамның өлшеп қойған өлше­міне еш симайды. Ол үздіксіз дами береді. Мен де осы тұрғыда өзімді қамшылап отырамын. Алдағы жылы тағы бір әнге бейнебаян түсіріп, бірнеше халықаралық байқауларға қатысу жоспарда бар. Халықаралық «Дарабоз» өнер байқауына іріктеуге дайындық үстіндемін. Қысқы мектеп демалысында Алматы қаласына аттанамын 2020 жылы Болгария мемлекетінде өтетін байқауға дарынды жетекшілерден дәріс аламын. Өнер бәйгесінде жанды дауыста ән айту оңай дүние емес, сондықтан мен дауысымды сақтауым қажет. Күнделікті тамақ рационым да белгіленіп қойыл­ған, – дейді талантты өнерпаз.
Көп көңі­лінен шыққан Сұлтан­махмұдты қазіргі таңда «Ғұмырдария» байқауының авторы Айман Тоқтар­бекқызы әлемдік бәйгелерге өзі бап­тауды қолға алған.
Жан-жақты болу заман талабы. Бүгінде «Әлшекей» атындағы өнер мекте­бінің домбыра үйірмесінде күй шертудің қыр сырын меңгеріп жүргенін тәлімгердің жетекшісі Ақнұр Қалдыбаева тілге тиек етті. Оның айтуынша, Сұлтанмахмұд өте зерек, алғыр, өз ісіне тиянақты. Алдағы уақытта талай өнер белесін бағындыратына сенетінін жеткізді.
Өнер – адам баласын тазалыққа, ұлылыққа бейімдейді. Сұлтанмахмұдтың қазірден осы қасиеттерге бейім екендігін бала көңілі сездіріп тұр. Жаны өнер деп соққан балғын жүрекке республикалық телеарналардан шақыртулар келіп тұрады екен. Алайда атаққұмарлықты бойынан алыс ұстаған кейіпкеріміз білім ұясындағы сабақ үлгерімін де шет қалдырмауды жөн санап, бас тартатын көрінеді.  Міне, жас болса да өнер адамына білімнің маңыздылығын ұққан.
Әңгіме барысында кейіпкердің қыр-сырына қанығып, әнін де тыңдадық. Сыр сүлейлерінің қасиеті қонған жаңақорған жерінде осындай таланттар өсіп келеді. Өнерлі жастың қанаты талмай, әлемдік додаларда топ жаруына тілектестігімізді білдіреміз.
Майра Ғаниева
07 желтоқсан 2019 ж. 1 280 0