№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Өнер табу- өрге шабу

Өнер табу- өрге шабу

Оның есімі Жаңақорған жұртшылығына жақсы таныс. Әсіресе, мәдениет саласында. Ол – танымал ансамбльдің белді мүшесі. Өзіндік қолтаңбасы бар шоу-концерттің авторы әрі жүргізушісі. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда «Тракторист» және «Марианна, кешір мені» атты рэп жанрындағы әнімен көпшіліктің есінде қалды. Иә, ол – талантты да өнерлі Талап Тотаев ағамыз. Бүгінде ол аудандық мәдениет үйінде қоюшы-режиссер. Заманауи жанрды жаны сүйетін өнер иесін «Сенбілік сұхбаттың» төріне шақырдық. Бірінші кезекте, Талап Тілеуұлын ұжымның атынан «Алтын күз-2016» мерекесінде жылдың «Үздік мәдениет қызметкері» номинациясы иегері болуымен құттықтадық. Одан әрі әңгіме төмендегіше өрбіді.


– Аға, бала Талап ең алғаш сахна төріне қанша жасында шықты?
– Негізі сахна киелі орын. Оған барынша тазалықпен шығу әрбір өнерпаздың міндеті. Өзім жастайымнан өнерге құштар болдым. Білім ордасындағы әрбір іс-шараға атсалысып, шығармашылығымды шыңдадым. Ең алғаш сахна төріне жетінші сыныптан бастап шыға бастадым. Ол кезде үлкен ағам Мәдениет аудандық  мәдениет үйінде жұмыс істейтін. Ағамның жұмыстарына қызығып, концерттік бағдарлама мен түрлі мәдени шараға қатысатынмын. 1983 жылы №169 орта мектебін бітіріп, №17 кәсіптік кәсіптік училищесіне оқуға түстім. Осында жүріп Нұрберген Тастаев ағамыз жетекшілік ететін «Резерв» ансамбліне мүше болдым. Мақтанғаным емес, бұл топ сол кезде «Экспресс» ансамблінен кейін ауданға танымалдығы артты. Мұнан кейін әскери борышымды өтеп келгеннен кейін 1990 жылы өзім түлеп ұшқан №17 кәсіптік техникалық училищеге көркемөнерпаздар үйірмесіне жетекші болып орналастым. Міне, содан бері өнер жолындағы еңбек өтілім басталып кетті.
– Аға, өзіңіздің жеке авторлық жобаңыз бар. Азаттықтың ақ таңы атқан тұста негізі қаланған «Хит. Топ. Шоу» бағдарламасы әлі күнге өз өміршеңдігін көрсетуде. Мұның сыры неде?
– Шынын айту керек, студенттік шақта Ресей эстрада жұлдыздарын көп тыңдадым. Жас болып, еліктедім.  Концерттік шоу бағдарламасын үзбей көретінмін. Ән әлеміне деген қызығушылық менің өлең жазатын қырымды ашты. Ауданда тұңғыш болып рэп жанрындағы әндер жаза бастадым. Тоқсаныншы жылдары кәсіптік училищеде үйірме жетекші болып жүргенімде топ құрдым. Оны «КТУ.БОЙС.ШОУ» деп атадым. Ол кезде шетелдік кірме сөздер сән болатын. 1991 жылы ең алғашқы концертімізді «Арман» кинотеатрында қойдық. Жастар қауымы жақсы қабылдады. Әншілік  қабілетімді байқаған сазгер Дүйсенхан Сыздықов ағамыз аудандық мәдениет үйіне қызметке шақырды.  Мұнда келгеннен кейін топтың атын «Хит.Топ.Шоу» деп өзгерттік. Құрамында 13 адам болды. Бүгінгі таңда өз таланттарымен елдің ықыласына бөленіп жүрген Лаура Андрасян, Кенже Әкімбаева, Сайран Ділманов, Әлия Шермағамбетова, Кенжебек Башаров сынды өнерпаздар менің шәкірттерім. Барлығы да осы шоу бағдарламаның құрамында болған. Биыл жаз маусымында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Хит.Топ.Шоу»–дың 25 жылдығын аудан орталық алаңда сән-салтанатымен атап өттік.
– Жаңа бір сөзіңізде тоқсаныншы жылдары ауданда алғашқы болып рэп жанрындағы әндерді жаза бастағанызды айттыңыз. Жалпы, Қазақстанға танымал «Тракторист» әні қалай дүниеге келді?
– Жаңа сөздің басында айтқандай Ресей эстрадасын көп тыңдағандықтан орысша әндер жаза бастадым. Шынын айту керек, ел үрке қарады. Себебі, мұндай жылдам орындалатын әндер көпшіліктің құлағына түрпідей естілді. Ең алғаш «Марианна, кешір мені» әні жарыққа шыққан болатын. Замандастар біледі ол кезде «Байларда жылайды» деген фильмді ел жібермей көретін. Міне, бұл ән сол фильмнің желісінде жазылған. Аймақтағы тұңғыш қазақ тіліндегі рэп болды. Бұл әнмен облыстық телебайқауға қатысып, лауреатта атандық. 1993  жылы маған бір жігіт келіп; «Аға, әзіл-шыны аралас ән жазып берсеңіз. Облыстық «Таңшолпан» байқауына қатысатын едім» – деп қолқа салды. Әннің желісі ауылдың баласы қаланың қызына ғашық болсын деген талабын қойды. Алайда мен оған келіспей, керісінше ауылдың қарапайым тракторист баласы, ауылдың қызына ғашық болғаны жайлы жазып бердім. Осылай «Тракторист» әні дүниеге келді. Әні де сөзі де өзімдікі болған соң, түрлі мәдени шараларды орындап жүрдім. Шыны керек, бұл әнді жаңақорғандықтар дұрыс қабылдамады. Әлде түсінбеді ме...Не керек, бұл әннің бағы арада он жыл өткеннен кейін ашылды. 2003 жылы Шиеліден Арман Алиев есімді жігіт келіп, «Тракторист» туындысын өзінің репертуарынан көргісі келетінін жеткізді. Осылайша, Арманның орындауында ол ән тез арада хитке айналып, танымалдыққа ие болды.
– Қазақ эстрадасынан кімді тыңдайсыз?
Жалпы, барлығын тыңдаймын ғой. Бірақ Жұбаныш Жексенұлының мен үшін орны ерекше.
Өнер жолында кімді ұстаз тұтасыз?
Құдайға шүкір, ұстазға баймын. Ең әуелі, ағам Мәдениет осы салаға бет бұруыма себепкер болды. Оған қоса, мәдениет майталмандары Әлжан Абдуллаев, Қалила Омаров, Қуат Алдабеков және «Экспресс» ансамбліне тартқан Дүйсенхан Сыздықов пен Серік Жаңабеков ағаларыма айтар алғысым зор. «Экспресстің» алғашқы буын мүшелерінің барлығын өзіме ұстаз тұтамын. Марқұм Әмір Мажитов ағамыз мен үшін шоқтығы биік мәдениет қайраткері.
Өнер адамы болғаннан кейін ауыл-аймаққа гастрольдік сапарға жиі шығасыздар. Ауылдағы ағайынның мәдениетке деген көзқарасы қандай?
Бұрынғы мен бүгінгіні мүлдем салыстыруға келмейді. Қазір ауылдық округтерге концерттік бағдарламамен барсаң, клубқа келуші көрерменнің аз екенін көріп іштей қынжыласың. Бұрындары концерт болса ата-әжелеріміз немерелерін арқалап, асылдың сынығындай болып, алдыңғы қатарда отырушы едік.  Менің ойымша, ұлттың болашағы – ұлт рухында. Рухы мықты халықты ешкім басынбайды. Ал, рухани азықты ұлттық өнерден аламыз, яғни ән-күй, терме, аламан айтыс. Елбасы ұсынған «Мәңгілік ел» идеясын санаға сіңіріп, ел арасында насихаттауда мәдениеттің орны ерекше. Сондықтанда өнер иелері үшін елдің құрметі қашанда мәртебе. Көптің қошеметі біздерге жігер сыйлайды.
– Айтпақшы, аға сізді футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының белсенді жанкүйері десе-ді. Тартысты өтеді деген ойындарға чемоданыңызды жинап, кете береді екенсіз...
– Иә, рас. Ұлттық құрамамен қоса, «Астана», «Қайрат», «Қайсар» футбол клубына жанкүйермін. Биылғы маусымда «Қайсар» үмітті ақтады. Жоғары лигаға жолдама алды. Ең соңғы рет «Қазақстан – Түркия» матчын тамашалауға бардым. Жалпы, аяқ допқа деген құмарлығым зор.
– Гастрольмен ауыл-аймақты аралайсыз, футбол деп Астана, Алматыға қарай шапқылайсыз. Ал, отбасында қандай әкесіз? Өнер жолын таңдаған ұл-қызыңыз бар ма?
Әрине, ұтымды ұйыстыра білсең, барлығына уақыт табуға болады. Шүкір, отбасының берекесін келтіріп, келімді-кетімді қонақтарға қонақжайлығын көрсетіп отырған жеңгеңе рахмет. Есімі – Қатира. Бір ұл, бір қыздың аяулы анасы. Ұлым Талант мұнайшы. Қызым Назгүл Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінің студенті. Назгүлім өнерге бір табан жақын. Университет жанынан құрылған «Таң қалмаңыз» көңілді тапқырлар клубының белді мүшесі.
– Әкеңіз Тілеу саналы ғұмырын ел басқаруға арнады. Елдің еңсесін тіктеуде еңбегі ерен. Білікті басшы болғанын ел біледі. Содан болса керек, құрмет көрсетіп кент орталығынан көше атауын берді. Әкеңіздің айтқан бір ауыз өсиет сөзі есіңізде бар ма?
– Әрине бар. Марқұм әкем: «Ұрлық жасайтын болсаңдар, мені жерлеңдер де, сосын барып ұрлық жасаңдар» деп үнемі айтып отыратын. Яғни, ұзақ жылғы елге еткен еңбегіме кір келтірмеңдер деуші еді. Міне, әкенің осы сөзі өмірлік ұстанымға айналды. Әкем Үкімет үшін жанын берген кісі ғой. Жалағашта Мәдениет совхозын басқарып тұрғанда үлкен ағам дүниеге келген. Есімін ауылмен байланыстырып «Мәдениет» деп атады. Мен, өзіміздің Талап совхозын басқарып тұрғанда туылып, «Талап» атандым. Талғат деген інім әзіл қылып айтады ғой: «Мен туылғанда есімімді «Түгіскен» деп қоймағанынашүкір» – дейді. Өйткені, ол уақытта әкеміз Түгіскенде төраға екен. Иә, анамыз Күлайша екеуі алты ұл, үш қызды тәрбиелеп, жетілдірді. Бүгінде олардан өрбіген ұрпақ сан салада абыройлы қызмет етуде.   
Рахмет, аға әңгімеңізге. Өнеріңіз өрге жүзсін!
Тілдескен Әбдісамат ӘБДІШ.
06 қазан 2019 ж. 766 0