» » » Қауіпсіздік бәрінен жоғары

Қауіпсіздік бәрінен жоғары

Жаңа жыл мейрамы қарсаңында аудан тұрғындары мерекелік атмосфераны құруға тырысып, пиротехника мен отшашуды қолданады. Осыған орай, Жаңақорған ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аудан тұрғындарына қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Өйткені сертификатталмаған сапасыз пиротехниканы қолданудың соңы өртке немесе қайғылы жағдайға әкеліп соқтыруы әбден мүмкін.


  Мейрам жақындаған сайын сауда орындарында сапасыз лицензиясы жоқ Қытай елінен келетін пиротехникалық өнімдер сатыла бастайды. Әрине, кішкентай жеткіншектер, оқушылар тіпті ер азаматтардың өзі осы өнімді пайдаланып жатады. Ал оны пайдалануға тыйым салынғаны жөнінде көбісінің хабары жоқ. Отшашуды тек арнайы мамандардың бақылауымен ғана қолдануға рұқсат берілген. Оның өзінде отшашу өтетін орында алғашқы өрт сөндіру құралдарына қарау жүргізіп, жарамдылығын тексеріп, ғимараттың автоматты өрт дабылы қондырғыларының жарамдылығы толығымен тексеруден өтуі керек. Сондай-ақ жаңа жыл мерекесі қарсаңында балалардың пиротехникалық бұйымдарды сатып алуына жол бермеу керектігін де ата-аналар назардан тыс қалдырмаса екен.

Пиротехникалық бұйымдарды пайдалану барысында:
– Тұтандырылған пиротехникалық бұйымдарды қолда ұстауға;

– Тұтанған және жанып болған, сонымен қатар тұтанбай қалған жағдайда пиротехникалық бұйымдарды еңкейіп қарауға;

– Пиротехникалық бұйымдарды бөлме ішінде пайдалануға;

– Пиротехникалық бұйымдарды қауіпті аумақ радиусынан кем емес қашықтықта, ғимараттардың, ағаштардың, электр беру желілерінің қасында пайдалануға;

– Пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде адамдар тұрған жаққа және олар келіп қалуы мүмкін аймаққа қарай бағыттауға;

– Пиротехникалық бұйымдарды қолдан сатып алуға, олардың қаптамалары зақымдалған және сақтау мерзімі өтіп кеткен жағдайда пайдалануға тыйым салынады;

Әрбір пайдаланылатын пиротехникалық бұйымның сәйкес келетін сертификаты және қолдану бойынша нұсқаулығы болуы тиіс. Сонымен қатар бұл заттар тек арнайы дүкендер мен жабдықталған орындарда ғана сақтауға рұқсат етіледі. Осыған байланысты қазіргі таңда Жаңақорған ауданының Азаматтық қорғау органының және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп аудан орталықтарында орналасқан сауда орындарында «Пиротехника» жедел профилактикалық ісшарасын ұйымдастырып, арнайы дайындалған нұсқаулық парақтарын таратуда. Одан бөлек Жаңақорған кентінің орталығындағы «LED» эркан арқылы пиротехникалық бұйымдардың зияны мен жаңа жыл мерекесі қарсаңындағы қауіпсіздік шаралары жазылған арнайы бейнероликтер көрсетіліп, білім нысандарында да «Қауіпсіз жаңа жыл» тарқырыбындағы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Құрметті ата-аналар пиротехникалық бұйымдар балалардың ойнауына арналған ойыншық емес екендігін ескертеміз. Пиротехникалық бұйымдарды пайдалану ережелерін сақтай отыра жаңа жыл мерекесін қауіпсіз өткізейік.

Төтенше жағдай орын алған жағдайда «101», «112» құтқару қызметіне қоңырау шалуды да естен шығармасаңыздар екен!

Шыңғыс ЖӘДІКОВ Жаңақорған ауданының
Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері
28 желтоқсан 2022 ж. 517 0