Отшашу опық жегізбесін
Жаңа жылға санаулы күн қалды. Әсіресе, жастар асыға күтетін мерекені тартымды ете түсетін достар мен ағайын-туыс бір-біріне сыйлық сыйлап, ақжарма тілек айтып, жаңа жылдан жаңа табыстар тілейді. Сосын отшашуға шығып, түрлі-түсті шашуды да қызықтайды. Бірақ, оның зиянды тұстарына әлі күнге дейін мән бермейміз. Оны жылда отшашудың салдарынан жапа шегіп, ауруханаға түсіп жатқан оқиғалардан байқауға болады. Мерекені тағатсыздана күтетін тұрғындар бұған қанша қаражат жұмсайды? Оның зияны қандай? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Жаңа жылдық мереке жақындаған сайын дүкен сөрелері мен базар маңында отшашуды кең көлемде әкеліп, сауда қыза түсетіні жасырын емес. Кейде жастар пиротехникалық заттардың құрамындағы зиянды ұнтақ, химиялық қоспалар және металл санының шектен тыс көптігінің ағзаға кері әсерін елемей, «онда тұрған не бар?» деп жатады. Байқасаңыз, «40 рет атылады» деп алған отшашуыңыз кемінде 30 немесе 10 рет атылуы мүмкін. Тіпті, көп жағдайда атылмай қалады. Оның қанша рет көкке ұшқанын санап тұрған бала қырыққа жетпеген соң шайқап көріп, ішіне үңіледі. Жарақат алу ықтималдығы осындай жағдайда арта түседі. Осындай әрекеттен көзі ағып, шайқаймын деп қолы күйді. Солай, қауіптің әп-сәтте келгенін білмей қалады.
Отшашу десе, ең алдымен Үндістанда болған оқиға еріксіз еске түседі. Бұл оқиға 2016 жылы орын алса да, жұртшылықтың жадында өшпестей із қалдырды. Жылдағы дәстүр бойынша Үндістан халқы индуистік ғибадатханада өткізген фейерверк фестивалінің соңы қайғылы жағдайға ұласқан еді. Әлгі отшашуды ату барысында өрт шығып, 500-ге жуық адам жапа шекті. Бұдан кейін ізбе-із Мексикадағы Тультепек қаласының жарылыс болып, 29 адам қаза тауып, 72 адам жарақат алғаны естен кетер емес. Әсіресе, Қытайдың пиротехника зауыттарында бұндай жарылыс жиі орын алып жатады. Осыған ұқсас оқиғалар әлемнің шет қиыр жерлерінде де болғанын интернеттен тауып алу оңай. Әлемде осындай оқиғалар дүркін-дүркін болса да, көбісі осы отшашудан бас тартпайтынын қалай түсінуге болады?
Өзге елдер мұндай адам өміріне қауіпті заттарға тосқауыл қойып жатса, біздің халық керісінше бар жиған тергенін жаңа жылға тәттілер алып, отшашудың түрлерін таңдаумен әлек.
Дәрігерлердің мәліметінше, көбіне отшашудың кесірінен көз жарақатын, саусақ, қолын күйдірген, бет күйігімен келетіндер көп. Аудандық емхана дәрігері Ақсәуле Мурзаметова сөзімізді дәлелдей түсті.
– Отшашудың зиян екенін біле тұра көпшілігі соны тұтынып жатады. Бір реттік қуаныштың артында мәңгілік өкініш бар екенін көбісінің біле тұра сатып алатынына таң қаласың. Адамның көзі ең адамның нәзік жері емес пе, оны орнына қайта келтіру қиын. Қарапайым қауіпіздік шараларын сақтағанның өзін де, артында қайғылы жағдайдың орын алып жататыны аз емес. Сол үшін отшашудың қызығын көремін деп көз жанарымыздан айырылып қалмайық, – дейді ол.
– Отшашудың зиян екенін біле тұра көпшілігі соны тұтынып жатады. Бір реттік қуаныштың артында мәңгілік өкініш бар екенін көбісінің біле тұра ескерілмейтініне таң қаласың. Адамның көзі адамның ең нәзік жері емес пе, оны орнына қайта келтіру де азап. Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтағанның өзінде, артында қайғылы жағдайдың орын алып жататыны да аз емес. Сол үшін отшашудың қызығын көремін деп көз жанарымыздан айырылып қалмайық, – дейді.
Отшашудың адам денсаулығына зиянын келтіріп қана қоймай, қоршаған ортаға да біршама зиянын тигізетінін экологтар да айтып жүр, естір құлақ болса. Дегенмен де, бұл отшашудың қызығы әлі тыйылмайтын секілді. Бұдан өзге отшашудың жантүршігерлік оқиғаларының бейнежазбасы әлеуметтік желілерде де өріп жүр. Осы орайда төтенше жағдайлар бөлімінің инженері азаматтық қорғау аға сержанты Азамат Қорғанбаевтың да пікірін білген едік.
– Жаңа жыл мейрамы жақындап келеді. Мейрам жақындаған сайын сауда орындарында сапасыз, лицензиясы жоқ Қытай елінен пиротехникалық өнімдер келе бастайды. Әрине, кішкентай жеткіншектер, оқушылар, тіпті ер азаматтардың өзі осы өнімдерді пайдаланып жатады. Бұл заттардың бірінші адам өміріне қауіп төндіретіні және өрттің пайда болуына тікелей қатысты екендігін ұмытпаған жөн.
Барлық іс-шаралар өтетін орындарда арнайы сертификаты жоқ қытайдан келген пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға тыйым салынады. Электр сымдарының қысқаша тұйықталуына жол бермеу мақсатында электр сымдарының жалғанған жерлерін ереже, талапқа сай оқшаулау керек. Отшашуларды тек арнайы мамандардың бақылауымен ғана қолдану қажет. Мерекелік іс-шара өтетін орындарда алғашқы өрт сөндіру құралдарына қарау жүргізіп, жарамдылығын тексеріп, ғимараттың автоматты өрт дабылы қондырғыларының жарамдылығы мен эвакуациялық жолдарының ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Мерекелік іс-шараларды өткізу орындарының басшылары мен жауапты қызметкерлерінен мерекелік іс-шара өтетін орындарда өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауды сұраймыз. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында балалардың пиротехникалық бұйымдарды сатып алуына жол бермеу керектігін ата-аналар назарда ұстаса. Құрметті ата-аналар, пиротехникалық бұйымдар балалардың ойнауына арналған ойыншық емес екендігін ескертеміз. Пиротехникалық бұйымдарды пайдалану ережелерін сақтаңыз, жаңа жыл мерекесін қауіпсіз өткізейік. Төтенше жағдайларда «101», «112» құтқару қызметіне телефон шалыңыздар, – дейді сала маманы.
Байқағанымыздай, отшашу – ойыншық емес. Мұндай жарылғыш бұйымдар мерекенің, отбасылық қуаныштың шырайын келтіргенімен, денсаулыққа тигізер зияны шаш етектен. Ең алдымен, мамандар приотехникаларды сатып алар кезде ақауы бар, мыжылған, су тиіп, бояуы шашылған өнімдерге жоламаған жөн екенін ескертеді. Олардың аяқасты жанып кету қаупі жоғары көрінеді. Бірақ, халықтың басым бөлігі тауардың сапасына емес, көбіне бағасына бас ауыртатыны жасырын емес.
Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ