Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қамба дәнге, көңіл әнге толсын

Қамба дәнге, көңіл әнге толсын


Үш айдан астам егіс алқабында жүріп, тамшы тер төккен жаңақорғандық диқандар енді еткен еңбегінің жемісін көретін шағына таяды. Өткен аптада Шиелі ауданында бастау алған күрішке орақ түсіру маусымы біздің ауданда жалғасты. «Дала күні-2020» аясында аталып өтетін дала еңбеккерлерінің мерейлі мерекесі Қыркеңсе ауылындағы «Бекарыс-С» шаруа қожалығының танабында ұйымдастырылды. Серік Мырзабаев төрағалық ететін қожалықта өткен дәстүрлі семинардың жылдағыдан өзгешелігі мен қырманның басындағы қыруар шаруаны көзбен көріп қайтқан болатынбыз.


Иә, Жер Ананы еміп, ала жаздай маңдай терін сарп еткен күрішші қауым өнімді шашпай-төкпей жинап алуға кірісті. Шыны керек, биыл су тапшылығы болады деген ақпаратты естіген диқаншылардың тынысы тарылғандай еді. Алайда абырой болғанда берекелі істің қайтарымы жерде қалдырмады. Сыр өңірінің брендіне айналған «Маржан» сортын биыл жаңақорғандықтар 80 проценттен асырыпты...
Сонымен Қыркеңсеге жол тарттық. Сыр беткейдегі ауылдардың әкімдері мен ірі-ірі шаруашылықтардың төрағалары, ауылшаруашылығы бөлімі, қыркеңселік шаруалар жиналған семинар ертелеу басталды. Аудан әкімі Сұлтан Мақашов пен мәслихат хатшысы Ерғали Ілиясов жиынның басы-қасында болып, диқандардың еңбегін жоғары бағалады.
– Биылғы жыл қазақ еліне оңай тиген жоқ. Ерте көктемнен бері індетпен алысып, одан қала дария суының деңгейінің төмендеп кетуі егін шаруасына көп кедергі келтірді. Бірақ осындай қысыл-таяң шақта біз берілген жоқпыз, әрекет етіп келеміз. Соның нәтижесінде міне бүгінде күрішіміз жайқалып, орақ дайын тұр. Сондықтан барша диқаншы қауымға алғыс айта отырып, мерекелерімен құттықтаймын. Астығымыз молынан болсын, – деген аудан басшысы лента қиып, диқаншы қауымға сәттілік тіледі.
Сыр өңіріндегі шаруалар биыл 184,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарының дәнін тастаса, оның ішінде күріштің көлемі 89,5 мың алқапты құрады. Негізгі басымдық «Маржан» сортына беріледі. Енді аудандағы ахуалға келейік. Жаңақорғанда ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын барлығы 781 шаруашылық құрылымы болса, оның 485–і егін шаруашылығымен айналысады. Биылғы жылы 200 қожалық күріш егумен айналысса, егілген өнім көлемі 8346 аумақты құрады. Биыл күріш көлемі межеден 500 гектардан артығымен егіліпті. Демек егін бітік шықса, қамба дәнге толып, диқандардың еңбегі еселенетін болады.
Қыркеңсе округінде 20-ға жуық шаруашылық егінмен айналысса, олар­дың 90 процентке жуығы «Маржан» сортын тұтынады. Биыл барлығы 900 гектарға күріш дәні тасталса, «Бекарыс-С» қожалығына соның 60 гектардан астамы тиесілі.
– Шаруашылықтың құрылғанына 8 жылдан асты. Негізгі бағытымыз мал және егін шаруашылығы. Мал шаруасын бір ізге түсіргеннен кейін енді егін шаруашылығына басымдық берудеміз. Әртараптандыру бойынша күріш көлемін жыл сайын ұлғайтып келеміз. Былтыр 40 гектарға жеткізсек, биыл 60 гектардан асырдық. Биыл да былтырғыдай гектарына 60 центнерден өнім аламыз деген сенімдеміз. Биылғы межеміз жаңа комбайн алдық, өз өнімімізді бітірсек, көрші ауылдарға да жіберетін боламыз, – деді шаруашылық төрағасы.
Жалпы «Маржан» сорты біздің ауданға бойсұнған. Екінші жағынан, шығымы жақсы, әрі суды аз қажет етеді. Бірақ мұның да машақаты бар, күрішті баласындай мәпелемесе де мол өнім бермейтінін білеміз.
– «Бекарыс-С» шаруа қожалығында қызмет етіп жүргеніме 3 жылдан асты. Жылда егіс көлемін ұлғайтып, жоспардағыдай өнім алудамыз. Тың­айт­қыштарды уақтылы беріп, күтімін жасадық. 80 күнде суды байлап, жолын бөгедік, енді ертерек орып алу қалды. Жалпы қызмет осы, келер жылы бұдан да мол өнім жинауға жұмыс жасаймыз, – деді шаруашылыфқ күрішшісі Қасымхан Телхожаев.
Өнімді шашпай-төкпей жинап алу үшін шаруашылықта техникалар жеткілікті. Жақында су жаңа астық жинайтын комбайн сатып алынды. «ТОRUM» деп аталатын жаңа техника іске қосылды. Көлік тізгіндеуші Ғани Қайымов жаңа техниканың мүмкіншілігі өте көп дейді.
– Ең алдымен уақытты үнемдеуге болады, екіншіден бұрындары ескі­лерді жөндеп, май-май болып жүре­тін едік, қазір одан да құтылдық. Көлік толық жаңа технологиямен жабдықталған. Мұны айдау да оңайға соқпайды, арнайы курс оқып келдім. Бұйырса жемісін көреміз деген ойдамыз бұрындары күніне 15 тонна астық бастырсақ, қазір 90 тоннаға дейін бастырамыз, – деді ол.
Айтпақшы, биылғы семинардың бір ерекшелігі Шымкент шаһардан «Агро Дрон» компаниясы егіс алқабына керекті құрал-жабдықтарын ала келіпті. Яғни, егін даласынадағы жұ­мыс­ты жеңілдету, дәрілеу науқа­нында өте тиімді деп саналатын арнайы дрондарын жарнамалай кел­ген. Семинарда мамандар осыны тереңірек талқылады. Одан кейін ауыл әкімдері егін жинау науқандарына дайындықтарын баяндап, әртарап­тандыру бойынша тәжірибе алмасты.
– Ауылдағы ағайынның негізгі еңбек көзі мал және егін шаруашылығы болғандықтан осы кәсіпке бейімбіз. Жыл сайын егін көлемін ұлғайтып, өнім мол алуға тырысудамыз. Бірақ биыл су аздық етеді дегеннен соң күріш көлемін қысқарттық. Дегенмен шығымы жақсы, жылдағы межеден асыра орындаймыз, – деді ауыл әкімі Тәттімбет Әбдірейімов.
Иә, күздің суығы сезіле бастады. Ендігі жоспар жауын-шашынға қалмай тезірек өнім жинау. Оған техника мен жанар-жағар май жеткілікті көрінеді. Мәселен, аудан бойынша күзгі егін жинау және дала жұмыстарына 2 306 тонна дизель отыны бөлген. Арзандатылған дизель отынын тара­тушы-операторы ретінде«Нефть-Транс Қызылорда» және «Жаңақорған Оіl» ЖШС-рі болып белгіленді. Қазіргі таңда аудан орталығына 600 тонна жанар - жағармай әкелініп, әр литрін «Нефть-Транс Қызылорда» ЖШС – 165 теңге, ал «Жаңақорған Оіl»ЖШС-і – 163 тенгеден босатуда деген ақпар алдық тиісті мамандардан.
Ал, техникаларға келсек, 135 трактор, 61 астық жинау комбайндері
45 трактор тіркемесі қатыстырылған. Соның ішінде биылғы жылы аудан шаруашылық құрылымдары бойынша жаңадан 3 дана МТЗ-82, 6 дана МТЗ-80 тракторы,1 дана К-739 доңғалақты тракторы, 2 дана РСМ-181«Torum-750» роторлы комбайны және 3 дана MacDon маркалы комбайны, 2 дана лазерлі жер тегістегіші алынып, машина-трактор паркі 39,5 пайызға жаңаланды.Күрішті бастыру мен ору науқаны қазан айына дейін толық бітеді деді жауапты сала мамандары.
– Егілген 8 346 гектар күріш дақылының 6 747 гектарына «Маржан» сорты, 1 400 гектарына «Лидер», 170 гектарына «АйКерім» сорты егілді. Сонымен қатар, 21 тонна жаздық бидай, 5 тонна арпа, 40 тонна мақсары, 50 тонна жоңышқа тұқымдары себілді. Былтырғыдай биыл күріштің өнімділігі артады деп үміттеніп отырмыз, – деді ауыл шаруашылығы бөлімінің бас аграномы Даурен Абибуллаев.
Ел экономикасының негізгі драй­веріне айналған ауыл шаруа­шылығы саласының аудандағы егіс­тік, оның ішінде күрішке орақ салу науқанының тыныс-тіршілігі осындай. Ал алар бағасы өнім сапалы, бағасы қолжетімді. Бұл әрине шаруашылықтардың майдай тер, еткен еңбегінің арқасында.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

29 тамыз 2020 ж. 853 0