№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Тоғыз мәселенің түйіні қалай шешіледі?

Тоғыз мәселенің түйіні қалай шешіледі?

Жақында аудандық жұмыспен қамту орталығында «Ашық есік күні» өтіп, көп балалы аналармен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың арыз-шағымы тыңдалған болатын. Осыған байланысты, әкімдік жанынан құрылған жұмысшы топ пен БАҚ өкілдерінің басын қосқан аудан әкімі Ғалым Әміреев брифинг өткізді. Ә-дегеннен әкім «Ашық есік күнінде» түскен талап-тілектің 80 проценті шешімін табатынын тілге тиек етті. 242 тұрғынның 368 өтінішімен жеке-жеке танысып шыққан аудан әкімі ең өзекті деген тоғыз мәселенің түйінін тарқата айтып берді. Оның ішінде, екеуі Үкімет деңгейінде шешілетін шаруа. Қалғаны, облыстық, аудандық көлемінде атқарылатын жұмыс.


Бірінші, «Ашық есік күні» ең көп көтерілген шағымның бірі – «Алтын» және «Күміс» алқалы көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны 16 500 теңгеден ұлғайту жайы айтылды. Сондай-ақ тұрғындар 4 және 5 балалы 18 жасқа дейінгі аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемін өсіруді сұраған.
Бұл Үкімет деңгейінде шешілетін шаруа деген аудан әкімі Ғалым Махмұтбайлы: «Өздеріңізге белгілі, Елбасы тапсырмасымен ақпан айының басында Үкімет жанынан азаматтардың табысын арттыру және өмір сапасын жақсарту, әсіресе көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту жөнінде жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы алдына екі ай мерзімде нақты тетіктер әзірлеу және азаматтардың аталған санатының проблемалық мәселелерін шешу үшін бюджеттен қосымша резервтер табу міндеті қойылды. Нәтижесі уақыт еншісінде», – деді.
Екінші, жұмыссыздық мәселесі. «Ашық есік күні» тұрғындар тарапынан жұмыс сұрап 73 өтініш түскен. Бұл мәселе толыққанды шешімін табатын болды. Аудан әкімі аталмыш 73 өтініш иесі наурыз айынан бастап 10 ай мерзімге қоғамдық ақылы негізде жұмысқа тартылатынын жеткізді. Айта кету керек, қоғамдық жұмысқа тартылатын әрбір тұрғынның еңбекақысы 1 айға 44 753 теңге болса, қолына тиетіні 38 250 теңге. Айта кету керек, жыл басынан бері, аудандық жұмыспен қамту орталығына ақылы қоғамдық жұмысқа барлығы 522 жұмыссыз тіркелген.
Үшінші, тұрғындар тарапынан қаржы сұрап 69 өтініш және мемлекеттік грант жеңіп алуға 46 өтініш түскен. Бұл бағытта аудан басшысы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты бойынша кәсіп жасағысы келген тұрғындарды несиелендіру жұмысы биылда жалғасын табатынын сөз етті. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға бағытталған гранттық негіздегі 100 АЕК көлеміндегі қаржылай қолдау беріледі. Яғни, алдағы сәуір айынан әрқайсысы 252 500 теңге болатын қайтарымсыз қаржыны алуға мүмкіндігі бар. Әкім «Жастар жылында» жастарға қолдау шараларын көрсету мақсатында республикалық бюджеттен қосымша 101 000,0 мың теңге қаржы сұрағанын жеткізді.
Төртінші, атаулы әлеуметтік көмек сұрап 68 өтініш түскен. Өздеріңізге белгілі, «Мемлекеттік әлеуметтік атаулы көмек туралы» Заңына сәйкес бір адамға немесе отбасына атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін отбасының әрбір мүшесі есебінен орташа жан басына шаққандағы табыс және облыстарда белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырмасы түрінде уәкілетті орган есептейді. Жалпы, өтініш иелерінің табыс салығы есептелініп, нақтылаған жағдайда атаулы әлеуметтік көмек берілетін болады.
Бесінші, «Ашық есік күні» 49 отбасы баспаналы болсақ деген тілегін қағаз бетіне түсірген. Бұл мәселенің шешімі ретінде аудан әкімі Ғалым Әміреев, кенттегі МАЙ бекеті аумағынан тұрғын үй салуға арнайы жер белгіленіп, наурыз айынан бастап, жобалау-сметалық құжаты дайындалатынын жеткізді. Сәтін салса, сәуір, мамыр айында арендалық тұрғын үйдің құрылысы басталады.
Алтыншы, 26 өтініш иесі кент орталығынан үй іргелік жер телімін алсақ деген ниетін жеткізген. Бұл мәселеге орай, кент әкімдігі жанынан арнайы комиссия құрылып, жер кезектілігін реттеу жұмыстарын бастап кеткені белгілі болды.
Жетінші, ауыз су мәселесі жөнінде 8 өтініш, ал, медициналық көмек сұрап 6 өтініш түскен. Алғашқысы алдағы уақытта демеушілердің қолдауымен шешімін табатыны белгілі болды. Ал, медициналық көмек мәселесі Заң шеңберінде қаралып, тиісті жауабы беріледі.
Сегізінші, біржолғы азық-түлік көмек сұрап 6 өтініш түскен. Жалпы, бұл мақсатта 22-23 ақпанда демеушілер арқылы қайырымдылық акциясы өтетінін жеткізді. Әрине, бұған дейінде шын мұқтаждарға аудан көлемінде қайырымдылық шаралары үзілген емес. Жүздеген тұрмысы тұралаған отбасы жомарт жандардың қамқорлығын сезінген.
Тоғызыншы, Елбасымен кездесуге, еңбек дауы, қаржылай несие алу, инфрақұрылым жайы жайлы 17 өтініш түскен. Бұл мәселе бойынша алдағы уақытта аудан әкімдігіне қарасты тиісті сала басшыларына жолданып, оң шешімін табуға жұмыс жасалынатыны белгілі болды.
Осылайша, алқалы басқосуды түйіндеген аудан әкімі Ғалым Әміреев «Ашық есік күні» түскен арыз-шағымдардың 80 проценті шешімін табатынын жеткізді. Оған қоса, өңірдегі аудандар арасында көп балалы отбасылар саны бойынша Жаңақорған көш басында. Не десекте, әр баланың өз несібесі бар...

Әбдісамат ӘБДІШ.
23 ақпан 2019 ж. 763 0