№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ШАЛҚИЯДАҒЫ ДҮБІРЛІ ТОЙ

ШАЛҚИЯДАҒЫ ДҮБІРЛІ ТОЙ


Биыл Шалқия кентінің қазығы қағылғанына 40 жыл. Өтпелі кезеңдерді еңсеріп, қайта жаңдана бастаған кенттің мерейлі мерейтойы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. «Беткейлі белде, қойнауы кенде, биікке өрле! Жасай бер жаса, Шалқиям!» атты шарада спорттық сайыстар өрбіді һәм рухани-мәдени шаралармен жалғасты.


Алдымен жастар жағы спорттық жары­стардан бақ сынады. Қол күрес, гір тасын көтеру, арқан тартыс және шағын футболдан жүлде үшін тартыста жастар жарыстың көркін қыздырды. Ал кешқұрым концерттік бағдарламаға ұласқан шараны кент әкімі Әбдімәулен Сабырханов ашты:
– Қойнауы кенге толы киелі Шалқияның тарихы тереңде. Байлығымен ғана емес, танымал тұлғаларымен, жасампаз істерімен де мақтана алатын кенттің бүгіні келісті, келешегі кемел. Бүгінгідей шараның өтуіне ұйытқы болып, туған өлкенің түтінін түтетіп жүрген азаматтардың патриоттық қырлары өскелең ұрпаққа өнеге. Осы дәстүр алдағы уақытта ұрпақ жалғастығына ұласып, кент көркі көркейе беруіне тілектестік білдіремін, – деді әкім.
Ақжарма тілегін «Шалқия Цинк» ЛТД бас директоры Асқар Жаукенов, Шалқия кенішінің тарихын жазған Сабырқан Тоқымов, ардагер кенішші, «Шалқия Цинктің» бұрынғы директоры Абдулхан Қамбарбеков, бұрынғы ауыл әкімі Тұрсынбай Иматаев жеткізді. Кеніштің атқарған жұмыстары айтылып, кент тарихынан құнды мағлұматтар айтылды. Кенттің жасы үлкен қариясы Әліп Садықов пен №86 орта мектеп директорының орынбасары Ақылбек Біжікеев те шара барысында жылы лебізін білдіріп, жастарға сәттілік тіледі.
Одан кейін Шалқия кентінің құрылуына үлкен үлес қосқан еңбек ардагерлері мара­патталып, иығына шапан жабылды. Концерттік бағдарлама жалғасын тауып, соңы би кешіне ұласты. Ас беріліп, Құран бағышталды.
Жастар жағы асыға күткен спорт жарыстарына да кезек келді. Білектілер сынға түскен қол курестен бірінші орын Мұхтархан Кәрібаевқа бұйырса, екінші орынға Алмат Ергешбаев жайғасты. Ал қола Бағлан Ергешбаевқа бұйырды. Гір тасын көтеруден тұғыр биігіне Алмат Ергешбаев көтерілсе, Руслан Ыдырысов екінші, Бағдат Шайықов үшінші орынды місе тұтты. Арқан тартыстан бас жүлде Құттықожа ауылының қанжығасында кетті.
– Ауылдың 1977 жылы туылған азамат­тарынан бастап 2001 жылғы жастары түгел жиналып, тойдың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты. Мәдени, спорттық шаралар жоғары деңгейде өтті. Алыстағы ағайын түгел келді. Ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем мекеннің тұрғындарының осындай іргелі істері арта берсін, – деді белсенді жас Есқара Бейбіт.
Таңға дейін жалғасқан ала доп аламаны нағыз тойдың көркін қыздырды. Ауыл-ауылдан келген 13 команда жүлде жолында аянып қалмады. Тартысты өткен турнирдің бірінші орыны Шалқияның «Тұлпар» командасына бұйырды. Шиелінің «Еңбекші жастары» екінші орынға, жергілікті «Қарасақал» командасы үшінші орынға жайғасты.
– Спорттық шаралар, оның ішінде футбол кеші керемет ұйымдастырылған. Ауыл жастарына алғыс білдіреміз, осы дәстүр жылда жалғасын тауып, өскелең жастарға өнеге бола берсін, – деді Шиеліден келген аяқдопшы Алмат Қантаев.
Міне, шалқиялықтардың асыға күткен думан-тойы осындай деңгейде өтті. Ең бастысы, ауылдағы ағайынның басы бір қосылып, өскелең жастарға өнеге болды. Өйткені болашақ солардың қолында.

Әлібек ТЕМІРБЕК
27 шілде 2019 ж. 1 165 0