АУЫЛДАРДАҒЫ МЕРЕКЕ
Ауданның 26 кент, ауылдық округінде өткен ауыл тойы ерекше нақыш сыйлады. Ауылдар арасында Сунақата мен Байкенже ауылы бірінші болып той бастады. Сунақатадағы күрес жеті түрлі салмақта өрбіді. «Түйе палуан» күресіне елдің қызығушылын артты. Шарада футбол, қол күрес, гір тасын көтеруден мықтыларды анықтады.
Байкенжедегі наурыз тойында ауданның өнерпаздары өнер көрсетті. Спорттық жарыс бойынша бақ сынасқан жандар бағалы сыйлыққа ие болды. Қол күрестен Сейітхан Өтебаев, Медет Нұртасбек, Нұрбек Тұрсынбай үштікті бөлісті. Гір тасын көтеруден Сейітхан Өтебаев бірінші орын, Біржан Өскенбаев екінші орын иеленді. Футбол бойынша ауылдық округ әкімдігінің командасы бірінші орын, ересектерден құралған «Байкенже» командасы екінші орын, «1998 жастары» үшінші орынға тұрақтады. Шараға 1981 жылы туылған азаматтар қолдау білдірді. Аққорғандағы той рухани сабақтастықпен үндесті. Алтыбақан теуіп, сауық құрған жастар әннен шашу шашты. Бесікке салу мен тұсау кесу рәсімін жасап, жастарға тәрбиелік тағылым көрсетті. Жарыстың барлық түрі, оның ішінде бұқа тартыс жарысы өткізілді. Қаратөбеліктер ойын-сауықтың ерекше түрін спорттық жарысына енгізіпті. «Бағанаға өрмелеу» ойынының ережесіне сәйкес 14 метр бағананың үстінде қомақты сый күтіп тұрды. Бағананы бағындырған адамға арнайы сыйлық жасады.