ЖАҢА МЕКТЕПТІҢ ҚАРЛЫҒАШТАРЫ ҚАНАТ ҚАҚТЫ
Соңғы қоңырау үні естілді. Шәкірттер көзінде қуаныштың лебі, үлкен өмірге қадам басатын сәттегі серпіліс селі байқалады. Ал, ұстаздардың шәкірт қуанышына жүрегі елжірегенімен, іштей қимастық сезімі бары сезіледі. Осыдан тоғыз жыл бұрын тарыдай болып мектепке енген балапандар енді таудай болып ұядан қанат қаққалы тұр. Кейден ауылдық округіне қарасты Аққұм бекетіндегі №221 білім ошағынан тоғыз қарлығаш жаңа мектептен түлеп ұшуда. Осы күні Аққұмдағы ағайын асыға күткен жаңа ғимараттың кілті де табысталды.
Облыстық мәслихат депутаты Жанкелді Ойшыұлы мен «Нұрталап» ЖШС құрылыс мекемесінен Қуатбек Искаков арнайылап келіп, жаңа нысанның лентасын қиды. Салтанатты шара мектеп өнерпаздарының ән шашу, мың бұралған биімен ашылды.
– 2017 жылы құрылысы басталған білім ордасы былтыр пайдалануға берілді. Әрине, бірнеше кедергілер орын алуымен сәл кештеу берілді. Десе де, мектеп зуаманауи үлгіде жабдықталған, балалар толыққанды білім алатын ордаға айналды. Енді осы мектептен келешек ел игілігне еңбек ететін біртуар азаматтар түлеп ұшатынына сенім білдіремін, – деген Қуатбек Искаков мектеп директоры Жиренбай Жанасбаевқа кілтті табыстады.
Иә, аққұмдықтар көптен күткен 100 орындық мектеп ресми түрде пайдалануға берілді. Сметалық құны – 418 821 мың теңге тұратын ғимаратта компьютер кабинеті, мәжіліс және спорт зал бар. Қазір мектепте 129 оқушы білім алады. Сөз кезегін Жанкелді Ысқақов алып, ұстаздар мен ата-аналарға, оқушыларға жылы лебізін білдірді.
– 2016 жылы депутаттыққа үміткер ретінде ауылдарыңызға іс-сапармен келген едім. Сол кезде ескі мектептің хал-ахуалын көріп, келешектеп жаңа мектеп салынуына қолқанат болуға уәде еткен едім. Міне, сол күнге де жеттік. Жаңа мектеп ел игілігіне берілді, енді тек қуанышты жаңалықтармен жүздесетін болайық, – деп мектепке сый-сияпатын тарту етті.
500-ден аса тұрғыны бар Аққұмдағы негізгі мектептің жеткен жетістігі бір төбе. Мәселен, қашықтық олимпиададан мектеп облыста үнемі жүлделі оралады. Ал, аудандық сында қашанда үздіктер қатарында. Әрине, мұның бәрі ұстаздардың еселі еңбегі, сондықтан жаңа мектептің тартуы орынды. Ауыл әкімінің заңгері Ұзақбай Жүсіпов ақұмдықтарды жаңа мектебімен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді.
– Біз бұл мектепті 18 жыл күттік. Осыдан 18 жыл бұрын асар әдісімен салынған ескі ғимаратта бүгінгі күнге дейін оқыдық. Енді шүкір дейміз. Алдағы уақытта осындай биіктерден ккөрінуге жұмыс жасаймыз. Ауданда 42 мектептің алтауы негізгі мектеп болса, соның алдыңғы қатарында келеміз. Сондықтан, құрылысты сапалы аяқтауға ықпал еткен Жанкелді Ойшыұлы мен мекеме басшысы Қуат Искаковқа ауыл халқы атынан алғыс білдіреміз, – деді мектеп директоры.
Мерекелік шара 9-сыныпты бітіріп ұшқалы отырған түлектерге ақжол тілеп, ізгі тілек білдірумен жалғасты. Әсіресе, мектепке енді қадам басқан бірінші сынып оқушыларының жылы шырайы көпшілікті тәнті етті. Мұғалімдер мен ата-аналар тілектерін айтып, шығарып салды. Әрі, түлектердің ата-аналары мектепке музыкалық аппаратура тарту етті. Осылай жаңа мектептің алғашқы қарлығаштары ыстық ұясынан жаңа өмірге қанат қақты.
– Біздің болашағымыз осы балалар ғой, сондықтан, олардың алаңсыз білім алуы үшін бар мүмкіндікті жасауымыз керек. Міне, бүгін біздің ауыл қанша жылдан бері күткен мектепке де қол жеткізіп жатыр. Сондықтан, баршаларыңызға алғыс білідерімз. Болашақ үшін жасалынып жатқан осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба берсін, – деді ауыл ақсақалы Арыстанбек Мұсаев.
Әлібек Жарықбаев.