№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » КҮРІШТІҢ ЖАҢА СОРТТАРЫ – ӨНІМДІЛІКТІҢ НЕГІЗІ

КҮРІШТІҢ ЖАҢА СОРТТАРЫ – ӨНІМДІЛІКТІҢ НЕГІЗІ


Күріштің өнімділігі сорттың және оның тұқым шаруашылығын жүргізудің маңызы зор. Сондықтан күріш өсіретін барлық елдерде жоғары өнімді, жарма сапасы жоғары, ауруларға және жергілікті жердің климаттық жағдайларына бейімделген сорттарын шығарып, өндіріске енгізуге көп көңіл бөлінеді.


Үлкен көлемде күріш егетін Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде (Қытай, Үндістан, Жапония т.б.) күріштің жүздеген сорттары шығарылған. Ол сорттар сол елдердің ауа райы мен топырақ ерекшеліктері әртүрлі аймақтарына бейімділігі бойынша аудандастырылады. Сонымен қатар, әр елдердің күріштен түрлі ас әзірлеу дәстүріне байланысты жармасының қасиеттері әртүрлі сорттарға сұранысына сәйкес өсіріледі. Мәселен, Оңтүстік Шығыс Азия елдері көбіне күріштің «индика» түр тармағына жататын ұзын дәнді сорттарын егеді. Ал, Еуропа, Америка, Ресей, Жапония мен бізде «японика» түр тармағына жататын қысқа дәнді сорттардың үлес салмағы басым болып келеді.
Күріш әлемде жалпы екі түрлі әдіспен: көшеттеп өсіру және құрғаққа немесе суға дәндерін сеуіп өсіру әдістерін қолданып өсіріледі. Осыған байланысты аталған технологияларға бейімделген сорттар егілуі тиіс.
Қазіргі кезде жоғары өнімді шет елдік сорттарды жергілікті жағдайларға бейімдеп өндіріске енгізу (трасферт) мәселесі айтылып жүр. Әрине, бұл бағытты да теріске шығармай, біздің жерде жоғары өнім бере алатын сорттардың мүмкіндігін пайдалануға әбден болады. Алайда, селекциялық жұмыстар түрлі әдістерді, оның ішінде, негізінен, будандастыру әдісін пайдаланып ұзақ жылдар бойы жүргізіледі. Осы жылдары болашақ сорттар жергілікті жердің қолайсыз стрестік жағдайларында түрлі сынақтан өтеді. Соның арқасында «жүзден жүйрік» секілді селекциялық питомниктерде 7-8 жыл зерттелген жүздеген үлгілердің ішінен ондаған үлгілер таңдап алынып, 2-3 жыл бойы конкурстық сынақтан өтеді. Бұл үлгілер перспективті сорттар ретінде тіркеліп, олардың сорттық технологиялары әзірленеді.
Сондықтан, біздің жерде экологиялық сынақтан өтпеген шет елдік сорттардың кейбірі ауа-райының қолайсыздығына байланысты пісіп-жетілмей қалуы немесе сиреп қалуы т.б. жағдайларға байланысты өнімділігі төмендейді. Мысалы, өткен жылы байқалған көктемгі қолайсыз ауа райы мен су тапшылығының салдарынан облыста көп көлемде егіліп жүрген ресейлік «Лидер» сорты жекелеген шаруашылықтарда толық піспей қалды. Ал, жергілікті жерге әбден бейімделген Маржан сорты барлық жерде де жаман өнім берген жоқ.
Сол себепті, күріш өсіретін әрбір аймақта, әсіресе, басқа жерлердің, оның ішінде, Ресейдің топырақ-климат ерекшеліктеріне ұқсамайтын Қызылорда облысында жаңа сорттар жергілікті жер жағдайында шығарылғаны абзал. Облыстың климаты күрт континентальды болып келеді, яғни, ауа-райы күрт өзгеріп тұрады. Көктем мен күз айларында күн мен түннің температурасындағы айырмашылық өте көп, ал, жаз айлары өте ыстық болады. Оның үстіне, облыстың күріштік жерлерінің топырақ тұздылығы жоғары болып келеді. Облыстық агроөнеркәсіп кешенін ғылыммен қамтамасыз ететін бірден-бір ғылыми мекеме – Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары соңғы жылдары күріштің жаңа, жергілікті жерге бейімделген, жоғары өнімді «Сыр Сұлуы» және «АйКерім» сорттарын шығарып мемлекеттік сортсынаққа берді және бұл сорттардың тұқымын жеделдетіп көбейтуде. Аталған сорттар «Мағжан и К», «Таң», «Агротехнология», «Ер Али» секілді ірі-ірі шаруашылықтарда да өндірістік сынақтан өтуде.
Сыр Сұлуы сорты – 105-110 күнде ерте пісетін сорттарға жатады. Өсімдік биіктігі орташа 95-100 см шамасында, ал, масағы салалы – 18-21 см дейін жетеді.
Бұл сорттың дәндері ірі болып келеді. Мысалы, дәнінің ірілігі орташа Лидер сортының 1000 дәнінің массасы 31-32 грамм болса, Сыр Сұлуы сортының бұл көрсеткіші 35-36 грамды құрайды. Жалпы жарма шығымы өте жоғары – 72-73 процент, ал, сорттық жармасы 62-64 процентке жетеді.
Сыр Сұлуы сорты тұздылыққа және төмен температураға төзімді. Алғашқы өсу қарқыны жоғары болғандықтан өсімдік көгі біркелкі тез өсіп шығады. Сол себепті, бұл сорттың себу нормасын гектарына 200-230 келіден асырмай себуге болады.
Конкурстық сортсынақта сорттың өнімділігі 70-80 ц/га жетіп стандарттан 4-7 ц/га артық өнім берді. Сорт жоғары агрофонда жақсы өнім береді. Ең жоғарғы өнім-түптену фазасының басында және аяғында азот тыңайтқышымен үстеп қоректендіріліп алынды. Ең жақсы алғы дақыл-көп жылдық шөптердің (жоңышқа, түйежоңышқа) қыртысы, ең қолайлы суға бастыру мерзімі – 10-15 мамыр.
Сыр Сұлуы сортының айрықша ерекшеліктеріне – ұзын дәнділі, масағының дәнділігі мен дән сапасының және өсімдігінің бастапқы өсу қарқынының жоғарылығы жатады. Бұл сортты Қазақстанның күріш өсіретін барлық аймақтарында егуге болады.
АйКерім сорты – орташа мерзімде (110-115 күнде) пісетін жоғары өнімді сорттарға жатады. Сорт өсімдіктің едәуір биіктігіне қарамастан жығылуға төзімді, ал масағы өте салалы, ұзындығы 23-25 см дейін жетеді. Бір масақтағы дән саны 150-170 дана, ал, 1000 дәнінің массасы 32-33 грамм, яғни, ірілігі Маржан сорты дәндерімен шамалас болап келеді. Дәндерінің шыны түстілігі жоғары – 90-92 процент. Жалпы жарма шығымы 68-70 процент, ал ондағы бүтін ядросы 80-85 процентті құрайды.
Сорт бастапқы өніп-өсу кезеңінде салқындық пен су қабатының тереңдігіне төзімді. Саңырауқұлақ аурулары мен тұздылыққа төзімді, төгілуге төзімділігі орташа. Сол себепті сортты ору мен бастыру аралығын созып алмау керек.
Конкурстық сынақтан өткен жылдары гектарына 80-85 центнерден тұрақты өнім берді.
АйКерім сорты минералды тыңайтқыштардың орташа және жоғары дозаларында, көпжылдық шөптердің қыртысы мен аударма қыртысында жоғары өнім береді.
Солтүстік және Орталық аймақтарда тұқымын сеуіп суға бастыруды 10 мамырға дейін, ал, Қызылорда облысының оңтүстік аймағы мен Түркістан облысында – 15 мамырға дейін аяқтағаны дұрыс. АйКерім сортын, негізінен, Орталық және Оңтүстік аймақтарда өсірген тиімді.
Қорыта айтқанда, жергілікті селекцияның Сыр Сұлуы мен АйКерім сорттарын ауа райының қолайсыз жағдайлары мен топырақ ерекшеліктеріне көп қауіптенбей Сыр өңірінің барлық күріш өсіретін шаруашылықтарында егіп, тұрақты мол және сапалы өнім алуға толық мүмкіндік бар.

Құрманбек БӘКІРҰЛЫ,
ауыл шарашылығы ғылымдарының докторы,
Ауыл шаруашылығы академиясының
корреспондент мүшесі.

Керімхан ЕГІЗБАЕВ,
ғылыми-өндірістік «Агротехнология»
шаруа қожалығының басшысы,
селекционер-ғалым.


06 сәуір 2019 ж. 1 315 0