Ринат Зайытов бағдарлама жүргізуге көшті
Айтыскер ақын Ринат Зайытов тележүргізуші Мақсат Толықбаймен бірге "Еуразия" бірінші арнасында "Бір сұрақ" бағдарламасының тізгінін ұстамақшы. Бұл туралы Мақсат Толықбай өз Facebook парақшасында хабарлады, деп жазады zhanaqorgan-tynysy.kz.
Жаңа бағдарлама туралы айтқан журналист рейтинг қуудан аулақ екенін жеткізді. Ол халықтан Ринат Зайытовтың "ток-шоу жүргізгеніне" таң қалмауды сұрады.
"Бірігіп бір нәрсені бүлдіру керек еді" деп, осыдан екі жыл бұрын Ринат екеуміздің бір-бірімізге қарап күлгеніміз бар. Не болса да, ақыры бірігіп бір дүние жасап көрмекпіз. Батыл ойларын жұрт алдында онсыз да бүкпесіз айтып, хан қаһарынан тайсалмай сөйлеп жүрген Ринат "ток-шоудың жүргізушісі болып кетіпті ғой" демесеңіз, өзгере қалған ештеңесі жоқ! Сол баяғы Ринат...Менің де билікке жағына сөйлей қалған кезім есімде жоқ. Бар болса, айтыңыздар?
Бірақ, жеті жыл жаңалықтардың дикторы болған адамға ток-шоуға төселе қою оңай емес екен. Бастысы, эфирді әнші, сырнайшылармен толтырып, екі адамның арасындағы бет жыртысты көрсетіп, арзан рейтинг қуудан бірден бас тарттық.
Айтпақшы, мың сұрақ туғызған "Бір сұрақ" деп атадық атын", - деп жазған ол.