Қоғамдық кеңестер елдің дамуында маңызды мәселелерді талқылайтын институтқа айналды
Қоғамдық кеңестер елдің дамуында маңызды мәселелерді талқылайтын институтқа айналды. Сондықтан аудандық қоғамдық кеңестің күн тәртібінде қаралған мәселелер ерекше мән беруге керек-ақ. Бұл жолы 2019-2021 жылдарға арналған аудандық бюджет жобасы және көшелеге атау беру жөніндегі ұсыныстар қайта қаралды.
Алдымен, бақылаушы орган төрағасы Мәжит Балқожаев күн тәртібіндегі екінші мәселеден бастауды жөн көрді. Бұл жөнінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аягөз Айдосова мәлімдеме жасады. Аудан орталығы мен Қыркеңсе, Қосүйеңкі және Кейден ауылдық округтеріндегі атауы жоқ көшелерге тұлғалардың есімін беру ұсынылды.
– Қазір Кейден ауылынан – 3, Қосүйеңкі мен Қыркеңседен бір-бір көшеге атау беру туралы ұсыныс бар. Қалған 10 көше кенттегі көшелерге байланысты келген өтініштер, – деді хабарламашы.
– Жалпы, көшеге есімі берілетін азаматтардың еңбегі ел үшін елеулі қашанда. Көбі екінші дүнеижүзілік соғысқа қатысқан сүйегі асыл жандар еді. Сондықтан, әсіресе кентте берілетін көше атауларын құптаймыз, – деді Алшынбай Тұртанов.
Келесі кезекте, 2019-2021 жылдарға арналған аудандық бюджет жобасы талқыға түсті. Үш жылға бекітілетін бюджеттің кірісі мен шығыны жайлы аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ахмет Қасқабасов сөз алды.
Кеңес мүшелерін алаңдатқаны аудандық бюджеттің жалпы шығындар көлемінің жыл сайын азаюы. Яғни, 2019 жылы 14 млрд. болса, 2020-2021 жылы бұл көлем 2 млрд-қа кеміген.
– 2019-2021 жылдарға арналған аудандық бюджеттің кірістері келер жылға 14 984 981 мың теңге болса, 2020 жылға – 12 612 175 мың, 2021 жылы – 12 730 539 000 теңгені құрайды. Оның ішінде салық түсімдері 2019 жылы 2 млрд. теңгені құрауы тиіс. Мүлік салығы, төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығы және әлеуметтік салыққа басымдық көбірек беріледі. Осы түскен салық түсімдерінің 50 пайызы ауданға, қалғаны облыстық бюджетке беріледі, – деді мекеме басшысы.
Енді шығындарға келсек, 2019 жылға республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы ағымдағы трансферттер 1 932 285 мыңды құрайды. Келер жылы ең төменгі жалақыға байланысты азаматтық қызметшілердің, бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлері мен мемлекеттік кәсіпорындар қызметкерлерінің жекелеген санаттарының жалақысы артады. Ол үшін республикалық бюджеттен 510 432 000 теңге қаралыпты. Сондай-ақ, әрбір мекеменің атқаратын жұмыстарына, әсіресе білім саласына құйылар инвестицияның ауқымы кең. Мәселен, тілдік курстан өтуге, педагог-психологтардың жалақысын көтеруге, әрі олардың педагогикалық шеберлік біліктілігін арттыруға, ұлттық біліктілік сынағынан өткен және бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұстаздарға көңіл бөлінетін болады.
Айта кетейік, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету нормаларын көбейтуге, ымдау тілі маманының қызмет көрсетуге және техникалық көмекші құралдар тізбесін кеңейтуге 31 918 000 қаржы қаралған. Мұнан өзге халық саны 2 мыңға жетпейтін ауылдық округтертердің экономикалық өсіміне оң әсерін тигізетін салаларға аудандық бюджеттен 12 373 930 мың теңге қарастырылған. Оның ішіне аудандық мәслихат пен аудан әкімінің аппараты да кіреді.
Жалпы алғанда келер жылға нақты жоспар осындай. Осы секілді 2020-2021 жылдары да нақты тарифтер бекітілген. Ендігі кезек сапалы қызмет жасай білуде.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.