АУДАНДА ІТ-СЫНЫП АШЫЛДЫ
Елбасы Жолдауынан туындаған басым бағыттың бірі – сандық технологияны жаңғырту. Бұл дегеніміз – Қазақстанда алдағы уақытта ғылыми технология дамып, инновациялық игіліктер кең қанат жаяды. Осы тұста ең маңыздысы – бірінші басымдық ретінде жеделдетілген технологиялық жаңғырту екенін айрықша атап өту керек. Яғни, Елбасы цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияны өркендету – бұл маңызды кешенді міндет деді. Әсіресе, Қазақстанда бірқатар саланы өрістету керектігін айта келе, ІТ-технологияны дамытуға тапсырма берді. Қазіргі күннің өзінде дамыған мемлекеттерде аталмыш құрылымдар экономиканың бір бөлшегіне айналғаны белгілі.

– Президент Жолдауында адами капитал сапасын арттыру назарға алынған. Мұның бәрі түптеп келгенде, егеменді елдің бәсекеге қабілетті отыз озық елдің қатарына енуіне даңғыл жол ашады. Білім мен ғылым, инновация дамыған жерде ілкімді істердің алға қадам басатыны белгілі. Сол үшінде бағдарламалық құжатта айтылған ІТ-технология саласын бүгінгі заман жастары меңгеруге барын салуы тиіс. Себебі, бұл – заман талабы. Осылайша қазақ жастары интернетті игілігіне икемдеп, инновацияның мол мүмкіндігін меңгеріп, Қазақ елінің қарыштап дамуына өзіндік үлесін қоса алады. Тек белсенділік танытып, заманауи ілімнің заңғар шыңына шығуға мақсат қойса болғаны. Сонда ғана, қуатты Қазақстанның сандық технологиясы отандық ғылымның өрісін кеңейтуге тынысын ашады. Бұл бағытта Жайылма ауылында ашылған ІТ-сыныптың маңыздылығы жоғары – деді, аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков.
ІТ-сыныптар тың идеялар мен жаңа ізденістерге жол ашады. Инновациялық технологияны игеруге икемі бар таланттардың білімін арттырып, шығармашылығын шыңдауға үлкен мүмкіндік. Бұл бағыттағы жетекші партияның жобасы жайлы кеңірек «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев айтып берді.
– Партияның «Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптар» жобасының көтерер жүгі жеңіл емес. Бұл жоба аясында еліміз бойынша 1000 ІТ-сынып ашылып, онда жылына 8-16 жас аралығындағы 150 мың бала бағдарламалау және робот техникасының негіздері жайында Еуропалық білім беру стандарты негізінде тереңдетілген білім алады. Әзірге 2018-2020 жылдарға, еліміз бойынша 450 мың баланы оқыту көзделген. Бұл бастама оқушылардың түрлі байқауларға қатысуына мүмкіндігін кеңейтеді. Цифрлы технологияны меңгеріп, адами капиталдың сапасын арттырады, – деді Мәжит Балқожаев.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов технопарк оқушылардың шығармашылық потенциалын арттырып, заманауи технологияны меңгеруіне мүмкіндік беретінін айтты.
Үйірме жетекшісі Дастан Кадировтың айтуынша, бүгінгі таңда үйірмеде 12 ноутбук, 5 компьютер, әуе дроны, ЗД принтер, скайнермен жабдықталған. Оған қоса, техникаға икемі бар оқушылар үйренген жұмыстарын ЗД зертханалық орталық іс жүзінде тәжірибеден өткізіп көретіні белгілі болды. Сондай-ақ үйірме жетекшісі робототехника үйірмесінде 30 оқушы қатысып жатқанын жеткізді.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.