№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Ақылды қала»: өркениеттің өлшемі

«Ақылды қала»: өркениеттің өлшемі


Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында табысты өткен екі жаңғырудан кейін, алға батыл қадам жасап, Үшінші жаңғыруды бас­тап кеткенін атап өтті. Бұл жаңғыруда маңызды деген он басымдықты айрықша тізбектеді.
Белгілісі, барлық салада цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияны өркендету – бұл маңызды кешенді міндет. Оған қоса, өткен жылдан бастап «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы жүзеге аса бастады. Осы ұзақ мерзімді стратегиялық құжатпен сабақтасқан биылғы Жолдаудың оныншы бағыты «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт үшін» деп аталады.
Сонымен әуелі елімізде енді ғана бастау алған «Ақылды қала» немесе «Смарт сити» жобасына кеңінен тоқталсақ. Бұл қайдан шыққан
заманауи түсінік? Озық елдер қатарында «ақылды қалаға» айналған қандай шаһар бар? Жолдауда айтылған басым бағыттың біріне айналған бұл жобаны біз барынша зерттеп көрдік.
Бастысы меже айқын. Астана – алдағы уақытта әлемдегі ең ақылды 50 қаланың біріне айналуы тиіс. Бұл бағытта «Смарт Астана» жобасы жұмысын бастап кетті. Бұл жөнінде сәл кейінірек. Бірінші, «Смарт сити» деген ұғымды ашықтап алсақ. «Ақылды қала» ол – қалалық мүлікті басқаруға арналған бірнеше ақпараттық және коммуникациялық интеграциялардың тұжырымдамасы. Қысқаша – шаһардың инфрақұрылымын, тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту. Қоғам өмірінде барынша қауіпсіз һәм қолайлылық туғызу. Ендігі кезекте, Елорданың әлеуетін бағамдасақ. Іргелі жобаны Астанада іске асыруды «Astana Innovations» компаниясы қолға алды. Кешенді жоба да: «Қауіпсіз қала», «Қалалық жедел басқару орталығы», «Интеллектуалдық байланыс орталығы», «Бейнебақылау жүйесі», «Қауіпсіз автобус», «Шұғыл байланыс терминалы» сынды бірнеше бағыт бар.

«СМАРТ АСТАНАНЫҢ» ӘЛЕУЕТІ

Әлгінде айтқан «Смарт Астана» жобасын жасаушылар негізгі басымдықты «Қауіпсіз қала» мен «Интеллектуалдық көлік жүйесіне» бағыттауда. Қауіпсіздікті айрықша назарда ұстаған мамандар Елорданы тәулік бойы бақылауда ұстауға бекінді. Ол үшін шаһардың барлық бұрышына бейнекамера орнатады. Оған жаңадан құрылатын Жедел басқару орталығы жауапты болады. Яғни, қаланың қауіпсіздік жағдайына байланысты ақпараттар осы орталықтың дерек қорына түседі. Және де су құбыры, электр желісі мен инженерлік жүйелер туралы ақаулар Жеде басқару орталығында өңделіп, тиісті мекемелерге шұғыл жөнелтіледі. Сондай-ақ орталықтың тағы бір артықшылығы: онлайн-тәртіптегі бейнесараптаманың болуы, бейнежазбаны 30 тәулікке дейін сақтау, жолда жүру ережесінің бұзылуын қолма-қол тіркеу және тас жолда жүйіткіп бара жатқан автокөліктің жылдамдығын автоматты түрді анықтауға мүмкіндігі бар.
Ал, «ақылды бағдаршам» жобасы тұрғындарға қажетті бастама. Яғни, көлік кептелісі мәселесінің шешілуіне оң ықпалын тигізеді. Жоба артықшылығы – қоғамдық көлік – автобустарға басымдық беріледі. Оларға арналған жеке жолақтар болады. Осылайша, шаһардың бір шетінен, екіншісіне орта есеппен 20 минутта жетуге мүмкіндік туады. Оған қоса, «ақылды бағдаршам» өз қызметіне кіріседі.
Мәселен, бүгінгі таңдағы бағдаршамдар белгіленген уақыт бойынша жанып-сөнетін белгілі. Енді «ақылды бағдаршамдар» іске қосылса, қай бағытта кептеліс көп, бірінші кезекте сол бағыттағы көліктерді азайтады. Әсіресе, қоғамдық көліктерге ерекше көңіл бөліп, солардың ыңғайына жұмыс жасайтын болады бұл ақылды бағдаршам. Жоба бойынша әуелі Астанада мұндай 42 бағдаршам іске қосу жоспарлануда екен. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш жаңашыл бастама Астана қаласындағы қоғамдық көліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қала тұрғындары мен қонақтары қолайлы жағдай жағдай жасайды.
Тегін WI-FI. Бұдан бөлек Астананың көшелеріндегі жарықтандыру бағаналарына «Заттар интернеті» «ақылды» сервисі енгізіледі. Бұл өзге есептегіштерден мәліметтер жинау үшін бірыңғай сымсыз жүйе, ақпараттық кесте, көлік ағынына мониторинг жасау, Wі-Fі сынды қызметтерге тегін қол жеткізуге жол ашылады. Мұны «ақылды шамдар» жобасы арқылы жүзеге асырады. Сондай-ақ осы «ақылды шамдар» арқылы ауанаың қаншалықты таза не таза еместігін өлшеуге болады. Бір жағынан бюджеттің қаржысын үнемдейді.
Одан өзге: ақылды басқару – әкімдік жұмысын автоматтандыру, Смарт мектеп, Смарт медицина, жалпы ресурстарды тұрақты дамыту күн тәртібінде. Айта кету керек, өткен жылы «Смарт Астана» мобильдік қосымшасы іске қосылды. Осының нәтижесінде 13 санат бойынша 30-дан астам қызмет түрлері ұсынылып, халық игілігіне пайдалануда. Қорыта айтқанда, жаңа жобаны жүзеге асыру Астана үшін әлемдегі ең қауіпсіз және ақылды қала болып қалыптасу жолында нақты қадам болып табылады.

ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ «АҚЫЛДЫ ҚАЛАЛАР»

Бүгінгі таңда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақылды қала» жобасы алдымен Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды қалаларына енгізіледі. Бұл бағытта Қазақстан мен Сингапур «ақылды қалалар» технологиясын құру саласында ынтымақтастық келісімге келді. Жалпы, қазіргі уақытта әлемнің барлық ірі қалалары осы «ақылды қала» мәртебесін иеленуге жұмыс жасауда. Жаһандық рейтингке сүйенсек, Канаданың Торонто қаласы көш басында. Одан кейін Нью-Йорк, үштікті Токио түйіндеп тұр. Мұнан кейінгі қатарда Бостон, Сингапур, Лондон, Париж сынды сақа қалалар жайғасқан. Негізінен «Ақылды қала» рейтингісіне кіретін барлық қалалар нақты бір немесе екі саланы таңдаған. Мысалы, Торонто қауіпсіздікке күш салса, Нью-Йорк күл-қоқыстың утилизациясы, Париж көгалдандыру, Сингапур технологиялық бағытта. Осы технологиялық рейтингте Азия арыстаны сингапурліктер екінші орында.
Сонымен Қазақстан неге Сингапур ситиге тоқтады? Себебі, Сингапур аз уақытта Азияның жолбарысы атанған алып шаһар. Өмір сүру сапасы жөнінен дүние жүзінде үздік ондыққа енген. Бұл жөнінде Елбасы Жолдауында: «Осыдан қырық жыл бұрын Сингапур да жан басына шаққанда 200 долларға жетер жетпес табысы бар әлемдегі ең кедей елдің бірі еді. Бүгінде сингапурлықтардың жан басына шаққанда 20 мың доллардан асатын табысы бар. Осындай табысы нәтижесінде күллі әлемге Азия Жолбарысы» ретінде танылып отыр» дейді.
«Смарт сити» жобасын іске асыруда еліміз Дубай мен Сингапур сынды табысты қалалардың тәжірибесін ескеруде. Ендігі кезекте аз-кем қос елдің қарқынын жазсақ. Бірінші, Сингапур да енгізілген «ақылды халық» бағдарламасы әлем бойынша деректер жинақтаудың алдыңғы қатарында. Оған қоса, «Виртуал Сингапур» жобасын айтуға болады. Қалада орнатылған мыңдаған бейнекамера арқылы онлайн-картамен жол қозғалысын реттеп отырады. Және де медицина мен ақпараттық технологиялардың үздік мүмкіндіктерін қоғам өміріне тиімді байланыстыра білген.
Ал, сәулеті мен дәулеті артқан Дубайда шопинг пен қауіпсіздік саласы қатты дамыған. Соңғы уақытта бұл қала туристерді молынан тартатын және бизнес жүргізуге қолайлы аймақ ретінде әлемге танылуда. Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы екі жылда туристер кафе мен мейрамханаларға 4,7 млрд доллар, ал шопингке 4 млрд доллар жұмсаған.
Байқағаныңыздай, әлем жұрты «ақылды қала» атануға барын салуда. Пайдасы да көл-көсір. Әрі халықтың әлеуметтік ісіне оң әсерін тигізіп, қалалық инфрақұрылымның дамуына даңғыл жол ашты. Жеделдетілген технология негізінде барлық ресурстарды ұтымды басқаруда жаһан жұрты. Осы тұста жас қала һәм бас қала Астананың да бағындырар биігі алда. Түйін орнына, биыл Елорданың 20 жылдығына арналған «20 нақты бастама» атты бағдарламада «ақылды қала» жобасына айрықша басымдық берілгенін айта кетейік. Оған қоса, Жолдау жүгі де бұл салаға серпінді серпіліс берері сөзсіз.

Әбдісамат ӘБДІШ.
23 қаңтар 2018 ж. 2 779 0