№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕЛБАСЫ МАРАПАТЫ: СЫР КӘСІПКЕРЛЕРІНЕ СЕРПІН БЕРДІ

ЕЛБАСЫ МАРАПАТЫ: СЫР КӘСІПКЕРЛЕРІНЕ СЕРПІН БЕРДІ

  Аймақтағы билік жұмысының көрсеткіш критерийінің бірі – жергілікті жердегі кәсіпкерлердің санымен, өндірістің дамуымен бағаланатынын ескерсек, кәсіпкерлікті демеуге ден қойған Сыр өңірі республикада көш басында келеді. Расында, орталық биліктің күш-қуаты аймақтарда. Облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы артса – елдің де еңсесі тіктеліп, бәсекеге қабілеттілігі жоғарылай түседі. Міне, соның айқын көрінісі – 2018 жылғы рейтинг қорытындысы бойынша Қызылорда облысы бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаған ең үздік өңір деп танылды. Астана төрінде өткен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. «Қазақстанда жасалған» Жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа «Ең үздік бизнес ортаны құрғаны үшін» номинациясы бойынша «Хан-Тәңірі» сыйлығын табыс етті. Елбасынан алынған мұндай жоғары бағаның артында өңір басшысының уақытпен санаспай жасаған өлшеусіз еңбегі жатыр. Жылды қорытындылар сәттегі Сыр өңіріне берілген мұндай марапат кәсіпкерлер қауымына да тың серпіліс берері сөзсіз. Ендігі кезекте республикалық рейтингте Қызылорда облысы қалай көш бастады? Осыған тоқталсақ.

  Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында жергілікті жерлерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға баса назар аударып келеді. Әрі 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізуді міндеттеді. Президент пәрменінен нәтижелі іске көшкен аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы облыста кәсіпкерлік саласын дамытуды сөз күйінде қалдырмай іспен дәлелдеді. Жыл басында Қызылорда облысында «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялады. Бұл бастама кейін үшжылдыққа ұзартылды. Белсенді бастама аясында өңірде кешенді «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы» қабылданды. Шағын және орта бизнесті қаржыландыруға республикалық және облыстық бюджеттен, банктер мен қорлардан 32 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде стартап-жобаларға 3 миллиард теңге қарастырылды. Әсіресе, жаппай кәсіпкерлікті ауылдық жерлерде дамытуға басымдық беріліп, оған жауапты тұлғалар бекітілді. Бұл бағытта ағымдағы жылдың маусым айында өңір басшысының өзі бастап облыстың барлық аудандарын жұмыс сапарымен аралап шығып, аудан басшылары мен жауапты кураторлардың шағын кәсіпкерлікті дамыту жоспарларымен танысып, жұмыстарын тыңдаған болатын. Тек танысып қана қоймай, әкімдерге мотивация беретін шешім қабылданды. Жыл қорытындысы бойынша өз ісін осы жылы бастаған әр аудан мен облыс орталығындағы үздік стартап-кәсіпкерлер, сондай-ақ ауданның үздік әкімі және жауапты лауазымды тұлғалар 1 млн.теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталады. Айта кету қажет, қабылданған шаралардың нәтижелері жемісті. Өңірде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субьектілер 12,7 пайызға артқан. 2018 жылдың 1-қарашасында өңірде 51 956 шағын және орта бизнес субьектісі тіркелсе, оның ішінде 42 066 жұмыс істеп тұр. Бұл – республика бойынша ең үздік көрсеткіш.
Сондай-ақ, облыс орталығынан бизнесін енді бастаған кәсіпкерлер үшін барлық қолайлы жағдайларды жасау мақсатында Кәсіпкерлер үйі ашылғаны белгілі. Мұнда облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, «Жобаларға сараптама жүргізу орталығы» ЖШС, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы және екінші деңгейлі бірқатар банк филиалдары орналастырылған.
Оған қоса, аймақ кәсіпкерлері үшін электрондық қызмет түрлерін тегін алуға болатын онлайн-кабинет тағы бар. Кәсіпкерлерге жасалған осындай қолдаудың нәтижесінде өңірде кәсіпкерлік кең қанат жайып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуда. Мәселен, 2014 жылы өзінің икемді кепілдік саясаты бар, әсіресе, ауылдық жерлердегі жұмыссыздарды несие ресурстарымен қамтамасыз ете алатын Аймақтық инвестициялық орталық құрылғаны белгілі. Міне, биылғы жылдың өзінде Аймақтық инвестициялық орталықты қаржыландыруға облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, шағын бизнестің 258 жобасы қаржыландырылған. Бұл да болса бизнес саласындағы оң өзгерістердің ілкімді екенін айқындайды. Мұнан өзге, аймақ басшысының бастамасымен өңірде инновациялық жобалар үшін жарияланған қайтарымсыз грантқа 200 млн.теңге бөлініп, байқау қорытындысымен 224 жоба жеңімпаз атанды. Биылғы инновациялық жобаларға қарастырылған қайтарымсыз қаржы өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Оған қоса, Қырымбек Елеуұлының тікелей бастамасымен жүзеге асқан «Байқоңыр Инвест» форумы 5 жыл ішінде инвесторлармен табысты әріптестік орнату алаңына айналды.
Осы және өзгеде көрсетілген қолдаудың нәтижесінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субьектілері 12,7 пайызға артты. Бүгінгі таңда облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік саласында 84 250 адам жұмыс жасауда.
Айта кету керек, Елорда төрінде өткен ауқымды шара аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президенттің «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарын тапсыру, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының жеңімпаздарын марапаттауды ұйымдастырды. Аталмыш шарада Сыр кәсіпкерлері жеңіс тұғырынан көрініп, үздіктердің сапынан орын алды. Нақтырақ айтқанда: «Қазақстанның үздік тауары – 2018» республикалық көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша қызылордалық «Далатекс» ЖШС жеңімпаз атанды. Ал, Мемлекет басшысының «Парыз – 2018» сыйлығының «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «СКЗ - U» ЖШС КҮМІС жүлдеге ие болды. «Парыз – 2018» сыйлығының «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «РУ-6» мекемесі ҚОЛА жүлдемен марапатталды. Мұның қатарында жаңақорғандық кәсіпкер, «Асем тас» ЖШС құрылтайшысы Жомарт Шәуенов те Қызылорда облысы кәсіпкерлерінің делегациясы құрамында алқалы басқосуға қатысып қайтты.
– Қазіргі таңда мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысамын деген ынталы азаматтарға көптеген қолдау көрсетілуде. Өзімде мемлекет қолдауын сезініп, облыста тұңғыш болып, лего-кірпіш өндірісін іске қосқан болатынмын. Нәтижесі жақсы. Жаз маусымында облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі ұйытқы болған «Қазақстанның үздік тауары – 2018» облыстық көрме-байқауының «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша жеңімпаз атандым. Әрі Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына жолдама алдым. Міне, сәті келіп, Елорда төрінде өткен ауқымды шараға қатыстық. Елбасының аймақ басшысына берген марапаты – Сыр кәсіпкерлеріне серпін берді. Алдағы уақытта өңірдегі «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында қарқынды жұмыс жасайтын боламыз, – дейді «Асем тас» серіктестігінің құрылтайшысы Жомарт Шәуенов.
Түйіндей айтқанда, жылды қорытындылар сәтте Ұлт Көшбасшысы табыстаған марапат Сыр азаматтарының, кәсіпкерлерінің осындай еселі еңбегіне беріліп отырған жоғары баға деп білеміз. Алдағы уақытта олар бұданда биік белестерді бағындырып, өңірдегі көшбасшылық көрсеткішті сақтап қалады деген сенім мол.

Әбдісамат ӘБДІШ.

15 желтоқсан 2018 ж. 951 0