БАЛУАН ШОЛАҚТЫҢ РЕКОРДЫ
«Атың шықпаса, желіге жар сал». Иә, заман ағымы мақалдың бұрмалануына себеп. Желідегі жүгенсіз кеткен жастардың жайы алаңдатарлық. Жеткіншектен бастап, жастар арасында бірін-бірі ұрып, соғып, онысын ғаламторға салатын өресіз өрендерге іштей налисың. Бірінің көзін көгертіп, мұрнын қанатып, онысын абырой санайтын замандас бар қоғамда. Яғни, қуатты күшін әлімжеттікке жұмсайды. Одан әрі интернеттің «жұлдызы» боламын желіге салады. Тамыр-танысына «Уацап» арқылы таратады. Бірақ бәрі бірдей танымал болмайды. Бірқатары тәртіп сақшыларының қармағына ілініп, әкімшілік айыппұл арқалап жатқаны да жетерлік.
Салдарына үңіліпте көрдік. Бәлкім бүгінгі буын бозбала шағында «Жан-Клод Ван Дам», «Чак Норрис», «Сильвестр Сталонне» сынды шетел киносындағы «батырларды» көріп ер жеткен шығар. Бертін келе, онысын қазіргі шынайы өмірде қолданып, бұзақылыққа бой алдырып жатқаны содан болар. Десе де, бізден бір бұйымтай. Егер бойындағы қара күшті қайда жұмсарын білмей жүрген жастар болса «Джиу-джитсу» аралас жекпе-жегіне барса игі. Нағыз жау-жүрек жігіттердің батырлық үлгісін көрсететін бұл спорт түрінің ауданда ашылғанына көп уақыт бола қоймады. Біздікі тек кеңес. Жасанды желінің құрбаны болғанша, сегіз бұрышта сайыпқырандығын дәлелдеп, елге танылсын деген ниет.
Көп мысалдан, бір мысал.
«Сөз жалықтырады, үлгі қызықтырады». Бабадан қалған бұл нақылды бізде тарқатып көрелік. Қазақтың маңдайына біткен алып күш иесінің бірегейі–Балуан Шолақ. Ол өзінің 35 жасында жазған өлеңінде «Кешегі сентябрьдің базарында, көтердім 51 (816кг) кірдің тасын» деген. Араға 14 жыл салып, Балуан Шолақ бұл рекордын тағы жаңартқан. Яғни, 49 жасында 1 тонна 70 келі (67пұт) тартатын тасты көтеріп, әудем жерге апарып қойған. Бүгінгі күнге дейін жел мен судың өтінде, күннің аптап ыстығынан мүжіле бастаған қара тас Жамбыл облысы Шу ауданында тұр екен. Әрине, бұл рекордты ешкім жаңарта алмасы айқын. Десе де, бұрынғыдан бүгінгіге оралсақ. Жаңақорғанда Серік Ибрагимов ағамызды танымайтын жан жоқ шығар, сірә. Ол өз салмағында гір тасын көтеруден әлемнің 5 дүркін, Еуропаның 5 дүркін чемпионы. Лауазымды қызметте болса да, спортты жанына серік еткен. Қолы қалт етсе болды, спорт залдан табылады. Тынымсыз жаттығуының арқасында ауылда жүріп, әлемді мойындатты. Бір емес, бірнеше дүркін. Біз Серік ағаны мақтамаймыз, керісінше мақтанамыз. Жоғарыда айтқандай, күші тасыған жігіттерге үлгі етеміз.
ТҮЙІН.
Тақырыпты салыстырмалы түрде жазуға желі себеп болды. Өйткені, қазіргі күні екі-үш жастың басы қосылса болғаны телміріп телефонға үңіледі. Нендей маңызды нәрсе екен деп қарасаң, көретіні топтық төбелес, бейберекет бұзақылық. Онысын жаңалық көргендей екі күн аузынан тастамайды. Қысқасы, жадысын жағымсыз жайттарға толтырып алады. Біздің бар айтарымыз, батыр бабалардың ұрпағы ретінде ұлттық рухты асқақтатып, тарихта қалатындай тындырымды тірлік кешсек.
Әбдісамат ӘБДІШ.