№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖЕЛІДЕГІ ЖЫМЫСҚЫ ПЕЙІЛДЕН ЖЫРАҚ ЖҮРЕЙІК

ЖЕЛІДЕГІ ЖЫМЫСҚЫ ПЕЙІЛДЕН ЖЫРАҚ ЖҮРЕЙІК


2017 жылдың қорытындысымен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті жүргізген діни сараптама жұмысы барысында 4332 материалға (діни әдебиет, діни бағыттағы басқа да материалдар) зерттеу жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде 196 материалға теріс қорытынды берген. Сондай-ақ министрліктің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 10 174 интернет-ресурстың мазмұнына сараптама жүргізіп, оның ішінде 3555 сайттың заң бұзушылық бағыттағы қызметін анықтаған. Байқағандай жыл сайын жауапты ведомства саңырау құлақтай қаптаған сайтани сайттарды бұғаттап, тегеурінді тосқауыл қойғанымен аз уақыт өте бетпердесін өзгертіп қайта пайда болуда.
Осы тұста, елдегі интернет пен желі қолданушылардың басым бөлігі – 18 және 29 жас аралығындағы жастар. Ендігі кезекте орынды сауал туындайды. Жастар қауымы желіні игілігіне икемдеуде ме, әлде әлегіне түсіп көлденең көк аттының артынан еруде ме? Біз бүгін әлеуметтік желі ішіндегі діни насихат пен пасық пиғылды порталдардың ара-жігін сараптап көрмекпіз.
Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиялық құнды құжатында жат ағымдар мәселесін былайша сынға алған болатын.
– Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз. Интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда «сүзгі» адамның ішінде болу керек, – деді Ұлт көшбасшысы.
Президент пәрмені «ішкі сүзгі» ілімі арқылы ақ пен қараны ажырата білу. Пайым мен парасатқа салып, пайдасы мен зиянын таразылау ләзім. Яғни, көзсіздікке бой алдырып, қой терісін жамылған қасқырлардың теріс пиғылды торына әсте ілігіп қалмау. Әрине, ол үшін сауатты болу сан соқтырмайды.

ЖАЛҒАН ХАБАРЛАМА ЖАРҒА ЖЫҚПАСЫН
Бүгінде экстремистік ұйымдардың – адам санасын жаулаудағы әдіс-тәсілінің сан қырлы екені рас. Дін атын жамылған жат ағымдардың арбауына діннен бейхабар жастар еретіні жасырын емес. Айта кету керек, қазіргі жастардың жиі жүгінетін үш жұрты бар: Фейсбук, В Контакте, Инстаграм. Мұның ішінде, белсенді жұрты-В контакте желісі. Желіккен жастардың жүз пайызға жуығын осы желіден табасыз. Қаптаған ортақ қауымдастық. Діни, әдеби, мәдени, тарихи, спорт, тағысын тағы. Әлгінде айтқан «ішкі сүзгі» болмаса, әдемі сөздерге арбалып қалуың әбден мүмкін. Оған қоса, бұл күндері «Уацап» месенджеріне тіркелмеген жас жоқ шығар. Жасы да жасамысы да күніне кем дегенде он мәрте бас сұғады бұл желіге. Барымен бөліседі, жоғын интернеттен жүктеп алады. Бөліскеннің не жазылғанның барлығын шынайы ақпарат деп қабылдауға әсте болмайды. Осы тұста айта кететіні, ғаламтор әлемінде «фактчекинг» деген термин бар. Әсіресе, әлеуметтік желіде кез-келген ақпаратты қалың оқырманға таратпас бұрын бірінші тексеруді талап етеді. Яғни, сараптап, талдап, интернеттегі сілтемелерін тіміскілеп, ақпараттың шыққан түпнұсқасын анықтауды – фактчекинг дейді. Бұлай жасауға бір ғана себеп бар. Ол – бүгінде жымысқы пейілді адамдар желіге өз атымен емес өзге есіммен тіркеліп, аккаунт ашады. Сосын ел ішіне неше түрлі елді араздастыратын, бұқараны билікпен шағыстыратын жалған ақпараттар таратады. Оның ішінде; діни мазмұндағы мәліметтерге сақ болған жөн. Себебі, діни сауаттылықтың аздығынан байқамай сізде жалған ақпараттың жаршысы болып кетуіңіз әбден мүмкін. Тақырыпқа тұздық болсын. 2016 жылы ақтөбелік 18 жастағы М.Еменов «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі аудиожазбалары үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Мәселенің мәніне үңілсек, тергеушілер сотталушыдан діни мазмұндағы 8 аудиожазба тапқан. Тергеушілердің айтуынша, парақшадағы аудиожазбалары жиһад жасауға үгіттейтін болып шықты. Осылайша ақтөбелік тұрғын ҚР Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлігі бойынша, яғни, «Терроризмді насихаттағаны немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақырғаны» үшін айыпталып, жазасын алды. Одан бөлек, Ақмола облысында желіде желіккен жас жиһадқа үндейтін ақпаратқа «лайк» басып, оны достарына таратқаны үшін сотталып кетті. Бұл бір. Енді екіншіден «Уацап» месенджеріне тоқталсақ.
Күнделікті көріп жүргеніміздей қысқа мәтіндегі ала-құла діни ақпараттар «Уацап» месенджеріндегі топқа не жекеге келіп тұрады. Діни ұғымды желеулеткен хабарламаның қайсысы дұрыс не бұрыс екенін мән бермейтін күйге жеттік. Мына сарындағы ақпараттарды көпшілік бөліскенде шығарсыз?. Адамды иландыратын иірімі тамаша бір болған оқиғаны баяндайды да: «Бұл ақпаратты 10 адамға таратсаң 10 минуттан кейін өміріңде өзгеріс болады. Бұл шындық. Құранды теріске шығаруға болмайды» деп тәмамдайды. Немесе Құранды қорлаған қыздың құбыжыққа айналып кеткендігі туралы жан түршігерлік бейнероликті де көрдік. Енді бір сәт ойлап көріңізші, ғаламтор әлемін кезіп жүрген мұндай діни мазмұндағы эмоцияналды бейне роликтердің кімге керегі бар? Қандай мақсатта таратылуда? Қой терісін жамылып, қасқырша әрекет еткен пасық пиғылдылардың пейілі ме? Әрине, басым бөлігі қолдан жасалатыны айқын. Мұндағы мақсат – қоғамның ең нәзік діни сенімі мен иманынына күдік ұялату.
Мысалы, хатты 10 адамға тарата салып, шексіз бақытқа кенелу мүмкін бе? Пайымға салсақ, астарында шынайы өмір заңдылығынан алшақтатып, ұшқары, жеңіл-желпі етіп көрсету мүддесі жатқан секілді. Дұрыс, сана бостандығына бәріміз еріктіміз. Бірақ, кейде әлгіндей «10 адамға хат тарат» деге белгісіз бәзбіреудің бұйрығын қалай орындап жатқанымызды байқамай қалып, бәріне таратып шығамыз. Сол үшінде толассыз келген хабарламаға таң-тамаша болып, таңқалмастан бұрын, ақпараттың дұрыс не бұрыстығына көз жеткізіп алған абзал. Не, ең дұрысы күмәнді болса, «удалить» пернесіне апарып, өшіріп тастау.

ТҮЙІНСӨЗ.
Қорыта айтқанда, мемлекет тек теріс пиғылды порталдарды бұғаулап қана қоймай, алдын алу мәселелеріне қолжетімді мүмкіндік туғызуда. Бұл тұрғыда тұрғындар интернетті игілігіне икемдеп, үйден шықпай-ақ күмәнді діни сайттарға шағымдана алады. Яғни, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ресми сайтында жаңа қосымша бар. Ол – шағымдану парақшасы. Еліміздің кез келген азаматы заңнама мен заң нормаларына қайшы ақпаратқа қатысты онлайн түрде шағым, өтінім қалдыра алады. Негізінен; әлеуметтік желілердегі суицидті, есірткіні насихаттаған, терроризм мен экстремизмге, қатыгездік пен ұлтаралық жанжалға үндеген топтарға және сайттарға қатысты. Оған қоса, Қазақстанда деструктивті діни қызметтен жапа шеккендерге психологиялық көмек көрсету арналған «Қауырт желі» жүйесі бар. Кеңес беру жекеше түрде кәсіби заңгер, теолог, дінтанушы және психолог мамандар арқылы жүргізіледі. Кез келген ата-ана ұл-қызының күмәнді сайттарға кіріп жүргенін не діни ұстанымының өзгергенін байқаса «114» нөміріне тегін қоңырау шалуына мемлекет мүмкіндік жасап қойған. Сондықтанда жастар қауымын ертелі-кеш әлеуметтік желінің әлегіне еніп, жат пиғылды діни парақшаның жалған насихатына нанып қалмауы үшін, заманға сай озық білім алуына, ұлтжандылық пен мұсылмандық тәлім-тәрбиемен сусындауына әрбір ата-ана жауапкер.

Әбдісамат ӘБДІШ.
03 сәуір 2018 ж. 1 343 0