Тегін дәрі-дәрмек бойынша бірыңғай Call-орталық іске қосылды
«Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі емделушілер кез келген қалалық телефоннан 1439 қысқа нөміріне тегін қоңырау шала алады. Байланыс орталығының операторлары диспансерлік тіркеуде тұрған және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде амбулаторлық ем алатын халыққа тегін босатылатын қажетті дәрі-дәрмекті жеткізу мерзімі, көлемі және жоспарланған күні туралы ақпарат береді», - делінген комитеттің хабарламасында. «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріптің айтуынша, байланыс орталығы дәрі жеткізу жөнінде хабардар етіп қана қоймай, дәрінің уақтылы жеткізілуін қамтамасыз етеді. «Дәрі-дәрмекті жеткізуде үзіліс болатыны жөнінде арыз-шағым көп. Осындай үзілістің себептерін түсіну емделушілердің өздері үшін ғана маңызды емес. Бізге осы мәселелерді жүйелі түрде шешу және болашақта оларды болдырмау үшін қай кезеңде үзілістер орын алатынын түсіну керек», - деді ол. Оның айтуынша, байланыс орталығының қысқа нөмірін іске қосу - денсаулық сақтауды цифрландыру шеңберінде жүзеге асырылған жобалардың бірі. Тағы бір жоба дәрілерді жеткізу туралы емделушілерді хабардар ету үшін жоспарланған. Ол - емханаларда тегін дәрі-дәрмектің бар-жоғы туралы бірыңғай электронды анықтама. «Анықтама онлайн режимде дәрілік қамтамасыз ету бойынша барлық деректерді, медициналық ұйым қандай дәрі-дәрмектерге өтінім орналастырды, онда қашан және қандай көлемде дәрілер түсті, қазіргі кезде олар бар ма, жоқ па, сондай-ақ дәрілердің келесі жеткізу мерзімі қашан - соның барлығын білуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Берік Шәріп. Аталған жоба бірыңғай дистрибьютордың сайтында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады.
inform.kz
inform.kz