Мақсат – қазақ тілінің әлеуетін көтеру
«Латын әліпбиіне көшу кирилл әліпбиінде жарық көрген қаншама рухани мұрадан маққұрым етеді» деген орынсыз үрей қоғамды кезіп жүр. Бүгінде кез-келген әдеби-тарихи мұраны сандық технологияға көшіріп, жаңа тұрғыда таңбалауға мүмкіндік бар. Егер кітапшаларымыз, басылымдарымыз жақсы форматта интернеттен орын алса, олар пернетақтадағы бір тетікті басу арқылы жүзеге асырылады. Кирилл әрпінде жазылып жатқан ақпаратты латын һарпіне аударатын техникалық бағдарламалар бар. Егер латынға көшу жұмыстары аясында арнайы шешімдер қабылданып, тиісті қаржы көздері анықталса, осы жұмысты өндірістік сипатқа айналдыруды тезірек қолға алуға тиіспіз. Сонда кеңес дәуірі кезінде қалыптасып, жинақталған әдібиеттердің бірде-бірі жоғалмайды.
Бұл процесс өткеннің мұраларын қайта сараптауға да жол ашады. Социализм заманының тез арада коммунизмге жетеміз деген саясатты ұстанған том-томды құрайтын сыңаржақ саясатын насихаттайтын әдебиетінің енді көбі іске аспай, қайта басып шығаруға мұқтаждық тудырмасы белгілі. Латын әрпіне көшу жаңа талғамды ұлттық руханиятты сыни көзбен қайта қарап, сараптауды талап етеді. Нақтылап айтқанда, латын қарпіне өту әдебиетке деген, кітапқа деген жаңа қызығушылықты, жаңа үлгіні қалыптастырмақ.
Жаңа тілдік реформалардың басты мақсаты – қазақ тілінің әлеуетін арттыру, оны заманға бейімдеу болып табылады. Ал оған барынша атсалысу – әрбір азаматтың міндеті.