№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАҺАНДЫ СУ ТАПШЫЛЫҒЫ АЛАҢДАТАДЫ

ЖАҺАНДЫ СУ ТАПШЫЛЫҒЫ АЛАҢДАТАДЫ


Жуырда Нью-Йоркте Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ шеңберінде ұйымдастырылған Су мен бейбітшілік мәселесі жөніндегі Жаһандық топтың төрағасы Данила Тюркпен кездесіп, әңгіме өткізді. Осыған орай Словенияның бұрынғы президенті Д.Тюрк бастаған бұл топтың немен айналысатыны туралы айта кетейік.
Жаһандық топ 2015 жылы Швейцарияның бастамасымен құрылған. Қазір оның қатарына Қазақстаннан басқа Венгрия, Гана, Иордания, Испания, Камбоджа, Колумбия, Коста-Рика, Марокко, Оман, Сенегал, Словения, Швейцария, Франция және Эстония мемлекеттері енген.
Д.Тюрктің тобы жақында «Тірі қалу мәселесі» атты есепті еңбек жазып, оны ғаламдық деңгейде мемлекеттер басшылары мен көрнекті тұлғаларға таныстырды. Ғаламдық су мәселесі адамзаттың қоғамдық, құқықтық дамуы ғана емес, Жер бетінде тірліктің қалуының өзі қауіпті екендігін көрсетуде. Сондықтан да су мәселесін шешпесе адамзаттың тірі қалуының өзі күрделі мәселеге айналуы мүмкін екендігі айтылуда. «Бұл мәселені кешенді түрде, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың араласуымен жаппай қатысып, шешуді қолға алуымыз керек. Дипломатия жүйесі бойынша халықаралық құқық негізінде жаңа институттар құрып, табиғаттың өзгерісін, қоршаған ортаны бақылау ісін дереу қолға алғанымыз жөн. Біздің тобымыз осы жұмыстарды іске асыру үшін нақты ұсыныстар дайындады. Су қатерінің алдын алу – бір елдің емес жалпы ғаламшарлық мәселе екенін танып, оны шешуге бәрі де атсалысуы керек», деген Данила Тюрк өздерінің жасаған есептерінің алғысөзінде.
Айтса айтқандай, бүгінгі таңда адамзат су драмасының алдында тұр. Д.Тюрк тобының есебіне көз жүгірткенде әлемде екі миллиардтай адам ішетін суға зәру екенін көреміз. Соның ішінде әлемнің түрлі кикілжіңдер мен соғыстың кесірінен тұрақсыздық жайлаған аймақтарындағы ахуал тіпті нашар. Қарсыласушы жақтар су жүйелерінің нысандарын торуылдап, оларды қарсыластарына қарсы қару ретінде пайдаланып жатқандары да бар. Оның үстіне осы аймақтардағы демографиялық өсім де су тапшылығын арттыруда.
Адамзатқа ХХІ ғасырдың ортасына дейін азық-түлік қорын 50 пайызға дейін арттыруға тура келеді. Алдымен су мәселесін шешпесе ондай мақсатқа қол жеткізу қиын. Сондықтан да халықаралық қоғамдастық су мәселесі жөніндегі ықпалдастықты жаңаша көзқараспен бағалап, оны түп орнымен өзгерту керек, дейді Д.Тюрктің тобы. Ол үшін БҰҰ Бас Ассамблеясы мемлекеттер арасындағы су пайдалану жөніндегі ынтымақтастықтың нақты басымдықтары бойынша барлық қырларын қарастырған Ғаламдық конференция өткізуі керек. Осы конференция бес жылға шақталған іс-әрекет жоспарын да бекіткені жөн.
Ғаламдық топ өздерінің есебінде кикілжің болып жатқан елдердің су ресурстары мен құрылымдарын қарсыластарына қарсы құрал ретінде пайдалануы халықаралық адамгершілік құқығын аяққа басу, сондықтан мұндайды бүкіл адамзат айыптауы керек деп санайды. Ал су құрылымдарын дереу қалпына келтіру үшін жергілікті атқарушы билік қайырымдылық ұйымдарымен бірлесе іс қылғаны жөн дейді. Сонымен қатар су шаруашылығы құрылымдарының қауіпсіздігін террористік шабуылдардан сақтау – әлемдік қоғамдастықтың тікелей жауапкершілігіне алатын мәселе. Ал оны ұйымдастырып, қорғауға алуды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тікелей өз мойнына алуы керек.
Сонымен қатар Д.Тюрктің тобы суға байланысты құқық пен трансшекаралық өзендер мәселесін қарастыру – аурудың алдын алумен тең әрекет екенін атап көрсеткен. Өйткені осы арадан туған кикілжіңдердің аймақтық бейбітшілікті аяқ асты ету қатері бары айтылады. Әрине, халықаралық өзен ағындарын қалай пайдалану жөніндегі қағидаттар жүйесі, нормалар мен институттар қабылданған. Олар «Халықаралық кеме жүзбейтін су ағындарын пайдалану құқықтары» және «Трансшекаралық өзендер мен халықаралық көлдерді күзету мен пайдалану туралы» БҰҰ Конвенциялары бойынша реттеледі. Алайда әлемнің көптеген аймақтарында су пайдалану жөніндегі трансшекаралық және аймақтық ынтымақтастықтарды барлық жаққа тиімді деңгейге көтеру мәселесі шешілмей отырғандығын Ғаламдық топ атап өткен.
Қытай, Қазақстан, Ресей елдерінің аумақтарынан өтетін Ертіс өзені бассейнінің де кейбір проблемалары осы Конвенциялармен реттеледі. Сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстан да Еуразия құрлығындағы су ресурстарынан ішінара тапшылық көруші елдердің біріне жатады. Республиканың жер үсті суларының жартысына жуығы шекаралас мемлекеттердің аумағынан келеді. Соңғы 15 жылда жер үстілік судың табиғи ресурстарының азая бастағандығы да бақылануда. Соның ішінде 90 пайызы көршілес елдерден келетін ағынды суға жатады. Көршіміз Қытай елі де өзінің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және өсіп келе жатқан қалаларының су қажеттілігіне байланысты сұранысын толық қанағаттандыруға шамасы жетпей, Ертістің суын тежей түсуде. Ал бұл трансшекаралық өзендерді пайдалану бойынша БҰҰ Конвенциясының талабын бұзуға ішінара жол береді. Жалпы айтқанда, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы аумағынан 24 трансшекаралық өзен ағатынына сарапшылар келіскен. Соның ішінде Ертіс, Іле, Текес және т.б. өзендердің ағын су көлемі мен сапасы бойынша екі мемлекет жасалған келісімшарттың негізінде ақпараттармен алмасып тұрады. Алайда Қытай тарапының өзендердің суын гидро тоғандармен іркіп отыруы себебінен туып отырған проблемалар көп. Міне, осындай мәселелерді халықаралық құқық шеңберінде шешуге Ғаламдық топ белсенді атсалысады.
Алайда көптеген мемлекеттер осы Ғаламдық топтың жұмысына қызу араласпай отыр, мәселен, 400-ге жуық проблемалы трансшекаралық ағын суларға байланысты осы күнге дейін алтауы бойынша ғана екіжақты келісімдер жасалған. Айта кететін жайт, Д.Тюрк басшылығымен қызмет етіп жатқан Ғаламдық топтың есебі жеті тараудан тұрады. Олар топ сараптамасының негізгі бағыттары мен нәтижелерін қамтыған. Д.Тюрк Қазақстан Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахмановпен кездескенде өз тобының «Тірі қалу мәселесі» атты осы есептерімен оны егжей-тегжейлі таныстырып, қолдауға шақырды. Өз тарапынан Қ.Әбдірахманов бұл есептің маңызды екенін айтып, қолдайтынын жеткізді. Қазақстан тарапынан Ғаламдық топтың мүшелігіне Ерлан Нысанбаев ұсынылған. Қазір ол да Топ құрамында еңбек етуде.

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
30 қаңтар 2018 ж. 1 852 0