№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МҮДДЕ БІРІККЕН ЖЕРДЕ БЕРЕКЕ БОЛАДЫ

МҮДДЕ БІРІККЕН ЖЕРДЕ БЕРЕКЕ БОЛАДЫ


Сейсенбі күніне орайласқан қоныс әкімінің есебіне қатысқалы келген, қарасы қалың, денін ел ағалары құраған алқалы жиын аудан әлеуетінің күретамыры саналар кент ахуалына алаң көңілдің аз еместігін аңғартқандай. Себебі түсінікті. Тұрмысы түзік, өресі озықтың талғам таразысы да ауырлай түседі. Кент келбеті бүгінде көп өсіп, көп өзгерген. Адамдардың өмір сүруіне жайлылық қанатын кеңге жайып келеді. Тұрғындардың дені от жағу, күл шығару сынды қияметтен құтылып, оған зая кеткен уақытын мәдениетті тынығу мен салауатты серуенге айналдырып, санада да сапалық серпіліс байқалады.
Жаңаша мазмұнды өмір салтының обьективті өлшемі ең алдымен мәдениет ошақтары. Әкім есебіне жиналғандар «Ордакент» ардагерлер және жастар ресурсы орталығы көрермен залының белтемірі босап, кенеуі кете бастаған көне орындықтарына амалдап жайғасуына қарап көптен жаңаланбаған-ау деп түйдік. «Театр-киім ілгіштен басталады» дегендей, киелі орынның келбетіне мін түсіріп тұрған «кемтар креслоның» орнына ақшаңқан арқалықтар сән түзеп тұрса, қандай жарасымды, жалпы қоныстағы әмбе мәдениет нысандарын әсемдеудің кезегі келген тәрізді.
Қоныс әкімі есебін қалт жібермеген көпшіліктің назары экрандағы бүгінгі күн көрсеткіштеріне қадалған. Қарқын жаман емес. Дамудың объективті өлшемі-азаматтардың экономикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтуы десек, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуде кенттің өзінен 2017 жылы 555 адам қатыстырылыпты. Бұл өткен жылғыға қарағанда 300 адамға артық. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде кәсіпкерлікті дамытуға кентте 195 адам (былтыр 73 адам) қатыстырылып, өткен жылы бес адамға 22 564,1 мың теңге көлемінде несие берілсе, биыл кенттен 31 тұлғаға 102 млн 500 мың теңге көлемінде несие беріліп, жұмыс жасауда. Жаңадан «Ғани»және «Заңғар-2» азық-түлік дүкені халыққа қызметін ұсынды. «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізде 78 адам оқып, оның 15-і несиеге қол жеткізген. 255 азамат бос жұмыс орындарына жолдама алып, жұмыспен қамтылды. «Өрлеу» жобасы бойынша 39 отбасына шартты түрде ақшалай көмек тағайындалды.
Кент орталығында биыл №56 орта мектеп құрылысы пайдалануға берілсе, жаңадан 600 орындық №169 мектебі, МАЙ бекетінде 600 орындық мектеп және Ипподром шағын ауданында 140 орындық балабақша құрылысының сметалық жобасының құжаттамасы әзірленіп, қаржысы шешілу үстінде. Орталықтағы №51, №56, №125, №163, №169 орта мектебі газ жүйесіне қосылыпты. Биыл кент көшелерін орташа жөндеуден өткізіп, асфальттауға 105 470 мың теңге бөлініп отыр екен.
Күн тәртібі бойынша жергілікті полиция қызметі бастығы Ербол Әлімбетов сөз алып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Аудан бойынша 2017 жылдың 12 айында жалпы қылмыс оқиғасы 22 пайызға төмендеген. Бірақ жасөспірімдер арасындағы қылмыс 5 тен 16-ға өскен. Мал ұрлығы қылмыстары 15,1 пайызға төмендеген. Аудан әкімі қолдауымен кент орталығында тірек пункті, орталық алаң маңында стационарлы полиция бекеті салынып, аудандар арасында айшықтылығымен көзге түсіп тұрғанын да айтуға тиіспіз.
Тек ауыл шаруашылығы ғана емес, өндіріс өркен жайған өңірімізде технологиялық үдерістердің арқасында арна тартқан жаңа бетбұрыстар жөнінде баяндаған аудан әкімі Ғ.Әміреев Жаңақорған ауданының биыл облыста барлық сала бойынша алдыңғы орыннан көрініп, үздік аудан атанғанын айтты. Солардың негізгілеріне тоқталсақ, ғылыми инновацияның нәтижесінде күріш өнімінен рекордттық көрсеткішке қол жетті, 500 мың тоннадан астам астық жиналды. Кәсіпкерлікті қолдау мен әртараптандыру бағытында бастамалар көп. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Жаңақорған облыста көш басында. Инвестицияға іріленген шаруашылықтар тартымды. Бір «Миялы» 80 шаруа қожалығын біріктіріп отыр. Аудан әкімі халық тұрмысын тіктеуде қажетті алғышарттар қаншалықты көп, бірақ бюджет біреу, сондықтан мемлекет пен жекеменшік әріптестікті нығайтып, инвестиция тартудың тәсілдеріне тоқталды. Кентте ауыз су мәселесін түпкілікті шешуге 2 млрд-тан астам қаржы бөлінгенін, алдағы уақытта кент ішіндегі көшелерді түгелге жуық талапқа сай етуде жұмыс жасалуда. Ауыл халқының өмірін өркендетуде агроиндустриялық аймақтың да әлеуеті зор. Бірақ осыған әлі де ынта-ықылас жетіспей жатыр. Кентте ғана емес, Қандөз, Қаратөбе, Манап, Ақүйік ауылдық округінде талапты жұмыс бар екен. Мақсат-халықты жаппай өз жағдайын көтеруге жұмылдыру. Табысқа жылдам қол артудың жалғыз жолы-маусымдық жұмыстар. Оны қолға алуда кәсіпкер болу міндетті емес, барлық сала өкілдері, зейнеткер, еңбекке қабілетті кез келген азаматтың бұл шаруаға атсалыса алатынын айтып, ақыл-кеңесімен бөлісті.
Жиын соңында сұрақтар мен пікірлерге кезек беріліп, қоныс тұрғыны, еңбек ардагері Тасболат Төребаев кенттегі С.Сапарбеков көшесін жарықтандыру мәселесін қойды. Жекелеген тұрғындардың қолындағы 2500-дей ірі қараға арнайы жайылымның жоқтығы, бақташы зәрулігін сөз етсе, кент тұрғыны Ә.Ахметов басшылық назарын кенттегі халық көп жүретін көшелерді жөндеуден өткізу, тротуар жайы, суағарлар орнату мәселесіне бұрды. Аудан әкімі бұл сауалдарға жауабындағы: Микро қала жағдайында мал жайылымы мәселесі қарастырылмағанын, тұрғындар тиісінше малды қора жайында ұстап, бордақылауды дағдыға айналдырып, кәсіп қылса маусымдық табысқа негіз қаланар еді деген пікірі көптің көкейіне қонды.
Келесі сөз алған ел ағалары А.Әуезбеков, С.Тұтқабаев ауданда құрылыс нысандары қарқынды дамып келеді. Алдағы уақытта жастардың басын біріктіретін заманауи спорт кешені салынса деген өтініш-тілектерін айтты. Бүгінгі әкім есебіне екпін берген халықтың көз алдында атқарылып жатқан жанды жұмыстар халық пен билік арасындағы ортақ мүдделестіктің нәтижесі екеніне көпшілік атынан разылықтарын білдірді.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
27 қаңтар 2018 ж. 845 0