№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Дана мен қала

Дана мен қала


Қала да тірі ағза секілді, дүниеге келеді, келбеті қалыптасады, кемелденеді. Әлемдегі барлық әйгілі қалаларға тән ортақ ахуал осындай. Астананың ерекшелігі: жеделдігінде, экстернмен, қысқа мерзімде салынып, салтанат құруында.
Қазақ тарихында астана болған қалалардың барлығы да өз кезінде ұлттың өсіп-өркендеуіне тікелей әсер еткен. Мәселен Сыр бойындағы Сығанақ пен Сауран, Жайық бойындағы Сарайшық, Түркістан, Жанкент, көне Тараз, тағы осындай қалалардың атақ-даңқы бүгінге дейін сақталып қалды.
2001 жылы жаңа астанамызға Жоғары Шапағатты Рим папасы Иоанн Павел ІІ келді. Сол қонағымыздың құрметпен айтқан мына сөзі әлі есте: «Мен бір кездері мәдениет пен сауданың маңызды орталықтары болған Баласағұн, Меркі, Құлан, Тараз, Отырар, Түркістан секілді қалаларға таңданыспен көз саламын. Ол жерлерде Европа үшін Аристотелді ашқан Әбу-Насыр Әл-Фарабиден бастап ғылымның, өнер мен тарихтың көрнекті өкілдері тұрған».
Жалпы Астананы ауыстыру туралы идея 90-шы жылдардың басынан бастау алды. Ақмоланы қазақ елінің астанасы ету жөнінде 1948 жылы Қаныш Сәтбаевтың мәселе көтергенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қаперге салғаны бір бөлек, «Қазақты автономия қылсақ Қараөткел (қазіргі Астана қаласы)» Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы-Көрпеш-Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деп жазған Әлихан Бөкейхановтың арман-тілегі ұрпақ жадында қайта жаңғырды. Ұлт бағына туған ұлы тұлға Назарбаев ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов арманын жүзеге асырған кемел ойлы қайраткер.
ХХ ғасырдың өзінде Қазақстан өзінің бас қаласын бірнеше рет өзгертті. 1925 жылы Қазақ елі астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіруге шешім қабылданды. Бас қала атауы Қызылорда болып бекіді. Бірақ елдің басқа өңірлерінен шалғай, табиғаты қатал, жазы аптап, суы тапшы Қызылорданың түпкілікті елорда болу мүмкіндігі шектеле түсті де, 1929 жылы орталық 1921 жылға дейін патшалық Ресейдің әмірімен «Верный» деп аталып кеткен қалаға қоныс аударып, ол Алматы аталып, азаттыққа жол ашқан асқақ рухты жастардың талбесігі ретінде тәуелсіз мемлекеттің мәңгілік тарихына енді.
Тәуелсіздік тұсында астананы ауыстыру тарихи қажеттілікпен туындады. Ол кез әлеуметтік, экономикалық, инфрақұрылымдық, әлеуметтік дағдарыстың асқындап тұрған кезі еді. Ендігі жерде өндіріс пен өнеркәсіпті жаңа кезеңге бейімдеу, көлік-қатынас логистикасын заман талабына сай дамыту, ғылыми әлеуетті арттыру, бұдан өзге де өсіп-өркендеуімізге өріс ашатын қуат көзін қалыптастыру елорданы ауыстырудың қажеттілігін айқындай түсті.
Ең бастысы, осы заманғы нарықтық экономиканың іргетасын бекемдеу, сыртқы әлеммен байланыстың коммуникацияларын жолға қою маңызды орынға шықты. Қоғам батыл жобалардың төңірегіне топтасуға тиіс болды. Астана-адамдардың ерік-жігері, күш-қуаты мен рухани серпілістің үйлесімі арқылы қанатын кеңге жайып, қазақылықтың терең тамыр жаюы жолында қаншама тағдырлы қадамдарға да барды. Шеттен қазақ отбасыларын көбірек тартып, қоныстандырып, қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалардың көптеп ашылуына жағдай жасалды. Ақмолаға елорданың қоныс аударуымен бірге ұлттың қаймағы саналар зиялылары, басым руханият саңлақтары ат басын бұрды. Халық санын өсірудің тарихи жолын қалыптастыру тұрғысында елімізге әлемнің 40-тан астам елінде тұрып жатқан 5 млн-дай қандасымыздың 1 миллионға жуығы елге оралды. Қазақ елінің шаңырағы биіктеп, керегесі кеңейе түсті. Көш әлі тоқтаған жоқ, тоқтамайды да.
Қандай да талапты іске тәуекелділік керек. Бүтін ұлттың тағдырын тар жол, тайғақ кешуден табандылықпен алып өтуде батыл байлам жасай білген ел бағына туған ұл-Елбасының көрегендігінің нәтижесі бұл. Көшбасшының басты сипаты – тың да қуатты идеяны ұсыну, адамдарды соған жігерлендіре білу және халықпен бірге оны жүзеге асыру десек, Астана – осындай жасампаздықтың жарқын бір көрінісі.
Француз Премьер-министрі Франсуа Фийон: «Астана – Сіздердің ұлттық ерік-жігерлеріңіздің жаңаруы мен жұмылуының символы» десе, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун: «Астана ажары – жаңа Қазақстанның бедерлі бейнесі. Бұл қала әртүрлі дін ұстанымдарын бір ұлт ретінде үйлестіріп, өмір сүретін адамдардың ортақ үйі, ең қарқынды дамыған табысты қала» деп нақты бағасын берген.
Жаңа Астанада ең бастысы өмір сүру жайлылығы орныққан. Бала туу көрсеткіші 80 пайызға артып, тұрғындардың дені осы заманғы пәтерлермен, мектеп, ауруханамен қамтылды. Медицина кешені бүкіл қазақстандықтарға қызмет көрсетеді. Назарбаев университетінің» негізі қаланды. 1993 жылы 5 қарашада арнайы Жарлыққа қол қойылып, «Болашақ» бағдарламасының тұсауы кесілді. Жастарымыз шет елдердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқып, ол түлектер сенімді ақтады.
Дамудың обьективті өлшемі-азаматтардың экономикалық тұрғыдан өз-өзін қамтуы. Астананың елдің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 20 пайызға артты. Құрылыс секторы қарқынды дамыды. Айшықты архитектуралық ансамблі заманауи талғаммен үйлесім тауып, сапасы мен сән-салтанаты көркем көз тартқан көрікті қалаға айналды.
Астана – қазақ елінің әкімшілік орталығы ғана емес, ол елдің жүрегіне орныққан ыстық отаны, елордасы.
Астана төрінде сан мәрте халықаралық форумдар, саммит, құрылтай, жиындар өтті. Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық жасап, төрелік етті. Әлемнің дамыған 56 мемлекетінің басын қосып, жаһандық дамудың жария жағдайлары мен дүниежүзілік дүрбелеңдерді ымыраға келтірудің бел ортасынан табылды. Ислам ынтымақтастық ұйымы сыртқы істер Министрлер кеңесі сессиясы, Әлемдік және дәстүрлі діндер Көшбасшыларының съезінің өтуі Қазақстанды бүкіл әлемге танытты.
Израильдің бас сефард раввині Шлома Амардың Қазақстан Президентіне қарата айтқан: «Ойланыңыздаршы, дүние жүзіндегі ұлттар Біріккен Ұлттар ұйымын құрады, ал Нұрсұлтан Назарбаев барлық діндердің Біріккен Ұлттар ұйымын құрды. Бұл бастаманың арқасында осы жерде түрлі діннің өкілдері бас қосып, бір-бірімен ашық та, шынайы әңгіме құрып, бір-бірін тыңдап отыр. Бұл – бүкіл әлемде жасалып отырған ұлы құбылыс. «Мұндай ауқымда әлі ештеңе жасалған емес» деген бағасы, БҰҰ-ның сол кездегі бас хатшысы Пан Ги Мунның «Бүгінде қауымдардың арасынан өзара түсіністік пен ынтымақтастық көпірлерін салудан артық маңызды іс жоқ» деп түйіндеуі Астананың әлем алдындағы беделін одан әрі арттыра түсті.
1999 жылы ЮНЕСКО шешімі бойынша Астанаға «Бейбітшілік қаласы» деген атау берілді.
Еліміз 2016 жылғы 28 маусымда Біріккен Ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды.
Бейбітсүйгіш, көп ұлтты, достастығы жарасқан елдің күші-қаруда емес, татулықта. Елбасымыздың әлем халықтарына ядролық қарудан бас тарту жөніндегі маңызды қадамы да Астана төрінен бастау алды.
Астана-бүгінде әлемдегі әйгілі қалалармен иық түйістірер дәрежеде даму бағытына бет түзеген жаһанданған қалаға айналды. Жаһанданған қала дегеніміз-әлемдік саяси үдерістерге ықпал ететін шешімдер қабылданатын мекен. Бұл-Елбасының қаласы, төлтумасы. Өзіне ескерткіш қойған, артына айта жүрер алып кешендер салып қалдырған, сөйтіп тарихта аты қалған тұлғалар бар, бірақ осындай құндылықтың барлығын бір қаланың бойына тоғыстырған, халқын қалтқысыз сүйген, жүрегінің рух қуатын қасиетті қаланың қан тамырларына таратып, мәңгілікке белгі қалдырған қаһарман – Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы солардың барлығына асқақ тұр.
Әлемге әйгілі жазушы Пауло Коэльо «Мен қазірдің өзінде Астананы жапан далада жайқала өскен гүлге теңей аламын. Қазақстанның жаңа астанасы мына дүниенің мәңгі тоқтамас көшпелілері мен дәруіштеріне жаңғырудың қандай маңызды екенін еске салып тұрғандай болады» деп жазды.
Астана – жаһанданған қала ғана емес, ол қазақтың төл қасиетін даралап, ата-баба рухын тірілтіп, келешекке тірек ете білген тұғырлы қала. «Астана-Бәйтерек» Монументі, «Бейбітшілік және Келісім» сарайы. Бұлар арқылы әлемдік үдерістерге қатыса алатын аура қалыптасты. Мұның өзі Нұрсұлтан Назарбаевты саясаттағы әлемдік Көшбасшыға айналдырды.
«Қазақ елі» тарихи мемиоралдық Монументі ұшар басындағы «Самұрық» құс, «Халық және Президент», «Жасампаздық», «Қаһармандық», «Болашақ», «Бірлік» тәрізді қола барельефтер Тәуелсіздік, Мемлекеттілік, Елшілдік идеясын ұлы тарихтың асқар асуларына аманаттап тұр.
Қазақ елінің «Мәңгілік ел» идеясы- Елбасы –Астана үшеуі ажырағысыз ұғым. Үшеуі де тәуелсіздікпен бірге тұғырын тіктеп, алғы күнге ақ тілекпен арна тартып келеді. Осы жерде қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың мына толғанысы еріксіз ойға оралады: «Президент алғаш ант қабылдаған сәті. Инаугурацияда толқымаған жан жоқ. Есіме алсам әлі күнге жүрегім атқақтай жөнеледі: кенет сахна төрінде Мемлекеттік ту қисайып бара жатты. О, Құдырет, ту сыртындағы туды Елбасы қалай байқады екен, құлап бара жатқан Туды демеп үлгірді. Меніңше бұл да бір нышан. Қасиетті нышан. Шынында да Елбасы қазақтың жығыла жаздаған туын қайта тіктеген азамат». Бұдан артық айту мүмкін де емес.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
22 қаңтар 2018 ж. 1 798 0