№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АСТАНА КҮНІНЕ – ЖАҢА ҒИМАРАТ

АСТАНА КҮНІНЕ – ЖАҢА ҒИМАРАТ


Еңселі Елорданың 20 жылдық мерей тойы қарсаңында Қожамберді ауылдық округінде жаңа ғимарат бой көтерді. Яғни, жаңадан салынған ауыл әкімінің аппараты ел игілігі жолында қызметке кірісті. Ауыл келбетін ажарландыра түскен сәулетті ғимараттың ашылу салтанатында аудан әкімі Ғалым Әміреев жергілікті жұртты қос қуанышымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Мемлекет басшысының әрбір Жолдауларынан туындайтын міндеттемелерді межелі орындауда Сыр елі дамудың жолында келеді. Әсіресе, Жаңақорғанда іргелі бастамалар мен әлеуметтік нысандар бой тіктеп, елдің игілігіне қызмет жасауда. Оның айқын көрінісі биылдың өзінде ауданда екі мектеп, бір балабақша мен спорт кешені пайдалануға берілді. Енді міне Қожамберді ауылында әкімшілік ғимараттың ашылуына куә болудамыз. Бұйыртса жыл соңына қарай медициналық бекет тұрғындарға жол тартады. Мұның барлығы ауылдың әлеуетін көтеріп, тұрғындар қажетін өтеуге өз септігін тигізері анық. Сондықтан, алдағы уақытта ауыл әкімі аппараты қызметкерлері халықтың көкейкесті мәселелерін шешіп, елдің әл-ауқатын арттыру бағытында жемісті жұмыс жасайды деген сенім білдіреміз, – деді Ғалым Махмұтбайұлы.
Аудан басшысының ыстық ықыласынан кейін ауыл ақсақалы, жергілікті қоғамдастық төрағасы Аронрашид Жапенов сөз алып, ақ батасын берді.
– Биыл ауылда қуаныш көп. Әрбір қуанышты жаңалықты естіп еңсеміз тіктеп, көңіліміз бір марқайып қалады. Шүкір. Елбасының сарабдал саясатының арқасында егемендігімізді еншілесек, енді ауыл азаматтарының арқасында туған өлкеміз өрістеп, өрісіміз кеңейіп жатыр. Жуырда жаңадан білім ошағы бой көтерді, бұл өсіп келе жатқан ұрпағымыздың білімді, бәсекеге қабілетті болуына салынған сара жол деп білеміз. Мұның барлығы бірлігімізді нығайтып, берекемізді арттыратыны сөзсіз. Ең бастысы, Тәуелсіздігіміз тұрақты, болашағымыз баянды, келешегіміз кемел болсын, – деді ауыл ақсақалы.
Ауыл қарияларының ақжарма тілегінен кейін, жаңа әкімшілік ғимаратының лентасы қиылып, ішкі құрылысы таныстырылды. Аудан басшысы бастаған топ алдымен ауыл әкімінің кабинетіне еніп, құрылыс жұмысына оң бағасын берді. Әрі, ауыл әкімі Молдахмет Нәлібаевқа кілт табыстап, алдағы жұмысына табыс тіледі.
Айта кететіні, әкімшілік ғимаратының құрылыс жұмыстарына электрондық мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, Асылбек Бектілеуов жетекшілік ететін «Қасиет ЛТД» ЖШС-гі жеңімпаз атанған болатын. 2018 жылға құрылыс жұмысына аудандық бюджеттен бөлінген қаржы толық игеріліп, құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.
Сонымен, ауыл тұрғындары асыға күткен жаңа нысан бой көтерді. Ең бастысы, ел игілігі жолында қалтқысыз қызмет етіп, ауыл келбетін ажарландыруда еселі еңбек етуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, Қожамберді ауылының келешегі кемел.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
06 шілде 2018 ж. 1 306 0