№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕЛДІКТІҢ ТӨРІ – ЕЛОРДАМ

ЕЛДІКТІҢ ТӨРІ – ЕЛОРДАМ


2014 жыл. Алматыдағы «Өмір-ай» газетінде жұмыс жасап жүрген кезім. Редактор Астанаға іс-сапармен баратынымды айтып, қуантты. Белгіленген күні пойызбен бас қаланы бағытқа алдым. Мақсат – Қазмедиа орталығында тәжірибе алмасып, бағдарламаға қатысу.
Бала күнімнен тарихқа деген әуестегімнен бе, Астанаға аяқ басысымен, тарихи-сәулеттік ескерткіштерді көруге құмарттым. Осылайша «Бәйтеректі» тамашалап, Астананың сұлулығына куә болдым.
Одан кейін «Қазақ елі» мәдени-аритектуралық монументіне бет алдым. Алыстан көз тартып, қанатын көкке жайған самұрық құсы байтақ даланың ашық аспанын көктен бақылап, киелі мекенді қорып тұрғандай көрінді. Қазақ Самұрықты қашанда қасиетті құсқа санап, ұшқанда күннің бетін көлегейлей ынтымаққа бастайтын киелі құс деп бағалаған. Ал, ақ мәрмәрдан құйылған Монументтің түсі қазақ халқының бауырмал, достыққа адал, ақ ниеттілігін білдірсе, биіктігінің 91 метр болуы азаттықтың қадір-қасиетінің өлшемін көрсететіндей. Стелланың төрт қырлы тұғырға орнатылуы Қазақстанның дүниенің төрт бұрышына да құшағы ашық екенін паш етсе керек-ті.
«Мәңгілік Ел» тұғырнамасы қазақстандықтарды келешекке үмітпен қарауға үндейтін ұлттық идеяның негізі. Бұл жолда нақты мұрат, айқын мақсат бар. Ол – озық елдер санатына қосылып, заманауи үрдістерге бейімділік таныту қажет. Астанаға табан тірегендер осынау ұлттық мұратпен үндескен символикалық нысанға бармай кетпейтіні белгілі. Мен де «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасына бардым. Салтанат қақпасының екінші бетіне өткенімде қазақ ұлтының болмысы мен тарихын, жас мемлекеттің аяққа тұруы мен дамуының алғашқы 20 жылда жеткен жетістігін әйгілеу үшін бой көтергенін түсіндім. Жалпы, тарихқа көз жүгіртсек, әлемдегі ең алғашқы салтанат қақпасы Ежелгі Римде пайда болыпты. Онда елге жеңіспен оралған сарбаздарды салтанатты рәсіммен қабылдаған екен. Әлем елдерінде кездесетін мұндай қақпалар халықаралық іс-шараларға арналып салынған. Яғни, Астанадағы сәулеті мен сәні келіскен «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы да қазақ елінің өзге дамыған мемлекеттермен терезесі теңеліп, елде түрлі халықаралық іс-шаралардың орын алып жатқанын білдіретін бір дәлелі іспеттес.
«Хан шатыр» ойын-сауық кешені келушілерді өзіне еріксіз тартады. Елордаға ерекше көрік беріп тұрған нысанның кереметіне куә болдым. Дегенмен, кешен маңында орын тепкен Керей мен Жәнібек хан ескерткіші қатты қызықтырды. Қазақ хандығының негізін қалаған хандардың болмыс-бітімін кескіндеген ескерткіш көрушінің бойына рух беріп, мақтаныш сезімін оятады екен. Қиын-қыстау заманда елдіктің негізін салған хандарды қалай құрметтесе де жараспай ма?
Одан кейін Есіл өзенінің бойында тұрған Кенесары ханның ескерткішінің қасына аялдадым. Халқын отарлық езгіден азат етіп, мемлекеттілікті сақтауға ұмтылған хан сансыз жорықтар жасап, ұлтқа үміт сыйлады. Сондай ұрыстың бірі – 1838 жылы Ақмола қамалын қоршаумен байланыстыруға болады. Сөйтіп қазақтың орталығы етуді мұрат етеді. Бірақ, мақсатын орындауға патшалық Ресейдің суық қаруланған әскері мүмкіндік бермейді. Қазақтың соңғы ханының асқақ арманы Тәуелсіздікпен бірге оянып, жүзеге асты. Сондықтан, Астананың төрінде Кенесарының ескерткіші тұруы заңдылық.
Мемлекет басшысының іскерлігімен іргесі қаланған Елорда 20 жылдың ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, тәуелсіздіктің символына айналды. Ондағы бой көтерген әрбір нысан елдіктің нышанын, мемлекеттіліктің мұратын айқындайды. Астана бізге осынысымен құнды.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.

16 маусым 2018 ж. 812 0