№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Елорда – Еуразияның жүрегі

Елорда – Еуразияның жүрегі


1997 жылы Ақмола қаласын Республиканың орталығына таңдағанда 7-сынып оқушысы екенмін. Ол кезде Елорданы орталыққа ауыстырудың маңызын терең түсінбесек те, Мемлекет басшысының қадамы дұрыс екенін білдік, түсіндік. Тіптен, мектеп қабырғасында өтетін дөңгелек үстелдерде астананың ауысуын жақтап, парасат-пайымым жеткенше дәлел-дәйектер келтіруші едім. Міне, бүгінде арман қаланың тұрғыны ретінде өмір кешудемін. Енді оқушы кезімдегі ойларды журналисттік көзқарасыммен ұштастырып зерделей түссем...
Қолыма қалам алғанда «Астана – Еуразияның орталығына айналады» деген ойларым (мектепте оқитын кездегі) есіме түсіп, санада жаңғырады екен. Расында, Астана әлем қауымдастығының назарын аударған, перспективасы зор шаһар ретінде қалыптасып, даму даңғылына түсті. Оған дәлел көп. Мәселен, ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атанды. Халықаралық деңгейдегі саяси-экономикалық, мәдени-рухани жиындар, форумдар, конгрестер, съездер өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. 56 мемлекет басшысы мен жоғары лауазымды тұлғалары бас қосқан ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері, VII Қысқы Азия ойындары, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өткенін айту қажет.
Астана – арманыңа қанат, үмітіңе алау бітіретін, мүмкіндігіңді ашатын қалаға айналды. Мыңдаған жастар Астанаға арман қуалап келеді. Әрі еңбек пен ептіліктің, білім мен біліктіліктің арқасында мұратына жетіп жатыр. Мұндағы Назарбаев университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті және Астана медициналық университетті студенттерінің саны артуда. Лек-лекпен ағылған жастар қаланың ажарын келтіріп, «жастардың шаһарына» айналдырды. Бұл – Астананың зор байлығы деп ойлаймын.
Оқушы кезімде келтіретін аргументтің бірі – орталық және солтүстік облыстарды қазақыландырып, орталықтан басқарудың тиімділігін арттыратынын дәлелдеп бағушы едік. 20 жыл ішінде Астана халқының саны да өсті. 1997 жылы Ақмолада 287 мың адам өмір сүрсе, қазір Астанада 1 млн. 32 мың тұрғыны бар. Қала халқының саны артуымен бірге 10 млн. шаршы метр тұрғын үй салынды. Сарыарқа, Алматы, Есіл, Байқоңыр ауданы құрылды.
Қазір Астана өзге қалаларға өзінің ономастикалық өрнегімен үлгі бола алады. Ондағы көшелерден қазақылықтың исі аңқиды. Сығанақ, Сауран және т.б. көшелерге түскенде ескі-ескі замандармен байланыс салады. Елдіктің тамыры тереңде екенін ұғындырады. Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Бауыржан Момышұлы, Қажымұқан және т.б. көшелер батырлықты насихаттайды. Бір сөзбен айтқанда, Астана көшелері тұлғатану іліміне жол бастап, тарихи жадыны кеңейте түседі. Ұлтты рухтандыратын тарихи-сәулеттік нысандарымен де мақтана алады. Олардың қатарында «Қазақ елі» мәдени-архитектуралық монумент, «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы, «Бәйтерек», «Хан шатыр» және т.б айтуға болады. Керей мен Жәңібек ханғ Кенесары хан ескерткіші қазақ ұлттының тарихы тереңде екенін көрсетеді.
Бәрінен бұрын, Астана экономиканың локамативіне, экономикалық серпіліс беретін орталыққа айналды. Бүгінде шаһардың өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған. Астана Қазақстанда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орынды иеленеді.
Қаланың ірі кәсіпорындары қатарында Целиноград вагон жөндеу зауытын, «Цесна-Астық» концернін, «Тұлпар-Тальго» ЖШС жолаушылар вагонын құрастыру зауытын, «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС тікұшақ құрастыру зауыты және т.б. нарықтық қатынасқа сай жүйелі жұмыс жасаудың жүйесін көрсетіп отыр...
Астананың ең үлкен мақтанышы – жасыл қалаға айналды. Дерек көздеріне қарағанда, Елорда айналасындағы «жасыл белдеу» аумағы 65 мың гектарға жетті, оның 14 мың гектарға жуығы қаланың өз ішінде бой көтерді. 1998-2004 жылдар аралығында елорда шекарасы аумағындағы жалпы ауданы 11502 гектар жерге 9,6 млн. түп ағаш және 1,8 млн. түп бұта отырғызылды. Ал, 2012-2017 жылға дейін ор-ман жолақтарының арасына 152 млн. астам көшет отырғызылды. Қазіргі уақытта Астана орманы қаладан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Шортанды бағытындағы табиғи орманмен қосылып, тұтасып үлгерді. Қала маңындағы басқа бағыттардағы ормандар да біртіндеп қанатын кеңге жайып барады. Ел арасында «Президент орманы» атты лайықты атау алған бұл орман алқабы нағыз табиғи байлыққа айналды. Мұнымен әрбір қазақстандық мақтануға, шаттануға болады.
Міне, оңтүстік-шығыстағы Алматыдан – орталыққа, Арқа төсіне қоныс тепкен бас қала осылайша жан-жақты дамып, өркендеп, толысып келеді. Ал, саршұнақ аязы мен ақтүтек бораны Астананың көз тартар әдемілігін арттыра түсетіндей...

Гүлжан ОРЫНБАЙ,
«Таңшолпан» бағдарламасының продюсері, арнайы
«Жаңақорған тынысы» үшін.
03 шілде 2018 ж. 1 073 0