№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АСТАНА – ДАМУ МЕН ИННОВАЦИЯНЫҢ 20 ЖЫЛЫ

АСТАНА – ДАМУ МЕН ИННОВАЦИЯНЫҢ 20 ЖЫЛЫ


Елбасы халыққа арнаған биылғы Жолдауында: «2018 – Елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл», – деп нақты атап көрсеткен болатын. Соған орай, елімізде түрлі іс-шаралар қолға алынуда. «Нұр Отан» партиясы бұл мерейтойды «Астана – даму мен инновацияның 20 жылы» атты ауқымды форум өткізумен бастады. Шара Астананың қазіргі заманғы технологиялардың, сапалы білімнің, инвестиция мен жаңа креативті идеялардың орталығы ретінде бағындырған белестері мен жеткен жетістіктеріне арналды.
Форумда «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында көрсетілген басым бағыттарды жүзеге асыру кезіндегі мегполистің даму перспективасы да кеңінен сөз болды. Аталған іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Элдар Жұмағазиев, Парламент Мәжілісінің депутаттары, «ақылды қала» технологияларын енгізуге тікелей қатысқан IT компаниялардың, елордалық жоғары оқу орындарының, инновация орталықтарының, индустриялды-инновациялық компаниялардың, сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.
Алғаш болып сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед елорданың 20 жылда қол жеткізген жетістіктеріне айрықша назар аударды. Ол өз сөзінде Астана Тәуелсіз Қазақстанның мүлде жаңа дәуіріне жол ашқанын ерекше атап өтті.
– Тәуелсіздік жылдары біз ұлттық идея туралы көп әңгіме қозғадық. Шындығын айтар болсақ, Елбасының ғажайып жобасымен дүниеге келген Астана 20 жыл бойы ең басты ұлттық идея ретінде халқымызды өркениет биігіне бастап келеді. Елордамыз бүгінде жаһандық саяси үдерістер мен бітімгершілік бастамалардың белді қатысушысы ретінде әлем картасынан ойып тұрып орын алды. Аз уақыт ішінде Астана дүниежүзіне конфессияаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын бесігі ретінде танылды. Бүкіл әлемді бейбітшілікке шақырған халықаралық форумдардың ұйытқысына да айналып үлгерді. Әлемге әйгілі инвесторлардың қызығушылығын оятқан бас қаламыз шын мәнінде ірі қаржы орталығына айналып, халқымыздың ұлттық бренді болып қалыптасты. Аса зор табыспен өткізілген EXPO – 2017 халықаралық көрмесі де Астананың инновациялық әлеуетін айқын көрсетіп берді, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар форум барысында Астананың дамуы және әлеуметтік-экономикалық жетістіктері туралы қала әкімі Әсет Исекешев есеп берді. Одан бөлек, әкім елорданы жаһандық деңгейдегі ақылды цифрлы қалаға айналдыру стратегиясын жүзеге асыру жұмыстарына да тоқталды.
– Елордамыз Алматыдан Астанаға ауысты­рылған күннен бастап дамудың барлық сатысынан өтті. Бүгінде Астана бір кездегі шағын ғана қаладан бүкіл әлем мойындаған алып шаһарға айналды. Қазіргі таңда бас қалада 1 миллионнан астам халық тұрады. Соңғы 20 жылда жалпы өңірлік өнім шамамен 190 есеге артып, 5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіші 30 есеге көбейіп, 454,4 млрд теңге болса, шағын және орта бизнеске тиесілі өнім көлемі 4,3 трлн теңгені құрады. Осындай орасан зор жетістіктердің арқасында мемлекеттік бюджетке түсімдер шамамен 80 есеге дейін артып отыр. Нәтижесінде, 1997 жылғы 13,6 млрд теңгеден 1,064 трлн теңгеге жетіп отыр. Бұл ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштер, – деді Ә.Исекешев.
Қала әкімінің айтуынша, 20 жыл ішінде тұрғын үй құрылысына 1 трлн 600 млрд теңге бөлініп, 180 мыңға жуық пәтерді қамтитын 1 265 тұрғын үй салынған. Тек кейінгі 5 жылдың өзінде Астанада 9 млн шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілген. Яғни, осынша уақытта 300 мың адамға арналған қала салынған. Бұл дегеніңіз, орташа есеппен облыс орталығына пара-пар көрсеткіш. Одан бөлек, шаһар басшысы 20 жылда Астанада 1172 өндірістік, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық маңыздағы нысандар салынғанын айтып: «Негізгі капиталға инвестициялардың жылдық көлемі 1997 жылдан бері 44 есеге өсіп, 8 трлн теңгені немесе 47 млрд долларды құрады. Мұндай үдеріс 2017 жылы да лайықты жалғасын тауып, ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесін өткізу арқылы оң экономикалық көрсеткіштерге қол жеткіздік. Өткен жылы Астанаға тартылған инвестиция көлемі 945 млрд теңге болса, оның 70 пайызы жеке инвестицияның үлесінде», – деді.
Бұл игі істер алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, бұдан да зор жұмыстар атқарылатын болады. Өйткені Елбасымыз биылғы Жолдауының «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін» деп аталатын оныншы басым бағытында Астананың дамуына ерекше назар аударып, нақты міндеттерді айқындап берген еді. Мемлекет басшысы Жолдауда: «Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз. Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады. «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет», – деп Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастыруды, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастауды тапсырды. Осыған орай Ә.Исекешев Астана қаласында атқарылатын алдағы жұмыс жоспарын да көпшіліктің назарына ұсынды. Әкімнің сөзіне қарағанда, болашақта Астананың даму стратегиясында тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінбек. Ол үшін өмір сапасын арттыру және халықтың табысын көбейту бағыттарына басымдық берілетін болады.
Өз кезегінде дамудың инновациялық бағытын «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Элдар Жұмағазиев те қолдады. Ол бүгінде астаналық кәсіпкерлерге бизнес үшін барлық жағдай жасалғанын айта келе, мұндағы қызмет көрсету сапасы мен түрлері бизнес-қауымдастықтың жұмысын айтарлықтай жеңілдететінін тілге тиек етті. Бұдан басқа, Э.Жұмағазиев шағын және орта бизнестің Астананың дамуына қосқан үлесіне тоқталып, оны жетілдірудің негізгі бағыттарын атап өтті. «Шағын және орта бизнесті дамыту Елбасы айтқан «ақылды қала» құруда айрықша рөлге ие. Себебі, инновациялық бастамалардың негізгі тұтынушылары ретінде бизнес өкілдері аталады» деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.
Жалпы жиынға қатысушылар «Сергек» бейне бақылау бағдарламалық жүйесі, бас шаһардағы туризмді дамыту, Smart City жүйесін кешенді енгізу және инновациялық бастамаларға астаналық жоғары оқу орындарының қатысу деңгейі жөнінде кеңінен талқылады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы нақты міндеттерге де аса мән берілді. Өйткені Мемлекет басшысы Жолдаудағы басым бағыттар арқылы еліміздің технологиялық және инфрақұрылымдық дамуына тың серпін берді. Бұл бастамалар Астананың одан әрі дамуына да оң әсерін тигізері сөзсіз.
Форум аясында Астананы әлемнің ең алдыңғы қалаларының қатарына қосатын бастамалар мен ұсыныстар да айтылды. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жаңа технологияларды енгізу бастамасын қолдап, «ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотиві екенін айтты.
– Елбасының тікелей бастамасымен Астананың «ақылды қала» ретінде салынуы оның табиғаты таза, өмір сапасының жоғары стандарттарына сай шаһар болып қалыптасуына зор мүмкіндік береді. Бүгінде еліміздің инвестициялық ахуалы ірі мегаполистердің құрылуына жол ашуда. Өйткені инвесторларға барлық жағдай жасалған, жұмыс істеуге қолайлы, қауіпсіз жерлерге келеді. Дубай – Таяу Шығысқа, Сингапур Оңтүстік Шығыс Азияға қалай үлгі болса, Астана да Орталық Азияға сондай болуы керек. Біздің елдің оған күш-қуаты, әлеуеті, инновациялық және инвестициялық деңгейі әбден жетеді. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы алдағы уақытта Астананың цифрлы технология мен инновацияны енгізудегі тәжірибесін Қазақстанның барлық қаласында жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге әрқашан дайын, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Одан бөлек, партия Төрағасының Бірінші орынбасары партияның аталған бағыттағы жұмыстарына тоқталып, инновациялық жобамен айналысып жүрген 20 жас талантқа арнайы қолдау көрсетілетінін жеткізді. Оларға белгілі бір мөлшерде грант тағайындалып, бастаған ісін жүзеге асыруға жағдай жасалмақ. Осы ретте «Нұр Отан» партиясы қазірдің өзінде Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен «Nurintech» жобасын қолға алғанын, сол арқылы еліміздегі жас өнертапқыштарға жүйелі әрі тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өткен жөн.
Форумда Астана қаласы әкімдігі инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров, Selena Insulations ЖШС-ның бас директоры Гүлнар Байсарина және Астананың «ақылды қала» атануына атсалысып жүрген тағы басқа мамандар сөз алып, өз жұмыстары жөнінде баяндама жасады. Соның нәтижесінде Астананың дамуына оң әсерін тигізетін бірқатар нақты ұсыныстар айтылып, «Нұр Отан» партиясы өкілдері мен қала басшылығы тарапынан назарға алынды.

Еламан ҚОҢЫР,
Суреттерді түсірген Рустам Амантай,
«Айқын».
30 қаңтар 2018 ж. 1 455 0