№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АУДАН АЙНАСЫ ҚАНАТЫМДЫ ҚАТАЙТТЫ

АУДАН АЙНАСЫ ҚАНАТЫМДЫ ҚАТАЙТТЫ


Қаратаудың етегінде қоныс тепкен Жаңақорғанның топырағында өсіп-өнген жалпақ ел ғұмыр атты ұлы мұхитта сәулелі сүрлеуін салып, ұлағат терген, рухани ризығын өркениет көгіне шамшырақ етіп жағып, жарық ғұмыр желкенін шырқау биікке жетелейтін жемісті жетістіктерімен адамзат игілігіне арналы із қалдырып келеді.
Тұғырына туын қадаған, ертеңге сенім жалғаған, туған жер – жұмақ бесігін жерұйығына балаған әрбір жанға атажұрттан қадірлі, атажұрттан қымбат ешнәрсе жоқ. Қаратаудың қойнауына қоныс теуіп, қорғанын салған, тарыдай бытыраған қарындастың қамын жеп, қатарға қосып, қамалы болған, бүгінде өсіп өркендеген, болашаққа бет түзеген қасиетті мекеніміз – Жаңақорғанның жалауын желбіретіп, шежірелі тарихының айнасы болып келе жатқан үнжария – «Жаңақорған тынысы» газетіне биыл 85 жыл толып отыр.
Жаңақорған топырағы ұлы тұлғаларды өмірге алып келген киелі құт-мекен. Сол құтты мекеннің мерейін өсіріп, жағымды жаңалық пен жасампаз істерді жариялап, жұртшылықтың жүрегінен жол тапқан «Жаңақорған тынысы» газетінің 85 жылдық ғұмырында қаншама тарих жатыр. Яғни, өткен ғасыр мен XXI ғасырдың арасын жалғап жатқан өмірдің ізі, тарихи сабақтастық...
Даналығымен дараланған алаштың ұлы тұлғаларының бірі Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің алғашқы санында, басылымды жарыққа шығарудың ең негізгі 4 маңызы мен міндетін тап басып жазады.
«Əуелі газет – халықтың көзі, құлағы һəм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды...
Екінші газет – жұртқа қызмет ететін нəрсе, олай болатын мəнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады.
Үшінші газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші.
Төртінші газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шұқытпасқа тырысады».
Ұзақ жылдар бойы Чилиді басқарған әлемге әйгілі мемлекет қайраткерлерінің бірі Сальвадор Альенде елінде үлкен төңкерістен биліктен айрылғаннан кейін «Менің қолымда армияның болғаны түк емес, оған өкінбеймін. Менің қолымнан бұқаралық ақпараттар кетіп қалды, түбіме жеткен солар», – деп өкініш білдіріп, басын шайқаған екен.
Қоғамды тәрбиелейтін де, кемшін тұстарын түзетіп, көпшілік жұртты бір мақсатқа жұмылдырып, тау-тау дүниені еңсеруге, еңбек етуге жұмылдыратын да осы баспасөз. Ол жайлы Бауыржан Момышұлының: «Институт – студенттерді тәрбиелеу аудиториясы, ал газет – халықты тәрбиелеу аудиториясы» деген сөзі ойымызды дөп басады.
Бүгінде ақпарат кеңестігіне теледидар мен интернет ресурстары қосылғанымен дәстүрлі басылымға деген сұраныс кеміген жоқ. Қайта газеттер оқырмандарды құнды ақпараттармен қанықтырып, бәсекеге қабілеттілігін танытып келеді. Тіптен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы газетте жариялануы дәстүрлі басылымға деген сенімнің арта түскенін айғақтайды.
Міне, осы бір мысалдардан-ақ БАҚ-тың күші мен қуатының қаншалықты екені өзінен өзі түсінікті. Аудандық па, облыстық па немесе республикалық газеттер ме, бәрінің қоғамдағы, өз қамтуындағы атқаратын рөлінің бірдей екендігі көрінеді. Ендеше өзінің қалыптасу, даму кезеңдерін абыроймен өткерген 85 жыл тарихы бар «Жаңақорған тынысы» газетінің де өз кезеңі, өз дәуіріндегі орны осындай болған.
Осы жылдар аралығында қаншама адам «Жаңақорған тынысынан» түлеп ұшып, кең қанатты шығармашалық иесі, сөзі дуалы қарымды қаламгер, елге белгілі журналист атанды. Тіпті, санамалап бітіре алмайсыз. Басылым 85 жыл ішінде тек баспасөз қызметін атқарып қана қоймай, талай республикалық деңгейдегі журналистерді де түлетіп ұшырған құтты мекен, талай тұлғаны тәрбиелеген қарашаңырақ. Басылымның әр жылдар уығын көтерісіп, еңбектің диірменін итеріп, қара нардай ат салысқан аға буын ақиық азаматтарымыз әлі де жазудан алшақтаған емес. Олардың баршасы бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, құрметті демалыста. Демалыста деймін-ау, әлі де ел игілігі үшін еміне еңбек етіп, тәуелсіз Қазақ елінің жарқын болашағын жасасып жүрген жайы бар.
Исатай Әбдікәрімов, Жұмабай Әбілов, Мырқы Исаев, Адырбек Сопыбеков, Құдабай Ертаев, Айдархан Бибасаров, Жақсылық Рахматуллаев, Бақтыбай Айнабеков, Үсен Әбшенов, Кенжебек Әбдімәуленов, Орынбасар Сүлейменов, Файзулла Сахиев, Оңалбай Садықов, Шанжархан Төрегелдиев, Әкім Мейірбеков, Оразалы Мұсабеков, Құдайберген Ертасов, Жолтай Әлмашев сынды ойлары терең, көзқарасы кемел, қаламы жүйрік қаламгерлер мен ғалымдар, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері аудан айнасына хал-қадірінше еңбек сіңірді.
Солардың бірі – маржанды сөзбен өрілетін журналистика саласында өзіндік қолтаңбасы бар, ойы ұшқыр, қаламы шыңдалған, қарымды қаламгер Құдайберген Ертасов.
Саналы ғұмырын журналистика саласымен байланыстырған ол отыз жылдан астам газет өндірісінің өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Құқық, ауылшаруашылық тақырыптарында қалам тербеп, фельетон жанрында кеңінен танылып, өткір публицистикалық еңбектерімен ел жадында қалды.
Әкем жайлы белгілі қаламгер Адырбек Сопыбеков «Қабілетімен танылған қаламдас» атты естелігінде оның азаматтық қарым-қабілеті мен адамдық болмыс-бітімін жан-жақты ашып жазады.
«Бір газетте үздіксіз отыз жылдам астам қызмет істеу, қабілет-қарымымен ілгерілеу оңайлықпен бұйыра берер мәртебе емес. Құдайберген Бижігітұлы өзіне ғана тән қабілет-қарымымен осындай асуларды бағындырды. Кез-келген тақырыптағы материалдарды мазмұнды әрі оперативті түрде жазып тастайтын. Ол өмірінің соңына дейін жауапты хатшы, Бас редактордың орынбасары қызметтерін абыройлы атқарып келді. Ұстанымына берік, өмірге ерекше көзқарасы қалыптасқан Қ.Ертасов жүрген ортасында сыйлы-беделді еді», – дейді мақаласында Адырбек Сопыбеков.
Менің идеалым да, ұстазым да, арқасүйерім де, ақылшым да – Әкем еді. Ол санаса саусақ жетпейтін зор қасиетімен ел-жұртының, ортасының сый-құрметіне молынан бөленді.
Әкем бізді қабақпен тәрбиеледі, жанарынан талай сырды ұқтырды. Бізге оның сын-ескертпелері Анамыз арқылы жететін. Әкемізге не ұнады, не жақпады, не айтқысы келеді, не ұқтырғысы келді, қай ісімізге көңілі толмады, риза ете алдық па, жоқ па бәрін оның жанарынан оқитынбыз. Оқитынбыз да қуантуға, бізбен мақтануға мейлінше күш салатынбыз. Қателік жасасақ та жанарымызбен кешірім сұраушы едік...
...Менің де тырнақалды туындым ел үшін де, өзім үшін де аса қадірлі сүйікті газетім – «Жаңақорған тынысында» жарық көрді. Басылымның әр нөміріне мектеп, аудан өмірінен ақпараттар беріп отырдым. Үйрендім, ысылдым, кәсіптік жолға машықтандым. Сондықтан болар аудандық газет менің алғашқы мектебім, журналистік қадамымның бастауы екені айқын.
Ғасырға жуық ғұмыры ғибратқа толы «Жаңақорған тынысы» газеті мен секілді қаншама жас тілшілердің талабын ұштап, томағасын сыпырды. Қалың жұрттың жоғын жоқтап, мұң-мұқтажын түгендеген басылым сынаптай сырғыған жылдарда аудандық газет алыстағы елді-мекендердің әлеуметттік мәселерінін жауырды жаба тоқып емес, ақиқатын ашып жазды. Қаламы қарымды журналистер санаға сақ, халыққа жақ бола білді.
Уақыт атты құдіреттің қазанында қайнап, басылымда шеберліктерін шыңдаған әрбір азамат үшін «Жаңақорған тынысы» рухани ұстаз, әрі теңдесі жоқ тәрбиеші. Олай дейтінім, мұнда олардың біліктілігі артты, өмірге деген көзқарасы қалыптасып, болашақтағы бағытын айқындады да келер ұрпаққа қолтаңбаларын қалдырды. Газеттің сарғайған беттеріне көз салып зерделей білсеңіз мұнда замана қойған талаптарға сай атқарған ауданның тыныс тіршілігі де бар. Жалпы алғанда, бүгінгі қауым бабалары мен аға ұрпақ өкілдерінің жүріп өткен жолын, соның ішінде ашаршылық, зобалаң, нәубет, соғыс жылдарындағы басынан кешкен зұлматтармен де тіпті кешегі тоқырау деп аталған аумалы-төкпелі кезеңдерден кейінгі нарықтық экономика әкелген қиындықтармен де «Жаңақорған тынысы» арқылы танысатынына сенемін. Талай тілшінің қанатын қатайтып, қаламын ұштаған басылымның тарихы терең. Өлкенің күнделікті тыныс-тіршілігін тамыршыдай тап басып жазып отыратын жергілікті газеттің ордалы оқырманы бар. Демек, аудандық басылымның тарихы - ауданның да тарихы, түрлі-түрлі қиындықтардан өткен елдің де шежіресі. Алдыңғы ағалардың осынау қасиетті ісін үлкен абыроймен жалғастырған бүгінгі буынға шығармашылық жұмыста табыс тілеймін!
Басылымның мерейлі мерекесі қарсаңында көрген білген, көкейге түйген жайларымды ортаға салдым. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда қазір уақыт басқа, ақпарат құралдары заманауи техникалармен қамтамасыз етілген. Қорғасын әріптер архив қоржындарына өткізілген, кәсіби мамандар да жеткілікті. Бүгінгі қол жеткен жетістіктің қайсысы болса да ескінің құрсағында жетіліп, содан бастау алатынына көңіліміз марқаяры хақ!
Дәуірдің үнін дөп басқан аудандық басылым ұжымымен, шығармашылық топпен байланысым үзілген емес. Газетіміздің өскені, материалдық жағынан нығая түскені көңілге қуаныш ұялатады.
Басылым журналистері салмақты сөз саптап жатса – оқырманның олжаға кенелгені. Қатарына ұлтжанды, шығармашылық әлеуетті қызметкер қабылдап һәм қанаттандырып, түлетіп жатса, бұл да – оқырманның ұтқаны. Алдыңғы аға толқыннан кейінгі толқынға келелі ұласқан киелі дәстүрге кір жуытпай келсе, оқырманның көмбелі қазынасы деп ұққан жөн!
Ендеше, тілшіліктің қамымен, тіршіліктің нанын жеп, арқалағаны алтын, жегені жантақ тілшілерге шығармашылық шарықтау тілеймін!

Гүлжазира ЕРТАСОВА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
РhD докторанты.
30 маусым 2018 ж. 1 575 0