ӘКІМ БОЛ, ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ
Кеше аудан әкімі Ғалым Әміреевтің төрағалығымен Жаңақорған кентінің әкімі Аллаберген Ахметов, аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы Ербол Әлімбеков 2017 жылдың қорытындысы мен 2018 жылға атқарылатын міндеттері жайлы Жаңақорған кенті тұрғындарына есеп беру кездесуі өтті.
Басқосуға қатысқандардың көпшілігі Жаңақорған кенті әкімінің 2017 жылғы атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Дегенмен де, жиналыс барысында бірнеше мәселе көтерілді. Кент тұрғындары С.Сапарбеков, А.Жанпейісов, Ә.Молдағұлова көшелерін жарықтандыруды, З. Мұсаханов көшесіне күрделі жөндеу, яғни жаңадан асфальт төсеуді сұрады. Бұл сұраққа аудан әкімі Ғалым Әміреев С.Сапарбеков көшесіне биыл жарық жүргізілетіндігін, А.Жанпейісов көшесіне жарық жүргізудің жобалық сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқанын жеткізді. Мұнан өзге де мәселелер туындаған жағдайда жергілікті қоғамдастық жиындарында қарауға болатынын айтты.