» » ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ – ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ

ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ – ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ


Қоғамның дамуына қатысты мәселелерді талдағанда, ең алдымен, заңның адам өміріндегі орнына назар аударуымыз керек. Себебі заңның басты міндеті қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау.
Менің ойымша, кез келген саяси немесе қоғамдық өзгерістің маңызын оның қарапайым адамға беретін мүмкіндігі арқылы бағалаған дұрыс. Азамат өз құқығын біліп, заң алдында өзін қорғалған сезінсе, мемлекетке деген сенімі де нығаяды. Ал мұндай сенім қоғамдағы тұрақтылық пен өзара жауапкершілікті қалыптастырады.
Бұл ретте құқықтық мәдениетті арттырудың маңызы зор. Заңды білу жеткіліксіз, оны күнделікті өмірде құрметтеу де қажет. Әр адам өз құқығын қорғаумен қатар, өзгенің құқығына да құрметпен қарауы тиіс. Осындай түсінік қалыптасқанда ғана әділдік қоғамның ортақ қағидасына айналады.
Тағы бір маңызды мәселе, қабылданған шешімдердің орындалуы мен нақты нәтижесі. Халық үшін өзгерістің мәні оның қалай жарияланғанында емес, өмірде қандай оң өзгеріс әкелгенінде. Сондықтан ашықтық, жауапкершілік және заң талаптарының бәріне бірдей қолданылуы кез келген реформаның нәтижелі болуы үшін маңызды.
Әділетті қоғам құру – бір мекеменің немесе бір адамның міндеті емес. Бұл – мемлекет пен азаматтардың ортақ жауапкершілігі. Заңға құрмет пен адам құқығына деген сыйластық күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғанда ғана қоғамның тұрақты дамуына берік негіз қаланады.
Жаңа Конституцияда бұл таңбаланып жазылған.

АЙЖАМАЛ РЫСБЕКОВА
Жаңақорған аудандық әйелдер кеңесінің мүшесі
13 қазан 2026 ж. 62 0