Жастар – ауылдың жарқын болашағы

Машбек Нәлібаев ауылдық округіне барған сапарымызда ауыл тазалығына атсалысып, туған жердің көркеюіне үлес қосып жүрген жастарды кездестірдік. Күздің қоңыр салқыны сезілгенімен, ауыл сыртында тазалық жұмыстарын жүргізіп жүрген жастардың қарқыны көңіл қуантты. Қолдарына құрал-саймандарын алып, айналаны ретке келтіріп жүрген олардың әр қимылынан туған жерге деген жанашырлық байқалады. Біз жастардың бойындағы ауылға деген сүйіспеншіліктің, ортақ іске деген жауапкершіліктің көрінісіне куә болдық.
Жастардың жұмыс барысымен танысып, ауылдағы өскелең ұрпақтың тыныс-тіршілігі жөнінде білу мақсатында ауылдың округінің жастар ісі жөніндегі маманы Жарқынбек Бақбергенұлымен әңгімелестік. Оның айтуынша, ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жұмыспен қамту, спорт пен өнерге баулу, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға тарту бағытында бірқатар іс атқарылып келеді. Әсіресе, туған жердің тазалығы мен көркеюіне жастардың белсенді қатысуы маңызды.
– Ауылдың тазалығы – баршамызға ортақ міндет. Туған жеріміздің таза, көрікті болғанын қаласақ, оған әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек. Мен ауыл жастарына тек тапсырма беріп қана қоймай, өзім де бірге жұмыс істеймін. Өйткені тазалықтың қадірін сөзбен айтқаннан гөрі, іс жүзінде көрсеткен әлдеқайда тиімді. Жастардың қоғамдық жұмыстарға араласуы олардың жауапкершілігін арттырып, туған жерге деген сүйіспеншілігін нығайтады, – дейді Жарқынбек Бақбергенұлы.
Шынында да, ауылдың ажары тек абаттандырылған көшелермен немесе жаңадан салынған нысандармен өлшенбейді. Оның көркі тазалыққа бейжай қарамайтын тұрғындардың ниеті мен ортақ іске жұмыла білуінде. Ал осы қасиеттерді жас буынның бойына сіңіру бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Ауыл тазалығына атсалысып жүрген жастардың еңбегі осы бағыттағы тәрбиенің нәтижелі екенін аңғартады. Жастар – кез келген елді мекеннің қозғаушы күші. Олардың білім алуға, еңбек етуге, өз қабілетін көрсетуге және қоғамдық өмірге араласуға деген ынтасы ауылдың ертеңіне тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Машбек Нәлібаев ауылдық округіндегі жастардың әлеуметтік жағдайы, жұмыспен қамтылуы мен бос уақытын тиімді өткізуіне жасалып жатқан мүмкіндіктер назар аударуға тұрарлық.
Жарқынбек Булековтың мәліметінше, ауылдағы 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны – 282. Бұл округ халқының шамамен 30 пайызы. Жас тұрғындардың басым бөлігі үшін білім алу, мамандық таңдау, тұрақты жұмыс табу және болашаққа сенімді қадам жасау мәселелері маңызды. Сондықтан жастармен жүйелі жұмыс жүргізіп, олардың сұранысы мен ұсынысын ескеру қажет. Ауылдағы жастардың 105-і жұмыспен қамтылған болса, 54-і өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Дегенмен тұрақты жұмысқа орналасу мәселесі де өзекті. Әсіресе, оқуын аяқтаған, белгілі бір мамандықты меңгерген немесе еңбек жолын енді бастаған жастар үшін қолайлы жұмыс орындарының болуы маңызды. Мұндай жағдайда жастарға бағыт-бағдар беру, бос жұмыс орындары жөнінде ақпарат ұсыну және кәсіпкерлікке қызығушылығын арттыру бағытындағы жұмыстардың мәні зор.
Сонымен қатар өнерге бейім балалар мен жасөспірімдер үшін ауылдық клубтың есігі ашық. Мұнда бес үйірме жұмыс істеп, 55 бала түрлі бағытта қабілетін шыңдап жүр. Олардың қатарында «Саз» домбырашылар үйірмесі, би, ән, көркем сөз және фотодизайн үйірмелері бар. Осындай үйірмелер арқылы ауыл балалары өз қызығушылығын анықтап қана қоймай, көпшілік алдында өнер көрсетуге, ортаға бейімделуге және бірлесіп жұмыс істеуге үйренеді.
Жастар ісі жөніндегі маманның айтуынша, ауылда жастармен кездесулер де жиі ұйымдастырылады. Мұндай жүздесулерде олардың ұсыныстары тыңдалып, толғандырған мәселелері талқыланады. Әсіресе, жұмыссыз жүрген жастармен дөңгелек үстел өткізу – олардың жағдайын түсінуге және алдағы қадамдарын айқындауға мүмкіндік беретін шаралардың бірі. Жастармен жұмыс істеуде олардың пікірін тыңдау, бастамаларын қолдау және қоғамдағы орнын сезіндіру ерекше маңызға ие. Жас буынның белсенді болуы үшін оларға тек міндет жүктеу жеткіліксіз. Өз ойын еркін айтуға, ортақ шешім қабылдауға және қоғамдық іске араласуға мүмкіндік беру қажет. Осы тұрғыдан алғанда, ауылда өткізілетін кездесулер мен дөңгелек үстелдер жастар мен жауапты мамандар арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Қоғамдық белсенділіктің тағы бір көрінісі – қайырымдылық. Ауылда «Мейірімділік жүректе» атты қайырымдылық акциясы тұрақты өтіп тұрады. Мұндай акциялар арқылы жас буын өзгеге қол ұшын созудың, мұқтаж жанға қолдау көрсетудің және жақсылық жасаудың маңызын түсінеді. Қайырымдылық жасау міндетті түрде үлкен мүмкіндікті немесе мол қаражатты талап етпейді. Кейде біреуге уақыт бөлу, жылы сөз айту, қолынан келген көмегін ұсыну да үлкен жақсылықтың бастауы болуы мүмкін. Ең маңыздысы – адамның жүрегінде өзгеге деген жанашырлықтың болуы. «Мейірімділік жүректе» акциясының да негізгі мәні осында. Жастардың осындай игі істерге араласуы олардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады.
Сапар барысында тазалық жұмысына атсалысып жүрген жастарды көргенде, туған жердің көркеюіне үлес қосу үлкен істен емес, қарапайым қадамнан басталатынына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Бірі айналаны тазартуға көмектессе, бірі спортта шыңдалып, енді бірі өнер арқылы қабілетін танытып жүр. Ал білім алып, еңбекке араласуға талпынған жастардың әрқайсысы ауылдың ертеңіне өзіндік үлес қоса алады. Өйткені, ауылдың болашағы – бүгінгі жастың қолында. Олардың бойындағы жігер мен талпынысты дұрыс бағыттап, бастамаларына қолдау көрсету – баршамызға ортақ міндет.
Айсұлу АЛДАНАЗАР



