№20 (8934) 17

17 наурыз 2026 ж.

№19 (8933) 14

14 наурыз 2026 ж.

№18 (8932) 7

07 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МЕЙІРІМ МЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ТОҒЫСҚАН МАМАНДЫҚ

МЕЙІРІМ МЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ТОҒЫСҚАН МАМАНДЫҚ

Адам өміріне араша болу – кез келген жанның қолынан келе бермейтін, жүрек пен жігерді қатар талап ететін қасиетті жол. Сол жолдың алдыңғы шебінде жүргендердің бірі – мейірбикелер. Олар тек дәрігер нұсқауын орындаушы ғана емес, науқастың жан дүниесін түсініп, сауығуына сенім сыйлайтын шынайы жанашыр. Медицинадағы терапия бөлімі – ауруды анықтап қана қоймай, оның салдарымен күресіп, науқастың саулығын қалпына келтіруге бағытталған маңызды буын. Ал осы бөлімнің тірегі – мейірбике. Себебі дәрігер тағайындаған емнің уақытылы әрі дұрыс жүргізілуі, науқастың күтімі мен жағдайының тұрақтылығы тікелей осы маманға байланысты. Осындай жауапкершілікті абыроймен арқалап жүрген жандардың бірі – Ақмарал Тасманова.
Ол өз ісіне адал, әріптестері арасында сыйлы, науқастардың алғысына бөленіп жүрген білікті маман. Түркістанда білім алып, бүгінде аудандық аурухананың терапия бөлімінде қызмет етіп келеді. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі оны нағыз өз ісінің шеберіне айналдырған.
Мейірбике болу – тек міндет атқару емес, ол – үлкен сабыр мен төзімділікті талап ететін мамандық. Күн сайын түрлі жағдайдағы науқастармен жұмыс істеу, олардың әрқайсысына жеке көңіл бөліп, дәрі-дәрмекті уақытылы беру, ем-шаралардың дұрыс орындалуын қадағалау – мұның бәрі үлкен жауапкершілік жүктейді. Сонымен қатар бөлімдегі тазалық пен тәртіпті сақтау, науқастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу де осы қызметтің ажырамас бөлігі.
Ақмаралдың айтуынша, бұл салада ең маңыздысы – адамға деген жанашырлық пен адалдық. Себебі науқас тек емге ғана емес, жылы сөз бен шынайы қамқорлыққа да мұқтаж. «Мейірбике» атауының өзі мейірімнен бастау алатыны бекер емес.
Жалпы, медицина саласында мейірбикелердің орны айрықша. Олар – дәрігер мен науқас арасындағы алтын көпір. Кез келген емнің нәтижелі болуы көбіне осы мамандардың ұқыптылығы мен жауапкершілігіне байланысты. Әсіресе індеттер мен төтенше жағдайлар кезінде олардың ең алдыңғы қатарда қызмет ететіні белгілі.
Мейірбике – бұл тек мамандық емес, бұл – өмірлік таңдау. Адам жанына араша түсіп, әрбір науқасқа үміт сыйлау – үлкен жүректің ісі. Осындай биік міндетті абыроймен атқарып жүрген Ақмарал сынды жандар – қоғамның шынайы жанашырлары.
Шын мәнінде, науқасқа ең алдымен дәріден бұрын мейірім қажет. Ал сол мейірімді жүрегімен жеткізе білетін мейірбике – медицина саласының ең бағалы байлығы.

Әсел РЗАЕВА
17 наурыз 2026 ж. 74 0