«Қыранның өрендері өнерге құштар
Кент орталығындағы талапкерлерге биылғы жылы есігін ашқан «Қыран» мектебінде қазіргі күні 170 бала жетінші сыныпқа дейін білім алуда. Наурыз мерекесіне бұл білім ошағы да үлкен дайындықпен келіпті. Ұстаздардың негізгі құрамы жоғары санатты бұл ұжымда танымал спортшы, әлемдік деңгейде жүлдегер атанып жүрген Жомарт Мамбетов пен Исламбек Нағызхановтың шәкірттері қазақша күрестен Астанада өткен сайыста жүлделі орын алып келгенін естіген едік. Бүгінгі мерекеде сол бағландар ұлттық спорт түрлерінен алаңда өз өнерлерін көрсетті.
Мұнан басқа жоғары деңгейде ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны жүргізген мектеп хореографы Әлеудин Толғанайдың мол ізденісті жұмыс жасағаны көрінді. Бірінен соң бірі қызықты өрілген қойылымдар мен спорттық ойындар жас бала түгілі үлкендердің өзін таң-тамаша қалдырып, көктемнің әдемі күнінде керемет көңіл-күй сыйлады.
Ата-әже рөлінде Асылбек Сайпиров, Фарида Маханова ойнаса, бағдарламаны қазақ тілі мұғалімі Береке Әбшенова жүргізді.
Шарада сөз алған мектеп құрылтайшылары Әмір Азнабаев, мектеп директоры Шолпан Мажитова тәрбие атаулының төресі – өнердің орны туралы тоқталып, жас ұландарды ұлттық рухта тәрбиелеудегі Наурыз мерекесінің қадір-қасиетіне тереңірек тоқталды.