Отбасы – ұлт болмысының сақшысы

Отбасы – парасат пен қайырымдылықтың, әдеп пен мәдениеттің тұрақты мектебі. Мұнда еңбекке баулу, үлкенді құрметтеу, кішіні сыйлау, елге қызмет ету сияқты ұғымдар жеке мысалдар мен күнделікті қарым-қатынас арқылы сіңіріледі. Бабалардан мирас болған салт-дәстүрдің жалғасуы, тіл мен ділдің сақталуы да қара шаңырақта басталады. Үйдің үлкендері айтатын өсиет, ананың әлдиі, әкенің ақылы – ұлттың рухани іргетасын бекітетін құндылықтар.
Уақыттың ағымы өзгерген сайын отбасы да түрлі сынақтарға тап болуда. Ақпараттық толқын, әлеуметтік желілер, миграция, тұрмыстық қиындықтар – барлығы отбасының ішкі атмосферасына әсер етпей қоймайды. Кейде тұрмыстық таршылық, жұмысбастылық, бір-біріне көңіл бөлуге уақыттың жетпеуі немесе жас жұбайлардың шыдамсыздығы отбасылық жанжалдарға себеп болып жатады. Бұл мәселелердің алдын алу үшін қоғамда отбасылық институтты нығайтуға бағытталған жүйелі шаралар қажет.
Мамандардың пікірінше, отбасының тұрақтылығы – тек экономикалық жағдайға емес, ең алдымен қарым-қатынас мәдениетіне байланысты. Ашық сөйлесу, түсіністік, бір-бірін тыңдай білу – отбасы берекесінің басты кепілі. Бүгінгі бала – ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан ата-ана баласына материалдық жағдайдан бұрын рухани байлық беруі тиіс. Мейірім көрген, ата-анасының бірлігі мен сыйластығына куә болған бала болашақта да сол үлгіні жалғастырады. Ата-ананың балаға бөлген әрбір минуты, айтқан жылы сөзі, көрсеткен құрметі – оның өмірлік капиталы. Ал немқұрайлы қарау, отбасындағы дау-жанжал – жасөспірімнің жүйкесі мен болашағына кері әсер етеді.
Мемлекет деңгейінде отбасы институтын қорғау бағытында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. «Жас отбасы», «Көпбалалы отбасыларды қолдау», психологиялық қызметтер ашу, медиация кабинеттерінің жұмысын күшейту – отбасылық құндылықты сақтау жолындағы бастамалар. Дегенмен, басты тірек – әрбір азаматтың өз шаңырағына деген жауапкершілігі. Қанша жаңа заң қабылданса да, қоғамдағы ең басты тәрбие – отбасының өзінде.
Отбасы – адам өміріндегі ең қасиетті ордалардың бірі. Оның жылуы адамды алға жетелейді, қиындықта дем береді, өмірге деген сенімін арттырады. Қоғамның берекесі де, мемлекеттің тұрақтылығы да осы қарапайым ұғымнан бастау алады. Сондықтан ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақты отбасылық жауапкершілікке тәрбиелеу, әр шаңырақтың тыныштығы мен бірлігін сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әрбір шаңырақ – Жаратушының адамға аманат етіп берген үлкен жауапкершілігі. Әке – отбасының қорғаны, ана – шаңырақтың шуағы, бала – сол екі қасиетті жанның көз қуанышы. Аманатқа қиянат жасау – үлкен күнә. Сол үшін әкенің отбасына әділетті басшылық жасауы, ананың ұрпақты имандылыққа баулуы – исламдағы ең үлкен сауапты істердің бірі.
Отбасы дұрыс елдің қоғамы да берекелі болады. Ата-анасы тату, баласы тәрбиелі отбасы – ұлттың ең үлкен байлығы. Қанша жерден жолдар салынып, ғимараттар бой көтерсе де, қоғамның рухани негізі шаңырақта қаланады. Егер әрбір үйде қайырымдылық, кешірім, адалдық орнаса – бүкіл елдің де бірлігі артады. Исламда «Жақсылықты өз үйіңнен баста» деген ұстаным бар. Яғни қоғамдағы тәртіп те, мәдениет те, рухани тазалық та ең әуелі біздің шаңырағымыздан басталады.
Ата-бабамыз «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Отбасын сақтап қалу, бірлікті күшейту, ұрпақ амандығын ойлау – әрбір мұсылманның міндеті әрі сауапты ісі. Қиындық туғанда бірден бас тартып, айырылысуды ойлау – жеңіл-желпі шешім.
Алла Тағала Құранда «Егер ер мен әйел татуласқысы келсе, Алла олардың арасына береке салады» дейді. Демек, ниет түзу болса, жолы табылады.
Отбасы – бізге берілген ең үлкен нығмет. Оның қадірін түсіну, берекесін арттыру, ұрпақты тәрбиелеу – әр мұсылманның борышы. Үйімізде иман, сабыр, мейірім, құрмет пен жауапкершілік үстемдік етсе, Алла Тағала сол шаңыраққа мол рухани ризық береді. Алла әрбір шаңыраққа татулық, тыныштық, имандылық нәсіп етсін!
Ұрпағымыздың болашағы жарқын, жанұямыздың берекесі баянды болғай!
Әбдіхалық қажы Наметов,
Жаңақорған аудандық орталық мешітінің бас имамы.




