АДАМ ДОСЫМЕН МЫҚТЫ

Мына жарық өмірде қайнаған тіршілік базарында тағдырың тоғысып, бірге туғандай болып кететін жандар болады. Әбутәліп мен үшін сондай аяулы достың бірі еді. Дос болған жандардың туысқаннан да артық асылға айналарына мен өзімнің осы Әбекеңе деген ыстық ықыласымды дәлел ете аламын. Екеуміз Қосүйеңкі ауылында бала кезден бірге өстік, бір мектепте қатар оқыдық. Мектеп бітірген соң ол да, мен де Алматыдағы зооветеринария институтына түсіп, студенттік жылдарды қатар өткіздік. Әбутәліптің бойында бала кезінен байқалатын бір жақсы қасиеті – ол өзіне тапсырылған іске үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Адамдармен тез тіл табысатын, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтейтін әдет-дағдысы оның отбасындағы тәрбиесінен қалыптасқан бөлекше болмысын айқындап тұратын. Ал қарапайымдылығы мен адамға деген кіршіксіз көңілі оны айналасындағыларға ерекше сыйлы етті.
Институтты бітіргеннен кейін ол туған ауылы– Қосүйеңкіге оралып, ферманың зоотехнигі болып еңбек жолын бастады. Өзінің жоғарғы оқу орнында алған теориялық білімін шаруашылықта нақты ісқимылмен ұштастырып, төрт-түліктің басын көбейтіп, ел байлығын еселеуге өз үлесін қосты. Кейін сол ферманың басқарушысы қызметіне көтеріліп, ұзақ жылдар бойы елдің берекелі тірлігіне араласты. Туған жерінде еңбек ету – оның өмірлік таңдауы еді. Қызмет бабында талай адаммен араласты, талай шаруаның басын қайырды. Фермадағы малдың жайкүйі, малшылардың еңбегі, шаруашылықтың күнделікті мәселелері – оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Әбутәліп Мамашұлының азаматтығын қызметімен ғана өлшеу аздық етеді. Оның адамдық болмысы, достыққа беріктігі, туған жерге деген сүйіспеншілігі де ерекше еді. Өмірдің әр кезеңінде тағдыр бізді әр жаққа жетелесе де, бала күннен басталған достықтың жібі үзілген жоқ. Арада қанша жыл өтсе де, тағдыр соқпағы кейін бізді екі жаққа бөліп әкетсе де бірге өткізген күндердің қымбат естелігі көңілде сақталып қалды. Адамның өмірі өлшеммен емес, артында қалдырған ізімен бағаланады. Әбутәліп Мамашұлы туған жерінде адал еңбек етті, маңайына сыйлы азамат болды. Оның ғұмыры ауыл өмірімен, мал шаруашылығымен, туған жерінің тыныстіршілігімен тығыз байланысты өтті. Жақсы адамның өзі өмірден өтсе де атқарған еңбегі, азаматтық болмысы ел есінде сақталып қалады екен. Оның бүкіл өмірінде имандылық жолын насихат етіп, елді ізгілікке бастаған бабалары Бақыр мағзұмның өнегесіне қылау түсірмей, қайта хал-қадірінше оны осы заманғы үрдіспен жалғастырып, көпке жүрек жылуын төге білген жан екендігін айтпай кетсем қиянат болар еді. Адамгершілік пен ар-ожданды асқақ тұтқан табиғаты өз алдына, аяулы тұлғаның ауыл шаруашылығының кәсіби маманы ретінде мемлекет байлығын көз қарашығындай сақтап, ел илігіне қосқан еселі үлесін айта кету орынды. Мал шаруашылығының науқандық жұмыстарын ұйымдастыруда айрықша қолтаңбасы кезінде орынды бағасын алды. Осы салада қатар қызмет атқарып жүріп оның ферма меңгерушісі ретінде мал қыстатуда, кеңшар малына қажетті жем-шөп дайындауда, оны жеткізіп беруде, төл алу науқаны, көктемгі, күзгі қырқым, қойды ұрықтандыру сынды ұшы-қиыры жоқ жұмыстарда жантәнімен еңбектеніп, ортақ мүддеге деген адал пейілімен айналасындағыларға өнеге бола білген жан болғанына талай куә болдым. Кеңес шаруашылығы тарқаған соң да ол көптің мүддесінен бөлек кеткен жоқ. Өзі тұратын Қосүйеңкі ауылының халқының мұң-мұқтажын жоғары жаққа жеткізетін алтын көпір – халық қалаулысы міндетін де мінсіз атқарды. Күні кешеге дейін елдің алдында сөз алып, ел ағасы атанып, ауылдағы ағайынның арқа тұтар сүйеніші болып келген абырой-беделінен оған деген айнала жұртшылықтың қапысыз ынтасын танығандай боламын. Өйткені, ойы таза, бойы таза, парасаттылықты биік тұтқан азаматқа көптің де қошеметі бөлек келеді екен. Құрметті ешкім сатып алмайды. Ол жылдар бедерінде қасықтап жинаған бедел мен абыройдың жемісі болса керек. Жасы жетпіске де толып болмай, ортамыздан өтіп кете барған асыл досым Әбекеңнің қадір-қасиеті соңында қалғандарға сонысымен қымбат.
Ерғали ҚАЙЫРБЕКОВ




