№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Білімге құштарлық ұстазға құрметтен басталады

Білімге құштарлық ұстазға құрметтен басталады


Құттықожа ауылының халқы жарты ғасырдан астам бұрын ауыл мектебіне мұғалім болып келіп, жас талаптың көкірегіне білімнің жарық нұрын жақ­қан аяулы ұстаздары – Сайыпжамал Әшімқызын еске алуға арналған ұла­ғатты шараның куәсі болды.

Бар ғұмырын елдің баласының етекте қалмай, еңсесін биік түзеуіне арнап келген үлкен жүректі тұлғаны көпшілік шараларда көріп қалушы едік, қарапайымдылығы мен қоса қаталдығы, тәкаппар талапшылдығы, бірақ сонымен қатар тұла бойынан кіршіксіз тазалығы аңғарылып тұратын кісілік болмысы біздің де есімізде сақтаулы.
Сайыпжамал Әшімқызы 1937 жылы 15 қыркүйекте Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 1953 жылы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, физика және математика пәнінің мұғалімі мамандығын бітірген. Еңбек жолын 1957 жылы Құттықожа ауылындағы №164 орта мектебінде математика пәні мұғалімі болып бастады. 1961-1967 жылға дейін осы мектепке басшылық еткен. 1967-1981 жылдары оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, 1981 жылдан зейнетке шыққанға дейін осы мектептің директоры қызметін атқарған.
Еңбегі бағаланып, бірнеше рет са­ланың Құрмет грамоталарын, «Ең­бек ардагері» медалін, «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі» төсбелгісін иеленген.
Бүгінгі кеште Сайыпжамал Әшімқы­зының алдымен мықты математик ретін­де есепке жүйрік шәкірттер тәрбиелеп, мектеп атын алысқа шығарған еңбегі ерекше айтылды. Бұл туралы ыстық ықыласты лебізін жеткізген өзінің шә­кірті, ізбасары, мектеп директорының міндетін атқарушы Әділ Әбужүсіп арнайы тоқталып, атаулы күні ұстаз құрметі­не математика пәнінен мектепіші­лік байқау ұйымдастырылғанын тілге ти­ек етті. Математика пәні бойын­ша ұйымдастырылған сынаққа қатысқан 5-9 сынып оқушыларының ішінен топ жарған шәкірттер осы күні көп ал­дында марапатталып, оларға ұстаздың перзенттері атынан ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Осынау білімге ынтық талапткерлерді шыңдаған ұстаздары Орынкүл Дулатова мен Гүлжаухар Исаева да ұмыт қалмай, лайықты сый-құрметке ие болды.
Ұстаз-ана ері Ізбасар екеуі 4 перзентті дүниеге әкелді. Қыздары Рзуан, Маржан, Балжан үшеуі де анасының жолымен ұстаздықты таңдаса, ұлы Орынбасар музыка маманы. Өкініштісі, Рзуан мен Балжанға бұл күнді көру жазбады. Екеуі де мезгілсіз жарық дүниені тәрк етті.
Тіршілігінде тәрбиелі отбасынан алған тағылымын ақтап, екеуі де ағарту саласында лайықты орындарын алып үлгерді. Рзуан Қорқыт атындағы университетте аға оқытушы болса, Балжанның аудандық оқушылар үйін басқарған кездегі қоғамдық өмірге қолтаңбасы көптің есінде қалды.
Сайыпжамал Әшімқызын еске алу кешінде ауыл халқының ұстаздың өзіне ғана емес, оның отбасына деген қалтқысыз пейілдері аңғарылып тұрды. Көп алдына шығып сөз алған көзкөрген жандардың ықыласты жүрек сөзі бізге осыны ұқтырды.
– Бізге Жайпанов Жүндібай және Бегайдар ағай, Сайыпжамал апай үшеуі математикадан сабақ берді. Үшеуі де ауданда математикадан аты озық мұғалімдер болуы ауыл балаларының маңдайын ашты деуге болады. Ауыл мектебі түлектері арасында білімімен тас жарып, ел экономикасы мен элеуеті­нің қарыштап дамуына лайықты үлесін қосып келе жатқан тұлғалар қатарының көптігі осының дәлелі. Бүгінгі мектепіші­лік математика пәні олимпиадасында озық шыққан Қожанбек Айғаным, Қал­дар Камила, Камила Мейрамбекқызы болашағынан көп үміт күттіреді, – деді Маржан Синаева.
Еске алу кешінде сөз алған ардагер-ұстаз Махан Қошқаровтың сөзі көптің көңілін елжіретті.
– Мен 1957 жылы Сайыпжамал Әшім­қызы біздің мектепке мұғалім болып келгендегі алғашқы шәкіртінің бірімін. Оспанова Күләш апай екеуі еңбек жолын бірге бастады. Ол кезде оқушы атаулы мұғалімді тік тұрып қарсы алып, алдынан кесе өтпейтінбіз. Төбесі көрінгеннен тастай қатып, артық-ауыс қимыл жасауды әдепсіздіктің көкесі деп түсіндік. Ауылда мұғалімнен артық, мқғалімнен ардақты адам бар деп білмеппіз.
Сайыпжамал апай бір жылдан соң ауыл азаматы Ізбасар Синаевпен бас қосты. Ізбасар ағай бізге музыкадан дәріс берді. Күндіз сабақ берсе, кешке ауыл клубында түрлі мәдени шараларды ұйымдасты­рып жастардың қоғам өмірімен етене араласуына жол ашты.
Ізбасар ағайымыздың өмірден ерте озуы төрт баланы өсіріп-жетілдіру тау­қыметін асыл жардың нәзік иығына артып, енді апайға мектеп басшылығы бір бөлек, отбасында да ер адамның орнын басатын апайтөс қайрат, қажырлы мінезді серік етуге тура келді.
Балаларының барлығына тастай талап қойып, тәртібін көзден таса етпеді. Барлығын оқытты. Жаны асыл ұстаз өз баласына берген тәрбиесін халықтың баласына екі есе беруге құмбыл. Ал, біз, білімгерлер, жақсы баға алсақ соны мақтан тұттық, – деді ол. Одан әрі ел ағалары Сәулебек Қалыбаев, Мұзаффар Тойымбетовтер сөз алып, ықыласты лебіздерімен бөлісті.
Еске алу кешінде Ізбасар мен Сай­ыпжамал апайдың перзенті, Синаева Маржан сөз алып, әсіресе осы кештің ұйымдас­тырылуына мұрындық болған аудан білім қызметкерлері арда­гер­лер кеңесінің төрағасы Аллаберген Ахметовке арнайы алғысын жеткіз­ді. Анасына құрмет көрсетіп жатқан көпшілікке рахметін айтты.

Баян ҮСЕЙІНОВА
29 қазан 2024 ж. 326 0